Парламент • 05 Ақпан, 2020

Лотереялар қызметіне қатысты заңнамалық түзетулерді І оқылымда мақұлдады

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің кезекті жалпы отырысы өтіп, депутаттар лотереялар және лотерея қызметіне қатысты заңнамалық түзетулерді І оқылымда мақұлдады. Заң жобасының мақсаты - лотереялық қызметті жүзеге асырудың жаңа ұстанымдарын одан әрі нығайту. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Лотереялар қызметіне қатысты заңнамалық түзетулерді І оқылымда мақұлдады

2017 жылғы 10 ақпандағы №48 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Сәтті Жұлдыз» акционерлік қоғамы лотерея операторы болып анықталды. Жаңа заңға сәйкес анықталған лотерея операторы, лотерея билеттерін сату, қазақстандықтарға ұтыстарды төлеу, Қазақстан бюджетіне салық төлеу, спортты дамытуға төлемдер, сондай-ақ, 3 мыңнан астам шағын бизнес субъектісіне қосымша табыс көздерін және жұмыс орындарын құру мәселесін қамтамасыз етті. Лотерея біздің елде мемлекет бақылауында.

Лотерея өткізудің маңызды элементі – мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын қолдау, біздің елде қаражаттар спортты дамытуға бағыттау. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы кезінде лотереядан түскен кірістерге көптеген спорттық мекеме салынып, әлеуметтік жобалар жүзеге асырылғанын алға тарта келіп, бұл мемлекет үшін де қажет екенін және билет алушы азаматтың да әлеуметтік дамуға үлесін білдіретінін баса атап өтті. Сондай-ақ Н. Нығматулин лотерея қызметінде айқын тәртіп пен қатаң бақылау болу керектігін, ал лотереялардан түскен кірістер әлеуметтік мақсаттарға бағытталуы тиістігіне назар аударды.

Осы күні Мәжіліс мақұлдаған тағы бір заң жобасы 2006 жылғы 6 қарашадағы Армениямен Табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенция және оған Хаттама шеңберінде екі елдің уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау. Заң жобасы шеңберінде ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ретроспективті норма көзделгенін атап өткен жөн. Мұндай ретроспективтілік екі мемлекеттің салық төлеушілеріне қосарланған салық салу тәуекелін болдырмауға мүмкіндік береді. Құжат ратификацияланғаннан кейін қандай да бір арнайы куәлікті, оның ішінде апостильді немесе консулдық заңдастыруды жоюды болжайды.

Бұл шара біздің елдеріміз арасындағы бизнес-ахуалды едәуір жақсартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ, біздің экономикамыздың инвестициялық тартымдылығына оң әсер етеді. Өйткені құжат айналымына байланысты бюрократиялық рәсімдер жеңілдетіледі. Ортақ және ашық кедендік шекаралар мен өткізу нарықтарына ие бола отырып, Қазақстан мен Армения тауар айналымы мен инвестицияларды ұлғайтуға өзара мүдделі. Ал Бразилиямен сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау біздің азаматтарымыздың өз жазасын отанында өтеуіне және қамаудан босатылған кезде қоғамға тез қайта араласуына мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, бұл сотталған адамдарды әлеуметтік жағынан оңалтуға оң әсерін тигізеді. Халықаралық құқықта мемлекеттер арасында сотталған адамдарды бас бостандығынан айыру жазасын одан әрі өз отанында өтеу үшін беру жөнінде шарт жасасу практикасы бар.

Біздің еліміз Еуропа, Азия, Америка құрылықтарының мемлекеттерімен осындай шарттар жасасты. Ал бүгінгі Шарт Бразилия Федеративтік Республикасымен жасалып отыр. Оған сәйкес тараптар сотталған адамдарды беру бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады. Бұл шартта екі елдің бір-біріне осындай адамдарды беру тәртібі мен мән-жайлары көзделген. Мәжіліс жалпы отырыста қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады.

Жалпы отырыс соңында әдеттегідей мүдделі органдарға депутаттық сауалдар жолданды.