Іс-шараға мемлекеттік органдар, республикалық адвокаттар алқасы, Қазақстанның Заңгерлері одағының, «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Жанат Жарасов әлемнің ең бәсекелестікке қабілетті 30 елінің қатарына кіру бойынша бағдарламасын жариялаған кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев біздің елімізде жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатерге жатқызып мемлекет пен қоғам оған қарсы күресетін бір күш болу қажеттілігі туралы баса айтқанын атап өтті. Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан Республикасы Парламентінің VI шақырылымы бесінші сессиясының ашылуындағы Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түспегенін айтты.
Заң жобасының негізгі ережелері туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов баяндады. Айтуынша, заң жобасында түзетулердің үш блогы қарастырылған. Олар: сыбайлас жемқорлық көріністердің жүйелік алдын-алу бойынша қосымша шаралар енгізу, олқылықтар мен коллизияларды жою, сонымен қатар, Ұлттық бюроны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі функцияларының берілуі туралы түзетулер.
Атап айтқанда:
Мемлекеттік қызметкерлерге құны кез-келген сыйлық сыйлауға тыйым салу бекітіледі;
Мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазым атқаратын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі шешімдер қабылдауға уәкілетті қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызу ұсынылады;
Мемлекет басшысы қатысқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі 2019 жылғы 20 мамырдағы кеңесте айтылған және бірлесіп мақұлданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұсыныстарды іске асыру мақсатында, квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізіледі;
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган» ұғымы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ведомстволық бағыныстылығына қатысты баптар нақтыланды.
Заң жобасымен 3 Кодекске (Азаматтық, Қылмыстық, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы»), 7 заңға («Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы») өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Баяндамадан аяқталғаннан кейін Мәжіліс депутаттары О.Бектеновке сұрақтар қойып, жауап алды.
Заң жобасы бойынша талқылау одан әрі депутат Жанат Жарасов жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасады.