Қазақстан • 05 Ақпан, 2020

Инвестициялық жобаларды ілгерілету мәселелері талқыланды

71 реткөрсетілді

Сенатта Экономикалық саясат, Инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері «Kazakh Invest» акционерлік қоғамының, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Жүздесуде агроөнеркәсіп кешеніне инвестициялық жобаларды тарту және оны ілгерілету, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу нарығындағы инвесторларға рақымшылық жасау, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды.

«Kazakh Invest» АҚ-ның төрағасы Бауыржан Сартбаев бос жер учаскелерінің жоқтығы туралы мәселені атап өтті. Ұлттық компания төрағасының айтуынша, жобаға лайықты жер учаскелері жеке меншікте немесе онда агротехникалық талаптар сақталмай отыр. Осы проблеманы кешенді шешу үшін ол жерді жаппай цифрландыру және оны пайдалану мен жай-күйіне мониторинг жүргізуді ұсынды.

Сенатор Дәурен Әділбеков ауыл шаруашылығының техникалық жабдықталуына назар аударып, одан әрі ұлғайту мен дамыту туралы сұрақ қойды.

Жұмыс бабындағы кездесу барысында Ұлттық экономика министрінің орынбасары Жасұлан Мәдиев агроөнеркәсіп саласы бүгінгі күні салық заңнамасымен ынталандыру қалай жүріп жатқаны туралы айтты. Мемлекет агроөнеркәсіп бизнес субъектілері үшін арнайы салық тәртібі түрінде салықтарды төлеудің оңайлатылған тәртібін көздейтін жеңілдетілген салық салу жүйесін ұсынды.

«Бұл шара ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ынталандыруға, дайын отандық өнім өндірісінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, қабылданған шараларға қарамастан, экономика салаларында оң нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмады», - деді Ж.Мәдиев.

Министрдің орынбасары салыққа рақымшылық жасау – экономиканы дамыту үшін тиімсіз акт екенін және оны одан әрі жүргізудің тиімсіздігін де атап өтті.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тақырыбын жалғастыра отырып, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Айдарбек Сапаров елімізде агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне бірқатар мемлекеттік қолдау көрсетілетінін атап өтті: жеңілдікті несиемен және лизингпен қамтамасыз ету, басым бағыттарды субсидиялау, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін арнайы салық салу тәртібі енгізіледі. Алайда бірыңғай экономикалық кеңістіктегі әріптестермен салыстырғанда көршілес елдердегі ауыл шаруашылығын субсидиялаудағы артықшылықтарды көруге болады. Министр орынбасарының айтуынша, ауыл шаруашылығы мемлекеттік қолдау деңгейі Жалпы ішкі өнімге шаққанда Беларусьте 8,1%-ын, Ресейде-6,3%-ын, ал бізде Қазақстанда 5%-ын құрайды. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешенінің мемлекеттік бағдарламасын толық қаржыландыруда жылына шамамен 140 млрд теңге жетіспей келеді.

«Бүгінде қазақстандық тауарларға қарағанда ресейлік және өзбек тауарлары мемлекеттік қолдау есебінен бәсекеге қабілетті», - деді А.Сапаров.

Сенаторлар кездесу қорытындысы бойынша субсидияларға бөлінген қаржының қаншалықты тиімді пайдаланылғанына баға беруге ниеттеніп отыр. Ол үшін ауыл шаруашылығы министрлігі 28 ақпанға дейін есептеу әдістемесін беруі тиіс, одан кейін мемлекеттік қолдау көлемін одан әрі ұлғайту туралы шешім қабылданатын болады.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар