Шараға Парламент Сенатының депутаттары, ақпарат және қоғамдық даму, білім және ғылым, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің басшылары, мәслихат депутаттары, республикалық жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардыңөкілдері қатысты.
Сенат Төрағасы құттықтау сөзінде жастар мен жастар саясаты біздің мемлекетіміздің әрдайым басты назарында екенін атап өтті. «Жас ұрпақ - елдің прогресі мен дамуының негізгі қозғаушы күші екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бұл дегеніміз, жастарға жақсы білім алуға, заманауи кәсіби даярлықтан өтуге, өзін-өзі дамытуға, Отанымыздың игілігі үшін жұмыс істеуге барлық мүмкіндіктер берілуі керек», - деді Сенат Төрағасы шараға қатысушыларға арнаған сөзінде.
Сенат басшысының айтуынша, Жастар кеңесі консультативтік-кеңесші органы болып табылады және жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін қарастыратын болады. «Мемлекет бөлетін қаражат көлемі мен оны жұмсайтын бағдарламалар да белгілі. Бірақ, сонымен бірге біз елдегі көптеген жастарға қатысты мәселелер шешілмей, тек жылдан жылға проблема көбейіп бара жатқанын көріп отырмыз», - деді Дариға Назарбаева.
Дариға Назарбаева ауылдық жерлерден қалаларға келген жастардың әлеуметтік бейімделу мәселесі, жұмыссыздық проблемасы өткір мәселе күйінде қалып отырғанын да атап өтті. «Біздің кеңестің міндеті - тұрақты жұмыс алаңына айналу, онда қоғамдастықтың, атқарушы билік пен заң шығару органдарының, облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен мәселелер талқыланады», - деді Сенат Төрағасы.
Отырыс барысында Кеңестің 2020 жылғы жұмысының негізгі бағыттары белгіленді. Кеңес төрағасының орынбасары, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы Кеңес құрамын төрт топқа бөліп, олардың жұмысын ұйымдастыруды ұсынды.
Ұлттық еріктілер желісінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк өз сөзінде Қазақстан Республикасының 2019-2021 жылдарға арналған еріктілер қызметін дамыту жөніндегі жол картасына егжей-тегжейлі тоқталып, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстарайтты.
Балалар мен жасөспірімдердің «Жас Ұлан»бірыңғай ұйымының төрағасы Динара Сәдуақасова 14 жасқа дейінгі балаларды еңбекке тәрбиелеуді заңнамалық деңгейде көтермелеуді, сондай-ақ балалардың проблемаларын жан-жақты қарастыру үшін Жастар жылы мен еріктілер шаралары үлгісінде «Балалар жылын» өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Жоғарғы Палата басшысы бұл бастамаларға қолдау білдірді.
Отырысқа ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев, білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов қатысып, Кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Дариға Назарбаева отырысты аяқтай келіп, жастар арасында ажырасудың алдын алу тақырыбын көтерді және Кеңестің жұмыс жоспарына осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуді енгізу қажеттігін атап өтті.