Аймақтар • 05 Ақпан, 2020

Стратегиялық сессия – өңірді басқарудың тың тәсілі

379 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбеде өңірлер арасында тұңғыш рет трансформация жобасы қолға алынып отыр. Яғни, мұның өзі бұған дейін қолданылып келген басқару тәсілдері мен жолдарына тың өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетеді. Осыған орай алдағы уақытта Ақтөбе аймағында білім беру, медицина, экология, жол және тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ инвес­тиция тарту секілді бүгінгі күннің өзекті салаларының қызметін ұйымдастыру ісі трансформацияға, яғни белгілі бір өзгерістерге ұшырамақ.

Стратегиялық сессия – өңірді басқарудың тың тәсілі

Бұған бастамашы болғандар – «CSI» стратегиялық орталығы мен «Ақтөбе» әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациясы». Атал­ған қос құрылым трансформация тәсілін енгізу үшін ең алдымен стратегиялық сессия өткізу­ді ұйғарыпты. Бұл тіркес те тұңғыш рет айты­лып отырғандықтан анықтама бере кеткеннің артықшылығы бола қоймас. «CSI» компаниясының серіктесі Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, стратегиялық сессия ұғымы бір мақсатқа жұмылған жан­дар­дың өзара үндестігі мен сенімі, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» жолындағы бірлескен іс-қимылы. Айталық, бүгінде әкімшілік ғимараттарында өткізілетін әртүрлі жиындар көп. Онда күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселе айтылғанымен,  тұр­мыс­тың көптеген проблемасы және шешу­дің жолдары қағаберісте қалып қоя беретіні жасырын емес. Белгілі бір тақырыптық мәселеге арналған жиын үстінде мәселе аяқсыз қалды деудің де қисыны жоқ. Сарапшылардың мәлімдеуінше, өзара сенім мен ауызбіршілік жағдайында, мінбер үстінде емес, керісінше шай үстінде проблемалар тізбегі көбірек көрініс береді екен. Міне, стратегиялық сес­сия­ның бас­ты бір ерекшелігі осында көрінеді.

Ақтөбеде алғаш рет өткен стратегиялық сессия кезінде ресми жиналыстарда айтыла бермейтін проблемалар анықталды. Алғашқы тәжірибе ортақ мәселелер мен тап­сыр­ма­лар­­ды бірлесіп шешуге мүмкіндік берді. Стратегиялық сессия барысында байқалған оң ахуал осындай түйін жасауға алғышарт қалайды. Осы орайда рес­публика көлемінде тұңғыш рет өткізілген жылы шырайлы басқосуға қатысушылар – мемлекеттік мекеме өкіл­дері, кәсіпкерлер мен дәрігерлер және ұстаз­дар мен қоғам белсенділері. Олардың жалпы саны жүзден асып жығылады.

Осылайша жаңашылдық пен жасам­паз­дықты ту еткендер тоғыз топқа топтасып, облыстың осал әрі олқы соғып жүрген тұс­тарына көбірек ой жүгіртті. Әрі оны қызу тал­қыға салып, оң тұрғыда шешудің жол­дарын табуға тырысты. Айрықша сессияға қаты­су­шылардың арасында Ақтөбе облысы­ның әкімі Оңдасын Оразалин де болып, көтерілген проблемаларға қатысты өз ой-пікірін жеткізді.

– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме халқымыз, өңірімізде трансформацияны қолдауға әзір, әрі өрелі өзгерістерге ниеттес, тілектес азаматтардың мол екендігі ортақ мақсаттар мен жетістіктерге қол жет­кізу­ге берік негіз қалай алады. Менің ойым­ша, бү­гін­гі кө­терілген мәселелер көктен түсе қал­ған шетін жайттар емес. Бәрі де орын­дау­ға әбден бола­тын қарапайым проблемалар. Бәріміздің мақ­са­тымыз – біреу. Бұл облыс тұр­ғындарының са­палы өмір сүруін қамта­ма­сыз ету.

«Өмір болған соң оның толғағы жеткен мәселелері мен проблемалары болмай тұрмайды. Мәселе соны шешудің баламалы жолдарын іздестіруде емес пе? Бұл ретте әр саланың өз көшбасшысын таба білудің де орны ерекше. Трансформация жобасының басты бір тармағы осы мәселеден бастау алады», деді «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Ермек Имантаев.

Оның айтуынша, облыста трансформация жобасы аяқталған соң «Ақтөбе НUB» өңірлік орталығы құрылмақ. Оның басты міндеті – Ақтөбе облысын заманауи биік талаптарға бе­йімдеу болмақ. Өңір басшысының тапсырма­сы­на сәйкес талдаулар, маркетингтік зерттеулер мен сараптамалар жүргізу көзделген. Жауап­ты іс жоғарыда аталған құрылымдарға тап­сы­рыл­ған. Осы арада «Ақтөбе» ӘКК серіктесі «CSI» стратегиялық бастамалар орта­лы­­ғы тәжірибесі бай, кәсіби деңгейі жоға­ры, білікті маман­дары мен сарапшылары мол, елдің тыныс-тіршілігін зерделей білетін ірі ұлттық консал­тингтік компания екені белгілі. Олар өңір­дің басты ерекшеліктері мен экономикасын терең әрі жан-жақты зерттеуге қызы­ғу­шы­лық танытып отыр.

Міне, осылайша Ақтөбе аймағында өңірді басқарудың өміршең тәсілдеріне арқа сүйейтін трансформация жобасының қадасы қағылды. Бұл бағыт аймақтың ажарлана түсуіне септігін тигі­зе ала ма, оған уақыттың өзі төреші бол­мақ.

 

АҚТӨБЕ