Руханият • 06 Ақпан, 2020

Көкшетауда этно-қолөнер шеберханасы ашылды

511 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Гүлнәр Орынбаева киіз басу өнеріне 2-3 жыл бұрын ынта қойған. Алдымен киізден бас киім тіккен. Артынша түрлі қолғап, аяқ киім, кеудешелерді тоқи бастады. Бүгінде он саусағынан өнер тамған шебердің жүздеген жеке туындысы бар. Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп жүрген Гүлнәр Мырзағалиқызы енді көрген-білгенін қыз-келіншектерге үйретпек.

Көкшетауда этно-қолөнер шеберханасы ашылды

–Мақсатымыз кейінгіге үлгі болу. Бұл күнде ұмыт болып бара жатқан ұлттық дәстүрді сабақтастырып, дамыту. Ой салып қарасаңыз, ілкі заманда қандай ғажайып қолөнеріміз болған. Тек соңғы жылдары текемет пен алашаны кілемге ауыстырып, ұмытып қалдық. Енді осыны жаңғыртуымыз керек. Мен алдымен жас жеткіншектерді жасынна баулу керек деп есептеймін. Өзім де үйрену үстіндемін,–дейді этно-қолөнер шеберханасының жетекшісі Гүлнәр Орынбаева.

Киіз басу өнері – ұлттық мәдени мұраның өшпес бір бөлшегі. Алайда, бүгінде аталмыш өнердің ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Ертеректе қолөнер бұйымдарын жасаудан әлдебір дүниежүзілік байқау өткізілсе, байқау өткізілсе сөз жоқ, біздің әжелеріміз бірінші орынды шаппай алар еді. Ол кісінің ине жібінен шыққан ою-өрнектің өзі алуан түрлі болатын. Бүгінгі кезде әлдебір әдеби кітаптарда немесе тақырыптық зерттеулерде ғана кездесуі мүмкін. Бірақ біз соның бәрін көзімізбен көріп, қолмен ұстап өстік. Сондықтан да біздің жадымызда жатталып қалды. Айталық «Құс табаны», «Қаз табан», «Бота мойын», «Бұғы мүйіз» тәрізді ою түрлері болатын. Олар бір-біріне ұқсамайтын өзгеше бітімді, бөлек бедерлі бейнелер еді. Қазір зерделеп отырсақ, біздің әжелеріміз осы бір әдемі көріністерді табиғаттың өзінен алған екен. Яки, айнала қоршаған ортаның ешбір бояма қатесіз көшірілген көркем бейнесі. Қолөнерін дамыту арқылы біздің әжейлеріміз айналадағы тіршіліктің суреттерін мөлдіретіп заттың бетіне түсірді, бедерледі. Өйткені сол кісілер үшін осындай суреттер ерекше ыстық болатын. Жалғыз қолөнер ғана емес, ескі қисса-жырларда да аққудың кербездігі, бұлбұлдың әншілігі, ботаның көздерінің сұлулығы сипатталады емес пе? Демек, хас суретшінің қыл қаламынан туындаған сурет сияқты ажарлы сұлу табиғат біздің бабаларымыздың эстетикалық талғамын жетілдіріп, дамытып отырған деуге әбден болады. Сөйтіп, олар өздерінің күнделікті тұрмысы мен тұрақты кәсібінде жаңағыдай бейнелерді айнытпай көшіріп, сол табиғи қалпында жасандылықтан ада, бедерімен безендірілуін мінсіз қылып, бейнелеуге тырысқан.

Неке сарайында ашылған этно-қолөнер шеберханасы – жас жеткіншектерді киіз басып, керемет дүниелерді жасауға үйретпек. Ынта танытқан жандар үшін киіз басудан тегін шеберлік сағаттары да ұйымдастырылады.  

–Алғашқы рет біздің қаламызда үлкен іс-шараның куәгері болып жатырмыз. Себебі, қазақ халқының салт-дәстүрін, ділін, дінін насихаттау ретінде алғаш рет қолөнер орталығы ашылуда,–дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова.

 

Көкшетау