Міне, осындай жетістіктер ескеріле отыра, таяуда Шардара ауданында іргелі монумент бой көтерді. Биіктігі 5 метр болатын бұл ескерткіш «Шардара Армспорт» клубының мүшесі, әлем чемпионы Қыдырғали Оңғарбаевтың құрметіне орнатылған. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев пен қол күресінен кәсіпқойлар арасындағы әлемдік федерацияның президенті Игорь Мазуренко «Қол күрес» деп аталатын монументті салтанатты түрде ашты. «Мен мұндай үлкен спорт клубын ешбір елден көрген емеспін», деді аудандағы қол күресі туралы деректі фильм түсірген Игорь Мазуренко. Жақында әлемдік қол күрес шеберлерінің кіл мықтылары баратын «ТОП-8» турниріне қатысып қайтқан Қыдырғали Оңғарбаевтың қазақ спортына қосқан үлесі мол. Әлемдік деңгейдегі осындай жарысқа қатысқан тұңғыш қазақ спортшысы турнирде 4-орынды иемденді. Турнирге қатысқан алыптардың арасында ең жеңіл салмақты спортшының бұл жетістігін мамандар үлкен табысқа балап отыр. Қол күресінен әлемдік федерацияның президенті Игорь Мазуренконың мәлімдеуінше, бүгінде «Шардара Армспорт» клубын және спортшыларын әлемдегі армрестлинг шеберлері мойындайды. Бұл орайда әлемдік деңгейдегі спортшыларды даярлай білген бапкер Арман Қарсыбаевтың еңбегі ерен. Сондай-ақ шардаралық қол күрес шеберлеріне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Ал күні кеше ашылған монумент бұқаралық сипат алған қол күресімен айналысушылар қатарын арттырып, жас спортшыларды биік шыңдарға жетелей, ынталандыра түсері анық.
Түркістан облысы