Аталған мектепте тағы бір жаңалық орын алды. АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық университетінің (МІТ) студенттері Октавио Вега мен Варша Сандади Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде тағылымдамадан өтті. Үш аптаға созылған тәжірибе барысында студенттер мектеп мұғалімдерімен бірге командалық сабақтар беріп, мектептегі БҰҰ моделі жұмысын ұйымдастыруға оқушыларға көмек қолын созды, жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдау бойынша кеңес берді.
Октавио мен Варша – АҚШ-тағы жетекші университеттің 2-курс студенттері. Олар физика, электроника және компьютер ғылымдарын меңгереді. АҚШ студенттері Қазақстанға оқушылардың жаратылыстану-математика бағытындағы білімін кеңейту, теориялық білімді тәжірибеде қолдануға баулу, сыни ойлау қабілетін дамыту мен мәдениеттану бағытындағы білімін арттыруға бағытталған MISTI Kazakhstan «Global Teaching Labs» жобасы аясында келген.
Мектеппен етене жақын танысу үшін тағылымдамадан өтуші жастар мектепішілік шаралар мен кездесулерге белсенді қатысты. Сонымен қатар өздерінің МІТ жоғары оқу орнына түсу оқиғасын баяндап, түрлі кеңестер берді.
– NIS оқушылары өте еңбекқор және өршіл, әртүрлі академиялық және мектепішілік емес бағдарламаларға, пәндерге қызығушылықтары жоғары. Бәрінен де таңғалдырғаны – БҰҰ моделі ұйымының үлкендігі, атқарып жатқан жұмыстарының ауқымдылығы. Сонымен қатар оқушылардың өзін өзі басқару ұйымының өз жұмыстарын ұйымдастыруы, түрлі шараларды жоспарлауы тәнті етті, – дейді Октавио Вега.
Қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпымен таныстыру мақсатында мектеп қонақтары жергілікті отбасына қоныстандырылды.
Маңғыстау облысы