Ордабасы ауданындағы Тоқсансай елді мекенінде 130 гектар тәлім жерге израильдік суғарусыз технология арқылы «Сitrullus Lanatus» қарбыз көшеті отырғызылып, 23 тонна өнім алынды. Бұл өнім түгелдей АҚШ-қа экспортталған. Осындай жаңашылдықтарды үйренуге болады.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Өсербаевтың халыққа есеп беру кездесуінде осылай деді. Облыс әкімі айтқан жобаның тиімділігі іс жүзінде дәлелін тапқандықтан, биыл Қажымұқан ауыл округінде 387 гектарға қарбыздың аталмыш сұрпын егу жоспарланып отыр. Ауданның өткен жылғы шығысы мен кірісін жіктеп, есеп берген аудан әкімі алдағы уақытта экономикаға серпін беретін маңызды жоспарлармен де бөлісті. Мысалы, 2020 жылы жалпы инвестициялық құны 97 млрд теңгеден астам, 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын пластмасса және мұнай-химия өнімдерін өндіруге бағытталған 4 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Ал ауданның өнім көлемі былтыр 79, 2 млрд теңгені құраған. Кірістің басым бөлігі өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Ә. Өсербаев ауданда бүгінде тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, металлургия, машина жасау, құрылыс саласы мен кен өндіру өнеркәсібі сынды кәсіптермен айналысатын 35 кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті. Кәсіпорындар былтыр 19 млрд 251 млн теңгенiң өнімін өндірген. Айта кетерлігі, өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым. Өнеркәсіп саласындағы өнімнің 89,9 пайызы шикізат емес, дайын тауар ретінде шығарылған.
«Ауыл шаруашылығы саласына тоқталсақ, егіс көлемі әлдеқайда артып 65 374 гектарға жеткізілген. Көбінесе суды аз қажет ететін дақылдарға көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары аудан аумағында жылыжай салуға ниет білдірушілердің де қатары артқан. Былтыр жалпы көлемі 72 гектар болатын жылыжайлардан 8 580,3 тонна өнім жиналды», - деді аудан әкімі Ә.Өсербаев.
Есептік жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ө.Шөкеев басшының жұмысына бағаны халық беретінін, әрбір әкім бизнеспен бір тілде сөйлесе білуі керектігін айтты.