Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтаған сөзінде: «Біз Қазақстанның даму жолында күш-жігерін жұмсап, жетістікке жеткен барша еңбек адамына лайықты құрмет көрсетеміз. Әсіресе, ардагерлерімізге айрықша алғыс айтамыз. Еңбек – бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек!» деген болатын.
Президентіміздің осы айтқан сөзі айрықша маңызды. Егер әркім де туған елінің түтіні түзу ұшу үшін өз үлесін қосатын және жан аямай еңбек ететін болса, ел экономикасының дамитындығына, бай да бақуатты күн кешетіндігімізге еш күмән жоқ. Еңбекқор ұлт болудың, жалпақ жұртты осы жолға жұмылдырудың жанама себептері көп. Соның бірі – алдыңғы буын ағалардың айрықша еңбегін ешқашан ұмыт қалдырмау. Жағымыз талғанша айтып, қолымыз талғанша жазып, үлгі ретінде ұсыну. Олардың көкірегінде жүрген ойды тап басу. Қазіргі күні Социалистік Еңбек Ерлерінің көкірегінде өзекті өртер өкініш бар. Еткен еңбегіне емес, сол еңбегінің бағаланбай қалғандығына.
Негізінен ақтылы мал өсіріп, ақық дән тербеткен біздің өңірде топ жарып омырауына Алтын Жұлдыз таққандардың басым көпшілігі диқан мен шопан екен. Ауыл шаруашылығы саласының ақтаңгерлері кешегі кеңес заманында құрметтен кенде болған жоқ. Есесіне өкшелерін басып келе жатқан ұрпақ – біз де қатардан қалмайықшы деп ұмтылды. Дәстүр сабақтастығы жалпы көпшілікті еңбекке тарту, оның ішінде өз ісінің озаты болуға баулыды. Кейін өтпелі кезеңде ілкіден жалғасып келе жатқан әдемі дәстүр үзіліп қалды.
Адамды еңбекке тәрбиелеу, атқарған еңбегіне байланысты құрмет көрсету кейінгі жас ұрпақты адал кәсіпке баулитын тетік. Біздің кейіпкеріміз даңғайыр диқан Есілбай Қадыралин де жоғары оқу орнын бітірсе де, ешқашан қызмет сатысымен көтерілуге ұмтылған жан емес. Бақытын еңбектен тапқан.
Адал еңбек қай кезде болсын адамды бақытқа бөлейді, мерейін елден ерек үстем етеді. Бұл 23 жасында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, 32 жасында Социалистік Еңбек Ері атанған Есілбай Қадыралиннің тұжырымы. Сонау жетпісінші, сексенінші жылдары даңқы жер жарып тұрған диқанды қаламы қарымды біздің ағайын «жұлдызды жігіт» деп жазушы еді. Шынында да жұлдызы еңбекпен жанған адам.
– 1968 жылдың аяғында өзімнің кіндік қаным тамған Мортық ауылы Комсомолдың 50 жылдығы атындағы кеңшар болып бой көтерді. 16 жасымда шопан болып еңбек жолын бастаған мен кейін бірде комбайнның, бірде трактордың тізгінін ұстадым. Сол жылы егін өте бітік шықты. Гектар берекесі 20 центнерден айналды. Өзім басшылық жасайтын №5 комсомол-жастар бригадасы әр гектардан 20 центнерден өнім жинады. Алғаш рет еңбекке көрсетілетін құрметті осы кезден сезініппін. Иә, еңбегім бағаланды, «Ленин», «Октябрь Революциясы» ордендерін, Социалистік Еңбек Ерінің алтын жұлдызын кеудеме тақтым. 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алдым, 1971-1975 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ХV съезінің, ВЛКСМ-нің ХVІІ-ХVІІІ съездерінің делегаты, Орталық Комитетінің мүшесі болдым. Айтпақшы, Дүниежүзілік жастар форумына барған жалғыз қазақ екенмін,–дейді Есілбай аға.
Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, 1968 жылдың қысы алапат қатты болған екен. Әр күні ақтүтек боран, сақылдаған сары аяз. Бірақ, диқан қауым көктемгі егіске мұқият дайындалған. Ақ боранмен алысып жүріп егістік алқаптарға тау-теңіз қар тоқтатқан, тыңайтқышты да тасыған, тұқымды да тазартқан. Осы еңбектерінің арқасында мол өнім жинаған. Кеңшардың әуелгі 13 мың гектар егістік алқабын келер жылы 25 мың гектарға жеткізіп, Қызылту ауданында алдыңғы қатарға шыққан.
1972 жылы Қазақстан миллиардына бұл шаруашылық та зор үлес қосқан. Көне деректерді қайта тірілтсек, 1 миллион 800 мың пұт астық жинапты. Есілбай аға тәрізді есіл ерлердің еңбегінің нәтижесі. Ол тұста бес жылдық атанған кезеңдердің өз атаулары болған. Алғашқысы беташар, екінші және үшіншісі – шешуші, ал кейінгі жылдар қорытындылаушы деп аталған. Міне, осы бес жылдықтарда Қазақстан миллиардтары қамбаға құйылды. Көкшетау облысы 1971 жылы – 116, 1972 жылы – 132, 1973 жылы 143 миллион пұт астық тапсырған. Осының барлығы Есілбай аға тәрізді еңбеккер қауымның ғұмыр дастаны.
– Біз еңбек етуді ауылдағы алдыңғы толқыннан үйрендік. Солардың ішіндегі алдынан жұмыс үркіп отыратын, шаршап-шалдығуды білмейтін жансебіл адамдарды ауылдың ақсақалдары, аяулы әжелеріміз бізге мысал қылып, құрметтеп отырушы еді. Біз де сондай құрметке ие болсақ деген көкірегімізде ниет, жас жүрегімізде балауса арман болды. Сол арман алға жетелеп, кезінде ауылдың ғана емес, аймақтың құрметіне бөлендік. Ілкіден қалыптасқан осындай дәстүр бүгінде жалғасын тапса дейсің,–дейді Есілбай аға.
Иә, жақсылыққа жетелейтін жарқын мысал аз емес. Көкше өңірінде ақтылы мал өсіріп, ақық дән аялаған Еңбек Ерлері біртұтас шоғыр, сәулесі мол жарық жұлдыздар болатын. Күні кешегі Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұрлыбек Әбілпейісовтің еңбек өнегесі қандай ғажап. Зеренді ауданындағы Бұлақ ауылының перзенті Сартай Жұмағалиевтің аңызға айналған еңбектегі ерлігі қандай, шіркін! Мұндай мысалдарды жіпке тізгендей етіп айта берсек, алысқа кетер едік.
– Ол кезде кеңшардың партия ұйымының хатшысы болып қызмет ететінмін, – дейді еңбек ардагері, Зеренді ауданының құрметті азаматы Мағауия Рахымбергенов, – Сартай ағамыз бастаған даңғайыр диқандардың адал еңбектерін көзімізбен көрдік. Олардың әр ісі, қауырт қимылы, уақытпен санаспайтын әбжілдіктері көпке өнеге. Еңбек озаттарын замандастарына мысал етіп әр күн сайын қабырға газетін шығарып, қырман басындағы қас-қағым сәт уақыт алатын кездесулерде абыройларын асқақтатып айтып отырушы едік. Осындай ұйымдастырушылық жұмыстың арқасында ұжымның бірлігі нығайып, жұмысқа деген ықылас молая түсетін. Қай-қайсысы болсын сайдың тасындай азаматтар еді. Қазіргі қоғам аға буынның ақ адал еңбегін, қосқан үлесін ұмытпауы керек. Бұл жай сәтімен сабақталса, Отанымыздың еңбек тарихын алтын әріптермен жазатын жарқын жылнамасы болар еді.
– Ертеректе әр ауданның, облыстың орталықтарында Құрмет тақтасы тұратын. Өнеркәсіп пен өндірісте, ауыл шаруашылығында жоғары көрсеткішке қол жеткізген еңбек адамдарының толайым табыстары көрсетіліп, суреттері ілінетін. Бұл бір жалпы қауымды еңбекке баулудың әдемі үрдісі еді,–дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев,–қоғамда еңбек адамын насихаттау айрықша маңызды. Біз жастарды адал еңбек ете білуге, өз бетінше қарекет істеуге және сол еңбекте табысты болуға үйретуіміз керек.
– «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңның 4-бабына сәйкес Социалистік Еңбек Ерлеріне ай сайын 25 450 теңге, ал Қазақстанның Еңбек Ері мен Халық Қаһармандарына 367509 теңге жәрдемақы төленеді. Жәрдемақының дәл осылай тағайындалғанына көңілім жүдеп қалды,–дейді Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадыралин,–қазақта «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дейтұғын сөз бар ғой. Басқа тарапта еш кемістік жоқ. Емделу, санаторийге бару мәселелері шешілген. Тек Социалистік Еңбек Ерлерінің қадірі қазіргі ерлерден неге кем болды екен деймін. Қазір осы облыста екеуіміз ғана қалдық.
Шынында да, есіл ер Есілбай аға айтқандай, ерден ердің несі кем?!
Pедакциядан: Шынында да екіұдай пікірге қалдыратын шешім екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «барша еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетеміз» деп айтып отырғанда Еңбек Ерлері алатын мемлекеттік жәрдемақының мөлшері қандай логикаға сәйкес тағайындалғаны түсініксіз. Қалай болғанда да елдің дамуына елеулі үлес қосқан ерлердің еңбегін бірдей бағалаған жөн болар!
Ақмола облысы