Аймақтар • 05 Ақпан, 2020

Түркістанда туризмді дамыту бойынша халықаралық конференция өтеді

304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Түркістанда тұрақты туризм мен қасиетті мұраны дамыту бойынша халықаралық конференция өтеді.

Түркістанда туризмді дамыту бойынша халықаралық конференция өтеді

Туристік бизнес модельдерінің дамуын ынталандыру және қажылық пен туризмнің қасиетті жерлерге қосқан үлесін ілгерілету, сондай-ақ зиярат етушілердің қажеттіліктерін қанағаттандыру, туристік менеджмент саласындағы ақпарат пен үздік тәжірибе алмасу желісін құру мақсатындағы конференция қорытындысы бойынша арнайы декларация қабылданады деп күтілуде.

Бұл туралы әлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау бойынша халықаралық сарапшылардың Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесуінде айтылды. Шетелдік қонақтар ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші, мұсылмандардың жаппай зиярат ету орнына айналған Ясауи кесенесіне әлемнің түкпір-түкпірінен туристер мен зиярат етушілердің ағылып келіп жатқанына куә болғандарын жеткізді. Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, айналасындағы аймақ пен онда орналасқан археологиялық паркті халықаралық стандарттар мен ЮНЕСКО талаптарына сәйкес келтіру бүгінде басты міндеттердің бірі. Туристер мен зиярат етушілер қасиетті мекенге келгенде оның көне тарихын сезінуі тиіс.

Сондай-ақ сарапшылар бүгінгі таңда әлемде әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді дәріптейтін қасиетті нысандар бар екенін атап өтті. Олардың көпшілігі жергілікті рухани және мәдени дәстүрлерге терең бойлаған. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, әлемдік мұралар тізіміне енген қасиетті мекендердің 20 пайызға жуығы Ясауи кесенесімен рухани байланысты.

Кездесу соңында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халықаралық сарапшыларға дүниежүзілік мұра нысандарын сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстары үшін алғысын білдірді.

 

Түркістан облысы