Аймақтар • 06 Ақпан, 2020

Түркістан: Рухани орталық жемқорлықтан азат өңірге айналуы тиіс

198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жемқорлықпен күресу - ол тек Агенттіктің шаруасы емес. Жемқорлыққа бей-жай қарамаймын, адалдық принципіне үлес қосам,  республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабына мүше болам деген азаматтарға есік ашық.

Түркістан: Рухани орталық жемқорлықтан азат өңірге айналуы тиіс

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктің ресми өкілі Арман Бердалин Түркістан облысы жұртшылығымен ақпараттық-ағартушылық жұмыстарын жүргізу мақсатындағы кездесуде осылайша көпшілікті адал қоғамды бірге қалыптастыруға шақырды. Агенттік жанынан құрылған республикалық ақпараттық үгіт-насихат Штабының мүшелері жүргізген түсіндіру жұмыстарының негізгі миссиясы – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және парасаттылық құндылықтарын ел ішінде  кең көлемде дәріптеу арқылы ел азаматтарының бойына адалдық қасиеттерін дарыту.  Штабтың төрайымы Ырза Тұрсынзада мен агенттік өкілі А.Бердалин алдымен облыс активімен кездесті. Сондай-ақ облыстық полиция департаментінің жеке құрамымен келелі кездесуде адамдық пен адалдық, туралық пен тазалық құндылықтары ортаға салынды. Облыстағы білім беру ұйымдарының басшыларына парасаттылық принциптері жан-жақты түсіндірілді. Адал білім беру -   ұлт болашағын құрудың негізгі тетігі екендігі, әрі  сірескен сананы сілкінту арқылы сыбайластықтың алдын алуға болатындығы атап өтілді.      

Облыс орталығынан бастау алған ақпараттық-ағартушылық жұмыстар Арыс қаласы мен Отырар ауданында жалғасын тапты. «Тамшы тама-тама тас жарады. Егер де күні-түні расында айтылып жатса, ұлттың санасына құйылып жатса, оның жемісі болады. Себебі, қазақта «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды» деген сөз бар. Сондықтан айту керек, жеткізу керек. Дәл қазіргі нарықтың қайнап тұрған уақытында ұлтымыздың жан-дүниесін оятуымыз керек», - деді штаб жетекшісі Ы.Тұрсынзада отырарлықтармен кездесуде.   Насихаттық топ өкілдері кездесу барысында «Ақынның қаламы – адалдық алаңы» атты  жас шайырлардың ұтымды ұйқаспен өріліп, жемқорлықсыз болашақты  өнеге еткен өлең-жырларына куә болды. Сондай-ақ штаб өкілдері Арыс қаласында орналасқан «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының» тәрбиеленушілерімен кездесті. Жас өскіндерді жақсылық жасауға жігерлендіру мен қоғамның ары таза азаматтары етіп тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған игілікті шарада балаларды парасатты болуға үндеді. Сондай-ақ бұған дейін Түркістан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасымен өткен «Жемқорлық балалар көзімен» байқауының жүлдегерлеріне арнайы сыйлықтарды табыстады. Айта кетейік, агенттіктің Түркістан облыстық департаменті балалар ауылының 63 тәрбиеленушісін өз қамқорлығына алып, оларға қолдау көрсетіп келеді. 

Түркістан өңірінде арнайы келген республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб өкілдері кездесулерде тұрғындарды рухани орталықты жемқорлықтан азат өңірге айналдыруға үндеді.

Түркістан облысы