Үкімет • 05 Ақпан, 2020

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру – басты міндет

899 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды. Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Азық-түлік бағасын  тұрақтандыру – басты міндет

 Импортқа тәуелді азық-түліктер анықталды

Алдымен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндады. Министр атап өткендей, ағымдағы жылдың қаңтар айында маусымдық бағаның 0,3%-ға өскені анықталды.

– Біріншіден, жергілікті атқа­рушы органдар мен бақылаушы орган­дардың аумақтық бөлімшелері қолданыстағы тетіктерді тиімді пайдалануы қажет, – деді Б.Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, тұрақ­тан­дыру қорларының шоттары мен депозиттерінде тауарларды сатып алу үшін бюджеттен бұған дейін бөлінген 3 млрд теңге қаражат бос жатыр. Азық-түлік бағасы өскен жағдайда тұрақтандыратын бірқатар жедел және жүйелі шаралар қабылдау үшін барлық құралдар мен мүмкіндіктер қарастырылған. Десе де тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану түбегейлі өзгерістерді талап етеді. Б.Сұлтанов баяндағандай, өт­кен жылы Шымкент қаласында және Маңғыстау облысында тауар интервенциясы мүлде жүзеге асырылмаған.

– Мемлекет басшысы тұ­рақ­тан­дыру қорларының тиімділігі төмен екенін атап өтті. Өңірлік тұрақ­тан­дыру қорларында әлеуметтік маңызы бар өнімдердің табиғи резервтерін құру нәтиже бермегендіктен, балама құралдарға көшуді қамтамасыз етуді жүктеді. Осындай балама құ­рал­дардың бірі – жеңілдетілген қаржы­лан­дыру арқылы сауда желі­лерін ын­та­ландыру. Біз оны «айналым схе­масы» деп атадық. Өңірлерді осы жүйеге қатысуға шақырдық. Алай­да бұл құралды Нұр-Сұлтан және Ал­маты қалаларынан басқа ешбір өңір қолданбай отыр, – деді министр.

Баға мониторингі және электронды сауданы дамытуға халықты тарту қажет екені де айтылды. Бұл бағытта бір­қатар жұмыс атқарылуда. Мы­са­лы, Қарағанды қаласында бағаға мо­ниторинг жасайтын PRICE SCAN­NER мобильді қосымшасы іске қосыл­ды. Бағалар туралы барлық дерек­тер азаматтардан алынған ақпа­ратқа негізделген.

Министр мұнан бөлек электрон­ды сауда алаңдарын іске қосу бо­йынша жұмыстар жүргізіліп жат­қанын мәлімдеді.

– Мәселен, бүгінде Оңай Базар және Happy food Astana сияқты желі­лер ашылды. Олар өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізу тізбегін оңтайландыруға және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін артты­руға мүмкіндік береді. Мысалы, дү­кендерде картоптың бөлшек бағасы 100-150 теңге болса, электронды алаң­дар­дағы баға шамамен 75 теңгені құрайды, – деді Б.Сұлтанов.

Сонымен қатар Сауда және интеграция министрі хабарлағандай, елімізде тиімді тауар өткізу жүйесі құрылады.

– Тауарларды сақтау мен тұты­ну­шыларға жеткізудің заманауи ин­фрақұрылымын құру қажет. Мыса­лы, көкөністер Көкшетау қаласын­дағы базарға жеткізілгенше, яғни өнді­рушіден тұтынушыға дейінгі жолда 3 есе қымбаттайды. Делдалдар да, бөл­шек сатушылар да 87 пайызға дейін жоғары үстеме баға қояды. Ал сақтау мен технологиялық шығындарды ескер­генде, баға тағы 52 пайызға өседі, – деді ол. Министрдің айтуын­ша, тауарларды сақтау мен тұтыну­шы­ларға жеткізудің заманауи инфра­құ­рылымын құру тиімсіз делдалдар желісінен арылтады және қосылған құнның барлық тізбегі бойынша мар­жиналдықтың ашық деңгейін белгі­леуге мүмкіндік береді. Тиімсіз делдалдарды болдырмайтын отандық тауар өндірушілер үшін өнімді тікелей өткізу арнасы пайда болады. Өнімді сақтау және тиімді бөлу үшін қажетті жағдайлар жасалады.

– Министрлік мемлекеттік органдармен және даму институттарымен бірлесіп Қазақстанда тиімді тауар өткізу жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізуде. Биылғы 15 қаңтарда Пре­мьер-Министр жанынан жаңа жобалық кеңсе құрылды. Ол апта сайын мүдделі мемлекеттік органдар мен Азия Даму банкінің қатысуымен отырыстар өткізуді бастады. Бұл банктің басқа елдерде тауар өткізу жүйесін құру тәжірибесі мол. Қазір банк Өзбекстан мен Қырғызстандағы тиісті жобаларды іске асыруда, – деді Б.Сұлтанов.

Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр Асқар Мамин өткен жылдың қараша айында ба­ғаны тұрақтандыру барысын­дағы олқылықтар үшін өңір әкімде­рі­нің бірқатар орынбасарлары жауап­кершілікке тартылғанын еске салды.

– Қабылданған шаралардың қорытындысында желтоқсан айында әкімдіктер бағаны ұстап тұру бо­йынша оң өзгерістерге қол жеткізді. Мәселен, өткен жылдың қараша айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның жиынтық өсімі 1,1%-ды құраса, желтоқсанда бар болғаны 0,1%-ды құрады. Бұл өңірлерде осы бағытта жұмыс істеу үшін қажетті құралдар бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар қаңтар айының қорытындысы бойынша біз тағы да әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының 0,3%-ға өскенін көріп отырмыз, – деді Үкімет басшысы.

 Кеңжолақты интернетке 880 ауыл қосылады

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасап,  «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының 5 бағы­тына тоқталды. Оның айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтиже­сінде 2025 жылдан бастап ІЖӨ 30%-ға дейін өсім береді. 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Цифрлы экожүйеге 67 млрд теңге сомасында инвестиция тартылады. Халықтың 97%-ы кеңжолақты интернетпен қамтылады.

– Бұл жоспарлар әлемдік бенчмарк негізінде жасалған. Мысалы, Еуро­одақта цифрлы экономика 40% өсім беруде. Ал өндірістік шығын­дар 5-8%-ға қысқаруда. Барлық мемле­кеттік органдармен біз осы жоспар­ларға қол жеткізуіміз қажет, – деді А.Жұмағалиев.   

Қазіргі таңда 117 қала мен 250-ден астам халқы бар 3324 ауыл кеңжо­лақ­ты интернетпен қамтылған. Өткен 2 жыл ішінде 481 ауыл интер­нетке қосылыпты, биыл тағы 880 ауыл қосылады деген жос­пар бар.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы қабылдаған «Мемлекеттік қызметтер туралы» заң негізінде, сонымен қатар ақпараттық жүйелерді интеграциялаудың нәтижесінде мем­лекеттік қызметтердің 80%-дан астамы (580 қызмет) электронды түр­де көрсетіледі. Мемлекеттік қыз­мет­­терді автоматтандыру арқылы қағаз құ­жаттар айналымы 70 млн-ға қыс­­қар­ған. Көрсеткіштер көңіл көншіт­­­кені­мен іс жүзінде бірқатар министр­лік ақпа­раттық жүйелерін интегра­ция­ламай отыр.

Министр атап өткендей, интегра­ция жұмыстарын жеңілдету мақ­са­тын­да Эстония тәжірибесі зерт­тел­­ді. Нә­ти­жесінде, 2019 жылдың соң­ын­­да «Smart Bridge» жобасы іске қо­сыл­ды. Соның нәтижесінде интегра­­ция мерзімі мен шығындары 3 есе азайды.

Сонымен қатар цифрлы мемлекет құрудың тағы бір механизмі ретінде мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасы құрылуда. Оған британдық тәжірибе қолданылған. Ортақ платформа құру нәтижесінде 2 млрд тең­ге шамасында бюджет қаражаты үнем­деледі деп күтілуде. Қазіргі таңда 10 мемлекеттік орган ортақ платформаға көшуге дайын екені анықталып отыр.

– Аса маңызды жобалардың бірі – жер қатынастарын цифрландыру. Бас­ты мақсат – жер телімдерін онлайн беру. Қызмет көрсету үшін Бірың­ғай мемлекеттік кадастр жүйесі құ­рылуда. Жүйе Жер кадастрын, Жыл­жымайтын мүлік регис­трін және аймақтық геопорталдар­ды біріктіреді. Осы жылдың І тоқсанында Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтөбе қа­ла­ларында жерді онлайн беру қа­нақ­қақты режімде іске қосылады, – деді министр.

Тақырыпты қорытындылаған А.Мамин Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында Мемлекет басшысы цифр­ландыру саласындағы жұмыс­тың маңызын атап өткенін, бұл ба­ғыт­тағы жұмысты жеделдетуді тапсыр­ғанын, былтыр мемлекеттік орган­дардың ақпараттық жүйелерін инте­грациялау жоспарының орындалмауына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Индустрия, Ұлттық экономика және Қорғаныс министрліктері жол бергенін атап өтті.

– Бұл жұмысты ерекше бақылауға алып, оны 1 наурызға дейін аяқ­тау қажет. Барлық мемлекеттік орган­дар­дың басшылары ақпараттық жүйе­лердің уақтылы бірігуі мен үздіксіз жұмыс істеуі үшін дербес жауапты орынбасарды бекітуі тиіс, – деді А.Мамин.

Премьер-Министр биыл мемле­кеттік қызметтерді автоматтандыруды 90% -дық деңгейге жеткізуді тапсырды. Мемлекеттік органдар қысқа мерзім ішінде мемлекеттік қызметтер тізіліміне қажетті өзгерістерді, оның ішінде 20 мемлекеттік қолдау шаралары бойынша өзгерістерді пысықтап, енгізуі қажет екенін атап өтті.

Үкімет басшысы халықты жоға­ры жылдамдықты интернетпен қам­тамасыз ету жұмысының ұзаққа созылып кеткенін сынға алды.

– Nur Otan партиясының 250-ден асатын халқы бар елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын іске асыру аясында байланыс операторларымен жұмыс кестесі әлі күнге дейін бекітілмеген. Партия өкілдері мен Парламент депутаттары тарапынан бұл мәселе бойынша сын да айтылды, – деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Ми­нистр Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нис­тр­лігіне Білім және ғылым минис­тр­лігімен бірлесіп, үздік халықаралық тәжірибелерді пайдалана отырып IT-мамандарын сапалы даярлау жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.