Өмір өтсе де, жақсы адамның аты жадыңда сақталып, ұмытылмайтыны, керуен көші жылжыған сайын, уақыт өте келе оның даралығы, даналығы, тұлғалығының биіктей беретіні сөзсіз. «Таулар алыстаған сайын, биіктей түседі» деген даналық сөз дәл Әшекеңе арналғандай көрінеді маған. Тірі болса, биыл жетпіс жасқа толар еді... Мерейтойы ұйымдастырылып, жақсы тілектер айтылар еді. Амал қанша, Әшімжан Сүлейменұлының тұлғалық келбеті, қоғамдағы орны туралы әріптестерінің әңгімелері бұқаралық ақпарат құралдарында еске алу сипатында жарияланып жатқаны жаныңа батады. Әрине бұл Әшекең туралы айтылар ойлардың басы ғана деп түсінгеніміз жөн. Өйткені оның Мәжіліс депутаты кезінде, нақтылай айтқанда, ғаламдық мәселеге айналып отырған жаһандық энерго-экологиялық мәселелерді Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы қызметінде жүріп, еліміздің ертеңі үшін атқарған еңбегінің өзі ғылыми талдауларға, депутат әріптестерінің әңгімесіне айналарына мен сенімдімін. Ол жөнінде сөз қозғауды билік басында жүрген ел ағаларының еншісіне қалдырып, өзім жақын жүріп, жатық білетін жоғары білім беру саласындағы Әшекең атқарған елеулі істерге қысқаша тоқталуды жөн көрдім.
1999 жылдан бастап Әшімжан Сүлейменұлының өмірбаяны Білім және ғылым министрлігі мен оның жоғары оқу орындарымен тығыз байланысты. Қоғамдағы белсенділігі, ұйымдастырушылық қабілеті, тұжырымдамалар мен стратегияларды әзірлеуде Парламентте жинақталған тәжірибелері ел басшылығы тараптарынан қолдау тауып, Үкімет қаулысымен Білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалады. Ол кезде Ә.Ахметов мемлекеттік деңгейде білікті саясаткер ретінде танылған болатын. Министрліктегі жаңа лауазымдағы қызметін Әшекең әріптестерімен бірге «2010 жылға дейінгі білім беруді дамыту стратегиясын» әзірлеумен бастады. Атап айтқанда, қазіргі кезде іске асып отырған, жоғары білімді кәсіби мамандарды даярлаудың академиялық кредиттер жүйесіне негізделген 3 деңгейін қамтамасыз ету — бакалавриат-магистратура-докторантура (PhD), білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін жасау сол кезде қолға алынған болатын. Жоғары заң шығару өкілетті органының өкілі болған Әшімжан Сүлейменұлы 2001 жылы 9 шілдеде Президент Жарлығымен бекітілген «Ғылым туралы» жаңа заңның қабылдануына өзіндік үлесін қосты.
Министрлікте жоғары білім беру саласына басшылық еткен Әшекеңнің мол тәжірибесін, кәсіби қабілетін ескерген Үкімет басшылығы аймақтағы жоғары оқу орындары әлеуетін көтеру және жоғары білікті кадрлармен нығайту мақсатында оны 2001 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетіне ректор етіп тағайындаған еді.
Жоғары білім беру жүйесіндегі басты міндеттердің бірі — сапалы білім беру мен қазақстандық студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру негізгі мәселелердің қатарына жататыны анық. Осы жерде батыс өңіріндегі қатардағы жоғары оқу орнын білікті жаңа басшы 3-4 жылдың ішінде ел аузына іліккен материалдық-техникалық базасы жетілдірілген, профессор-оқытушы құрамы қалыптасқан, жоғары деңгейлі университетке айналдырғанын, сол кездегі Жоғары білім беру департаментінің басшысы ретінде, министрдің арнайы тапсырмасымен өзім барып, егжей-тегжейлі танысқан, халықтың берген оң бағасына куә болған азамат ретінде айтып отырмын.
Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті де академик Ә.Ахметов ректор болып тағайындалғаннан кейін ТМД елдері мен шетелдегі көптеген жоғары оқу орындарымен орнатылған байланысты одан әрі жетілдіріп, білім беру мен ғылыми жұмыстарды ұштастыру, оқу тәрбие жұмысын жаңа бағытта ұйымдастыру нәтижесінде жоғары деңгейге көтерілді.
Әшекеңнің басқарған үшінші білім ордасы – Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы болатын. Парламент депутаты болып жүрген кезде елімізде жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметшілер даярлау туралы көтерілген мәселелерді енді ректор ретінде іске асыру мүмкіндігі туды. Қазақстанның бүкіләлемдік Парламент ассамблеясындағы өкілі ретінде шетелдердегі білім-ғылым саласының өкілдері бас қосқан форумдар, симпозиумдар мен халықаралық конференцияларға қатыса жүріп әрі қазақстандық білім жүйесін әлемдік білім жүйесіне кіріктіру (интеграция) жөнінде айтылған ойларын академияда іске асырғанын айтуымыз керек.
Қатардағы аспиранттан академикке, қатардағы оқытушыдан бірнеше жоғары оқу орындарының ректорына дейін көтерілген ғалым өзінің нағыз жетілген шағында, толыққан кезінде туған жерге – өзі студент болып табалдырығынан аттаған М.Дулати атындағы мемлекеттік университетке 2008 жылы ректор болып оралған еді. Ә.Ахметов жоғары білім жүйесін жан-жақты дамытуға, жаңа заманға лайықты тың көзқарастағы елімізге зәру білікті мамандарды даярлауға бағытталған озық технологиялық әдіс-тәсілдерді өмірге енгізуге мықтап атсалысты. Аса зор ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жоғары білім беру ордасы келбетінің айқын болуына бағытталған даму стратегиясын анықтап берді. Оқу үрдісінде озық тәжірибелер қалыптасты, студенттердің саны артып, мамандардың сапасы әлдеқайда биіктеді. Ол өзінің бүкіл қарым-қабілетін, пайым-парасатын, білімі мен тәжірибесін университеттегі білім беру сапасын әлемдік стандарттарға сәйкестендіруге ұмтылып, соны ізденістерді жүзеге асырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Менің бір білерім, Әшекеңнің жоғарыда аталған үш университетте ректор ретінде атқарған ауқымды істерінің деңгейі қандай биік болса, Таразда атқарған істері сол деңгейден төмен түскен жоқ. Жаңалыққа жаны құмар Әшекең өзіне тән іскерлігімен, ерекше ойлау қасиетімен соңынан тек жақсы сөз ерткен абырой биігіндегі азамат еді...
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы көшбасшы ректорларды еске алғанда, К.Нәрібаев, Т.Садықов, М.Арынов, М.Жұрынов, Е.Шайхутдинов, С.Исаев, Н.Мамыров, К.Сағадиев, Қ.Сәбденов, Е.Мәмбетқазиевтың аттары бірден алғашқылардың бірі болып аталушы еді. Олар еркін елдің болашағын айқындайтын жастарға қазақстандық білім берудің өзіндік үлгісін ұсынған тұлғалар болатын. Ал ХХІ ғасырдың бірінші он жылдығындағы жоғары білім беру жүйесінің ондық топ-менеджерлерінің қатарына академик Әшімжан Ахметовты ойланбастан қосуға болады. Өйткені ол еліміздегі жоғары білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіру жолында аянбай еңбек етіп, бақытын білім мен ғылымнан тапқан зиялы қауымның көрнекті өкілдерінің бірі еді.
«Біз өмірден өтіп кетсек, жұрт еңбектен ескерсін» деген өсиет сөзді өнеге еткен еліміздің бірнеше жоғары оқу орындары белгілі ғалым, білікті басшы Әшімжан Сүлейменұлы Ахметовтың 70 жылдығына байланысты еске алу мақсатында түрлі деңгейдегі ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдердің күн тәртібіне оның жоғары білім және ғылым жүйесіне қосқан сүбелі үлесі, бәсекеге қабілетті кәсіби мамандар дайындаудағы және мемлекет басқару мамандарын әзірлеудегі тың ұсыныстары, елімізге қажетті заңдардың қабылдануына бастамашыл болғаны жайлы мәселелер қойылып отырғаны үлкен іс-шара екенін айтқымыз келеді. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Ғылым мен білімді екінші орынға қойған ел, ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды» деген қанатты сөзін қаперінде ұстаған жоғары оқу орындарының басшылары осындай ғылыми жиындар өткізу арқылы Әшімжан Сүлейменұлының тұлғалық келбетін, басшылық бейнесін, қайраткерлік қасиетін, ұлтжандылық үлгісін ғылыми-методологиялық деңгейде негіздеп, дәйектемелер мен дәлелдер арқылы болашақ жас буын өкілдеріне жеткізгісі келгені бізді қуантады. Осындай жүйелі жұмыстар ел ардақтыларын ұмытпай есте сақтауға, олардың өнегелі өмірін үлгі етіп, елімізді өркендетуде өз істерінде пайдасына жаратуға жол ашары анық.
Көрнекті ғылым қайраткері, ұстазым, академик Шора Сарыбаев «Алғаның жақсы болса, ақ сұңқар түлеп ұшады, алғаның жаман болса жүдеп ұшады» деп жиі айтушы еді. Шынында да, Әшекеңнің осыншама жетістікке жетіп, ел қайраткері қатарына қосылуына Қазақстан білім беру саласының құрметті қызметкері Дина Смайылқызының да еңбегі мол екенін айтпай кетуге болмас. Асыл жар, балаларының анасы, немерелерінің әжесі болып отырған жеңгеміз жоғарыда айтылған іс-шаралардың арасынан табылып, ұйымдастыру комитетінің мүшелеріне Әшекең жайлы қажетті тың еңбектердің тізбесін жасауға, мұражайларға ұсынылатын экспонаттар әзірлеуде, өнегелі өмірбаяны туралы тың деректер, фото-бейне қорларын дайындауда үлкен көмек көрсетуде. Осының өзі асылын ардақтаудың, дәстүр жалғастығын үзбеудің үлгісін көрсетіп тұрғандай болады маған.
Ізгілік пен адамдық сияқты қасиеттерді өз бойына түгел сыйдыра білген, пайым-парасаты мол, өнегелі өмірі, таныта алған тағылымы талайларды тамсандырған ел ағалары бұл фәниден бақиға аттанып кеткен кезде, оны қимастықпен еске алған шақта көпшіліктің «ол жақсы кісі еді» дейтінін жиі естиміз. Кеше ғана қасымызда жүрген абзал азамат, ардақты аға, мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің білімі мен ғылымының ұтқыр ұйымдастырушысы, белгілі ғалым, білікті басшы болған Әшімжан Сүлейменұлын да «жақсы кісі еді» деп өткен шақта сөйлеуге мәжбүрміз. Жоғарыда айтылған ғылыми жиындарда оқылатын баяндамалар мен ғылыми пікірталастарда Әшекеңнің әлі де біз айтпаған қырлары ашылары сөзсіз.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті