Әлем • 06 Ақпан, 2020

Коронавирустан бір күнде тағы 73 адам қаза тапты

381 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Індеттен қайтыс болғандар саны кеше 490 адам болса, Қытайдың Ұлттық Денсаулық сақтау комиссиясы таратқан соңғы мәліметке сәйкес ол сан бүгін 563-ке жеткен. Бір күнде Қытайда 73 адам көз жұмған.

Коронавирустан бір күнде тағы 73 адам қаза тапты

Photo: Xinhua

Коронавирус пайда болған күннен бастап Қытай мен өзге әлем елдерінде вирусты жұқтырғандар саны көбейіп келеді. Қытайда бүгінге дейін 28 мыңнан астам жағдай тіркелген. Індет тараған 25 елдің ішінде жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан кейін оған көршілес Жапония тұр.

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының мәліметіне сәйкес, Жапонияда 34 адам вирус жұқтырған. Ал Сингапур мен Тайланд 28 және 25 науқасты анықтаған. Еуропа елдерінен Германияда 12 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды, сондай-ақ АҚШ-та 11 науқас бар.

Сондай-ақ Ухан қаласында дүниеге келген сәбидің коронавирус жұқтырғаны анықталған. 2 ақпан күні туылған нәрестенің анасы да індетке шалдыққан.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елімізде коронавирус жұқтырған жағдай жоқ екенін айтты.

Еске салсақ, бұрынырақ Ухан қаласынан елге оралған 83 адаммен қатар, кеше тағы 8 қазақстандық Ресей мен Өзбекстан борттарымен эвакуацияланды. Одан бөлек Қытайдағы қазақ елшілігіне азаматтар елге қайтаруда көмек көрсету туралы өтініш білдірген. Елшілік көмек көрсету жолдары пысықталып жатқанын мәлімдеді.