Аймақтар • 05 Ақпан, 2020

Облыс әкімі лентасын қиған орталық әлі күнге жұмысын бастаған жоқ

354 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен жылы желтоқсан айында облыстық жаңа онко­ло­гия­лық орталық ашылды. Облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасының мәліметінше, құрылыс жұ­мыс­тарына рес­публикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінген. Ме­ди­ци­на­лық құрал-жабдықтарды сатып алуға облыстық бюджет­тен 2,8 млрд теңге, заманауи же­лі­лік үдеткішті сатып алып, ор­на­туға республикалық бюджеттен қосымша 1,8 млрд теңге қар­жы аударылған көрінеді. Жалпы қаржы көлемі 11,8 млрд теңгеге тең деуге болар.

Облыс әкімі лентасын қиған орталық әлі күнге жұмысын бастаған жоқ

Бірақ Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов лентасын қиған жаңа онкологиялық орталық әлі күнге дейін жұмысын бастамаған. Жаңа кешенді іске қосу арқылы «Онкологиялық ауруларды емдеудің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын» орындау бойынша Жол картасының іс-шаралары іске асырылмақ делінді. Онко­ор­та­лық мамандарының ай­туынша, орта­лық медициналық қызмет көр­сетуіне рұқсат беретін лицензияны күтуде. Қазір ескі ауру­ханадан жаңа орталыққа көшу, орналасу жұмыстары жос­пар­­лануда. Диагностикалық ме­дициналық шетелдік құ­рыл­ғы­лар арнайы мамандар құрас­ты­рып, тексеріп, жинақтап орна­лас­тырған соң іске қосылуы керек. Сонымен бірге кешенді орталықта емдеу бөлімшелері опера­­циялық-реанимациялық блок, радиологиялық, патоло­го­ан­атомиялық бө­лім­дер бар. Жеке тұрған 4 корпус, меди­ци­налық қал­дықтар үшін және оттегі стан­са­­сы орналасқан.

Басқарма жаңа онкоо­р­та­лық­тың ашылуы өңір тұр­ғын­да­рына жоға­ры тех­но­ло­гиялық емдеу-диаг­нос­ти­калық әдіс­те­­мелер­ді пайдалана отырып, қазір­­гі заман­ғы деңгейде маман­дан­­ды­рылған онко­ло­гия­лық көмекті көрсетуге мүмкіндік бере­­тінін хабарлады. Яғни, енді жаңа орталық дәрігерлері онко­­логиялық ауруларды ерте кезеңде анықтай алады, бұл өңірде қатерлі ісіктен болатын нау­қастар санын азайтады.

– Тұрғындар енді Кореяға да, Израильге, Германияға бармай-ақ, өз өңірімізде де емделе алатынына сенеміз. Жаңа технологиялар сәулелі терапияның нәтижесін үш күн ішінде алуға мүмкіндік береді. С-доғасы бар рентген құрылғы, кіші инва­зив­ті операциялар жүргізуге қажетті ра­дио­­жиілікті абляция аппараты мен эндо­видеохирургиялық құрал-жабдықтар орна­тылуда, – дейді сәулелі диагностика тера­пия­сының дәрігері Мәдина Ибраймова.

Былтыр өңірімізге жұмыс сапары­мен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Бұл онкологиялық диспансер тек жаңа ғимарат емес, жаңа технол­­о­гиялардың шоғыры» деп атап өткен-ді.

– Мысалы, томограф ісіктің нақты кө­ле­­мін анықтайды, ал желі­лік үдеткіш сол ісіктің нақ өзін ғана сәулелендіреді. Ісік­­тің айналасындағы сау жасу­­ша­ларға зиян келмейді. Бір­не­ше күнде оң нәтижесін бай­­қауға болады. Елімізде дәл осын­­дай төрт құрылғы бар. Зама­на­уи медициналық қызметті Пав­ло­дар­дағы онкологиялық диспансерде де алуға болады, – деген ми­ни­стр.

Министр Елжан Біртанов айтқан компьютерлі томограф ағзаның бірнеше қа­ба­тынан өтіп, өте төмен сәулемен ай­қын көре алады. Рентген құрыл­ғы, ота жү­р­гізуге қажетті радио­жиі­лікті абляция аппа­раты мен эндовидеохирургиялық құрал-жабдықтарға толы, «жаңа техно­ло­гия­лардың шоғырын» нау­қастар емделу үшін іске қо­сыл­ға­нын асыға күтуде.

Айтпақшы, «Жаңа техно­ло­гия­лардың шоғыры» демекші, бұл жерде тағы да бір күдік бар. Жуырда ғана Nur Otan пар­тиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиында облыстық проку­ра­тура 3-басқармасының бас­­тығы Асхат Көкімбаевтың айтуынша, облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасы «Джахаев» ЖК фирмасынан мемлекеттік сатып алу арқылы Toshiba маркалы жүрек-қан жүйесін тексе­ретін компьютерлік томог­раф сатып алған. Бірақ жарты жылдан соң құрылғы істен шыққан. Себеп, құрылғы 1980 жылы жасалған көрінеді. Басқарма бас­шы­сының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, қазір бұл мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қаласында сот жүріп ж­а­­тыр. Бұл іске тіпті бір емес, бірнеше басқарманың да қатысы бар болып шыққан. Өңір­­де мемлекет-жекеменшік әріп­­тестігі жөнінде жобалар бас­­талғанда, алғашқы болып «Джахаев» ЖК ұйымынан ком­пь­ю­терлік томограф сатып алын­ған.

Жиында 2018-2019 жылдары ден­сау­лық сақтау саласындағы сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы әрекет жайы талқы­лан­ды. Облыс бойынша тексеру комиссиясы Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана, №1 қалалық ауруха­на, облыстық Туберкулезге қарсы диспансерде аудит есебін жүр­гізген. Нәтижесінде, 176,5 мил­лион теңге қаржылық заң бұзу­шы­лықтар анықталған.

Ал облыс орталығындағы Кардио­логиялық орталықта бір реттік медици­на­лық құралдар қоймасы сақталған деген мәсе­ле­ден соң республикалық комис­сия, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңір­лік күрес басқармасы да тек­серу жүр­гі­зу­де. Яғни, нау­қас­­тардың жүрегіне ота жасау кезінде зарарсыздандырылған меди­­циналық аспаптар қолда­ныл­ғаны жұрт­шы­лық арасына тарап кетті. Осы жайды анық­­тау үшін Денсаулық сақтау министрі­­­нің орынбасары Ләззат Ақтаева да арна­йы келді.

Облыс орталығындағы балалар ауруханасында УДЗ құрылғы дұрыс анықтай алмайды деп, жаңадан ашылған «Променад» медициналық орталығына тұр­ғындарды кішкентай сәби­ле­рі­мен жіберетін мысалдар да кездесуде. Жас отбасылар 3 мың теңге төлеп, осы жерден УДЗ құ­рыл­ғы­сы­нан өтеді.

Біз шетелдік медициналық құрал-жаб­дық­тарды үйіп-төгіп сатып алға­ны­мыз­бен, іс жү­зін­де құрал-жаб­дық­тар, құ­рыл­ғы­лардың қызмет ету се­нім­ді­лігі қандай, «сырты бүтін, іші түтін» ескі технологиялар болып жүрмесіне кім кепіл? Ше­тел­дік құрылғылармен жұмыс істейтін арнайы мамандар, құ­рыл­ғы­ла­рын жөндеп, ауыс­тырып тұ­ра­тын инженер мамандар болса, УДЗ дұрыс анықтай алмайды деген мәселе де болмаушы еді. Өңірдегі шағын қалаларға, аудан орталықтарындағы ауру­ха­наларға берілген шетелдік меди­циналық құрал-жабдықтар, құрыл­ғылардың қандай күйде екенін де кім тексеріп жатыр?

Енді қайта тақырыпқа орал­сақ, облыс­тық онкологиялық ор­та­лықтың директоры Мұрат Сүлейменовтің айтуынша, өңі­рі­міз қатерлі ісік көрсеткіші бо­йын­­ша елімізде 3-орын алады. Жыл сайын облыстық онко­дис­пансердің бірінші реттік есебіне 2300 тұрғын тіркелсе, ауру­ха­на­ның жалпы есе­бін­­де қазір 11 мың адам бар.

Әрине, ауасы өндіріс орын­да­рының тү­ті­німен ластанатын өңірде қатерлі ісік көр­сеткіші жоғары. Бұл жағдайды жер­гілікті онко­логтер ауруды ерте бас­тан анықтау көрсеткішінің көбе­юінен анық­та­ған. Жаңадан ашыл­­ған орталықта енді жылына 1,5 мың­нан астам ота жасалмақ.

Сондай-ақ жаңа онкологиялық орта­лық көп­бейінді ауруханалар қатарына енді. Еліміздің 2025 жылға дейін Стратегиялық даму жоспарында көпбейінді ауруханаларды ашу қарастырылғаны белгілі. Жаңа орталық құрамында емхана, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана, офтальмологиялық бөлім, Диагностикалық орталық қызмет көрсетеді.

– Орталықта 400-дей адам жұмыс істейді. Тәуліктік стационарда науқастар келіп ем қабылдап, үйлеріне қайтады. Бұрын ота жасағаннан кейін науқас 12 күн ауру­ханада қалса, енді 3-5 күн ғана болады. Онкологиялық дертке шалдықты деген күдікпен тексерілу аз қамтамасыз етіл­ген, көп балалы отбасыларға, мүге­дек­терге, кейбір зейнеткерлерге тегін. Тұрғындарға мамандандырылған онко­ло­гиялық көмектің көлемін кеңейтіп, сапа­сын арттыру, науқастарды оңалту үшін онкоорталықта стационарлық бө­лім­­шелерді, жеке операциялық-реани­ма­циялық блок, емхана бөлімшесін, радиологиялық бөлімшенің жеке 4 корпус­ын ашу жоспарлануда, – дейді Мұрат Сүлейменов.

Бірақ стационарлық бөлімшелер, жеке операциялық-реанимациялық блок, емхана, радиологиялық бөлімшелері, жеке 4 корпусы науқастар қабылдауға, қызмет етуге әлі дайын емес сияқты.

Жоғарыда жазғанымыздай, өңірде 12 мыңға жуық онкология ауруына шал­дық­қан адам бар. Бас дәрігердің айтуынша, аурулардың ішінде бірінші орында сүт безінің қатерлі ісігі тұр. Сондай-ақ тері, өкпе, асқазан қатерлі ісігіне шалдыққандар да жиі кездесуде.

Тіпті қауіпті дертті ерте кезден анық­тап, дер кезінде тиісті көмек көрсету үшін келесі жылдан бастап өңірдегі кә­сіп­орын­дар­да жұмыс істейтін, жасы 35-тен асқан адамдарды скринингтен өткізу мәсе­ле­сі де қарастырылуда.

Облыс орталығындағы «Онкологиялық диспансердің құрылысы» инвестициялық жобасын іске асыру арқылы өңір тұрғын­дар­ының жоғары технологиялық емдеу-диаг­ностикалық әдістемелерді пайдалана отырып, қазіргі заманғы деңгейде маман­дан­дырылған онкологиялық көмек алулары қажет.

Сондықтан жылына мыңнан аса ота жасау үшін орталыққа компьютерлік томограф, магнитті резонансты томограф, бейне-лапроскопиялық сияқты жаңа заманауи қондырғылар орнатылды. Қа­терлі ісік ауруларын емдеудің озық үл­гі­лері қолданысқа енгізілуде. Енді бұл аурумен ауыратын адамдардың өмір сүру ұзақ­ты­ғын арттыруға мүмкіндік те бар.

Бәрі дұрыс, жақсы делік. Бірақ 11 млрд теңгенің қалай игерілгені жайлы да Үкі­мет­тен сұрау болатыны анық.

Қазір онкологиялық орталықтың шынайы түрде ашылуын өңір тұрғындары, науқастар күтуде. Уақтылы ашылып, қыз­мет көрсетпеуіне басқа да себептері бар болар. Екіншіден, шетелдік құрылғылар нау­қастар күткен деңгейде пайдалануға жарамай, тұрғындар сенімінен шыға алмай қала ма деген күдік те жоқ емес.

Жалпы, қыруар қаражат бөлінген алып орталықтың жұмысы қарапайым жұрттың денсаулығын сақтауға, отбасына оралатын қуа­ныш игілігіне жұмсалғаны қажет-ақ.

 

Павлодар облысы