Бұған бастамашы болғандар – «CSI» стратегиялық орталығы мен «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы». Аталған қос құрылым трансформация тәсілін енгізу үшін ең алдымен стратегиялық сессия өткізуді ұйғарыпты. Бұл тіркес те тұңғыш рет айтылып отырғандықтан анықтама бере кеткеннің артықшылығы бола қоймас. «CSI» компаниясының серіктесі Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, стратегиялық сессия ұғымы бір мақсатқа жұмылған жандардың өзара үндестігі мен сенімі, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» жолындағы бірлескен іс-қимылы. Айталық, бүгінде әкімшілік ғимараттарында өткізілетін әртүрлі жиындар көп. Онда күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселе айтылғанымен, тұрмыстың көптеген проблемасы және шешудің жолдары қағаберісте қалып қоя беретіні жасырын емес. Белгілі бір тақырыптық мәселеге арналған жиын үстінде мәселе аяқсыз қалды деудің де қисыны жоқ. Сарапшылардың мәлімдеуінше, өзара сенім мен ауызбіршілік жағдайында, мінбер үстінде емес, керісінше шай үстінде проблемалар тізбегі көбірек көрініс береді екен. Міне, стратегиялық сессияның басты бір ерекшелігі осында көрінеді.
Ақтөбеде алғаш рет өткен стратегиялық сессия кезінде ресми жиналыстарда айтыла бермейтін проблемалар анықталды. Алғашқы тәжірибе ортақ мәселелер мен тапсырмаларды бірлесіп шешуге мүмкіндік берді. Стратегиялық сессия барысында байқалған оң ахуал осындай түйін жасауға алғышарт қалайды. Осы орайда республика көлемінде тұңғыш рет өткізілген жылы шырайлы басқосуға қатысушылар – мемлекеттік мекеме өкілдері, кәсіпкерлер мен дәрігерлер және ұстаздар мен қоғам белсенділері. Олардың жалпы саны жүзден асып жығылады.
Осылайша жаңашылдық пен жасампаздықты ту еткендер тоғыз топқа топтасып, облыстың осал әрі олқы соғып жүрген тұстарына көбірек ой жүгіртті. Әрі оны қызу талқыға салып, оң тұрғыда шешудің жолдарын табуға тырысты. Айрықша сессияға қатысушылардың арасында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин де болып, көтерілген проблемаларға қатысты өз ой-пікірін жеткізді.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме халқымыз, өңірімізде трансформацияны қолдауға әзір, әрі өрелі өзгерістерге ниеттес, тілектес азаматтардың мол екендігі ортақ мақсаттар мен жетістіктерге қол жеткізуге берік негіз қалай алады. Менің ойымша, бүгінгі көтерілген мәселелер көктен түсе қалған шетін жайттар емес. Бәрі де орындауға әбден болатын қарапайым проблемалар. Бәріміздің мақсатымыз – біреу. Бұл облыс тұрғындарының сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету.
«Өмір болған соң оның толғағы жеткен мәселелері мен проблемалары болмай тұрмайды. Мәселе соны шешудің баламалы жолдарын іздестіруде емес пе? Бұл ретте әр саланың өз көшбасшысын таба білудің де орны ерекше. Трансформация жобасының басты бір тармағы осы мәселеден бастау алады», деді «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Ермек Имантаев.
Оның айтуынша, облыста трансформация жобасы аяқталған соң «Ақтөбе НUB» өңірлік орталығы құрылмақ. Оның басты міндеті – Ақтөбе облысын заманауи биік талаптарға бейімдеу болмақ. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес талдаулар, маркетингтік зерттеулер мен сараптамалар жүргізу көзделген. Жауапты іс жоғарыда аталған құрылымдарға тапсырылған. Осы арада «Ақтөбе» ӘКК серіктесі «CSI» стратегиялық бастамалар орталығы тәжірибесі бай, кәсіби деңгейі жоғары, білікті мамандары мен сарапшылары мол, елдің тыныс-тіршілігін зерделей білетін ірі ұлттық консалтингтік компания екені белгілі. Олар өңірдің басты ерекшеліктері мен экономикасын терең әрі жан-жақты зерттеуге қызығушылық танытып отыр.
Міне, осылайша Ақтөбе аймағында өңірді басқарудың өміршең тәсілдеріне арқа сүйейтін трансформация жобасының қадасы қағылды. Бұл бағыт аймақтың ажарлана түсуіне септігін тигізе ала ма, оған уақыттың өзі төреші болмақ.
АҚТӨБЕ