Руханият • 07 Ақпан, 2020

«Танысқым келеді менің сізбен...»

6203 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақтөбедегі танысу агенттіктері арқылы теңін тауып жатқандардың саны жылдан-жылға артып отыр. Адам — нәзік жаратылыс. Арқа сүйер азамат, жаныңды ұғар жарсыз өмір сүру оңай емес... «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деп те жатамыз. Бірақ әртүрлі себеппен сыңарын кездестіре алмай, дара күндерден дегбірі қашқандарға қайтпек керек? Олардың біразы бұрынғыдай апа-жеңгелеріне қолқа салғаннан гөрі, ғаламтордағы арнаулы сайттарға тіркеліп, танысу агенттіктерінің қызметіне жүгінгенді тәуір көреді. Мұндай заманауи танысу һәм табысу құралдары арқылы арманындағы адамын тауып жатқандар да бар...

«Танысқым келеді менің сізбен...»

11 жылда – 278 жұп

Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты орталық қалалардай емес, Ақтөбеде танысу агенттіктері жоққа тән. Қоғамдық орындар, мерзімді баспасөз беттерінде де мұндай қызмет түрлері туралы хабарландыруларды көзіміз жиі шала бермейді. Өйткені бұл ділімізге сай келмесе, екінші жағынан, шағын ғана қалада «сондай жерге бардым...» деп айтуды ұят санайтындар кез­деседі. Дегенмен, біздің өңірде де ұзақ жылдан бері жалғыз жүргендерді жұп қылатындар, соған кәдімгідей маманданғандар бар.

– «Моя вторая половинка» танысу агентті­гі­нің ашылғанына биыл 11 жыл болды. Осы аралықта 278 жұптың үлкен өмірге аяқ басып, отба­сылы болуына өз үлесімді қосыппын. Яғни, маған келген 139 жігіт пен қызды бір-бірімен таныстырдым. Осынша уақыт үшін бұл, әрине өте аз көрсеткіш. Неге десеңіз, менің танысу агент­тігіме жолыққан ер-жігіттердің көпшілігі аж­ырасқан болса да, баласы бар әйелмен отау құр­ғысы келмейді. Қызығы сол, олардың бұ­ған дейінгі некесінде кемінде 1 баладан бар. Осыдан барып заңды түрде ерлі-зайыпты ата­натындар соншалықты көп емес. Бәріне күйеу­ге шықпаған, баласы жоқ, өзі сұлу әйел керек. Олардың талабына сәйкес келетін, қай жағы­нан да жақсы қыздар танысу агенттіктеріне келе ме?! Мәселе сонда ғой. Сол сияқты қыз-келін­шек­тердің дені қалталы, өзі келбетті әрі жас жігіт­тер­ді іздейді...

Ауылдық немесе қалалық деп бөлмеймін, тіпті шетелдік азаматтармен де байланыс орнатуға қарсылығым жоқ. Ең бастысы, танысуға сұраныс білдіргендер бұрын-соңды сотталмаған, маскүнем немесе нашақор, сосын жұмыссыз болмауы керек. Шынымен отбасылы болуға ниеттеніп келушілермен асықпай әңгімелескен соң, олардың суретін алып, арнайы сауалдама толтырып, өзіне сай жар іздеуге көшемін. Менің аталған қызметім 6 мың теңге тұрады. Белгілі бір уақыт аралығында сыңарын тауып беремін деп уәде бермеймін, бірақ жұмысымды адал атқаруға тырысамын. Мысалы, егер жасы 20-дан енді асқандар серіксіз едім деп келсе, ондайлардан бірден бас тартамын. Себебі олардың теңі агенттігімнің базасында бәрібір жоқ қой, – деп сыр бөліседі жеңгетайлықты негізгі табыс көзіне айналдырған Лия Гараева.

Танысу агенттігінің басшысының сөзіне қа­ра­­ғанда, оған бөріктілер мен бұрымдылар тең­дей келеді. Ал жасына тоқталсақ, 30-65 жас ара­­лығындағы бойдақтар екен. Осы орайда әң­гі­мелесушімізден агенттікке тіркелген ер адам­­дардың талап-тілегі тез орындалатынын біл­дік. Мұның сыры қыз-келіншектердің көпті­гін­де жатса керек. Оған Лияның жұмыс үсте­лін­де жатқан қалың бума дәлел.

 «Жақсы жігіттің етегінен ұстасам...»

«Тұрақты жұмысым бар. Қалада орналасқан 1 бөлмелі пәтердің иесімін. Хас сұлу болмасам да, бір көрген жан екінші рет бұрылып қарай­тын­­дай келісті келбетім де жоқ емес. Бірақ әлі күнге тұрмысқа шыққаным жоқ. Өткен айда 36-ға тол­дым…» деп әңгімесін бастаған бикештің есі­мі Динара екенін кейіннен білдік. Толық аты-жө­нін жа­сырып қалуды құп көрген оны әлгіндей агент­тікте кезіктіргенімізді айта кету керек.

– Осыдан 10-15 жыл бұрын «кәрі қыз» деген құлаққа түрпідей тіркесті естігенде, күліп, қыз­дардың күйеуге шығуды неге бұлай ұзатып ала­тынын түсінбейтінмін. Тіпті «Әр адам – өз өмі­рінің қожасы» дегенді апаларыма шегелеп айтып, бар кінә өздерінен екенін өзгелердің кө­зін­ше мықтап ескертуді жаным сүйетін (жымиып). Жылдар өте келе, олардың кейбірінің жолы болып, теңін тапты. Тағы біреулері ақыры өз үйінен алыстай алмады…

Шыны керек, тұрмыс құрып, бір азаматқа жар болуым керектігі, перзент сүю үлкен бақыт екендігін соңғы 4-5 жылда ғана түсіндім. Баласын жетектеген жас жұбайларды көргенде, қызғанып, «Ана әйелден менің қай жерім кем?» деп өз-өзіме іштей сұрақ қоятын болдым. Әйел бақыты, отбасылық береке туралы жазылған көптеген кітаптарды оқып тауысқаным да бар. Сөйтіп білім аламын, жақсы қызметке орналасамын деп біраз уақытты жоғалтып алған мен нақтылы әрекетке көштім. Ғаламтордағы бірнеше танысу сайттарына тіркеліп, жігіттермен компьютердің арғы жағынан сырласуды әдетке айналдырдым. Ол жақта кіл уақытша ермек іздеген отбасылы ер адамдар отыратынына көп ұзамай көзім жетті. Өмір өтіп бара жатыр, менің кезінде жұрт қызығып-қызғана қарайтын ажарым да бұрынғыдай емес. Қалайша бос отырамын? Не де болса, танысу агенттігінде бағымды сынап көруді ұйғардым. Мұндағылар 2-3 адам ұсынды. Бірақ бұрын отбасылы болған, жасы үлкен кісілер екен. Әлі ешқайсысымен жүзбе-жүз кездеспедім, тек анкетасын көрдім.

Бүгінгі таңдағы барлық ой-арманым – жақ­сы жігіттің етегінен ұстап, отбасылық бақыт­қа кенелу, ана атану, – деп ағынан ақтарылды қаржы саласында еңбек ететін кейіпкеріміз.

Ашығын айтпасақ болмас, танысу агент­тік­те­рінде жар іздеп жабыққандардың басым бөлігі – жастардың тобына жатпайтын, қарттардың қата­рына қосылғысы келмейтіндер. Сондай-ақ мұнда сыңардан бұрын сырлас қарастырғандар бар­шылық... Сөз басында агенттік басшысы кел­тір­ген көрсеткіштің төмен болуының бір себебі осында жатса керек.

 Үміт пен үрей

Кез келген әлеуметтік желілерде — «Face­book», «ВКонтакте», «Instagram», «WhatsАpp», т.б. басы бос азаматтар мен арулардың шоғырланатын арнаулы топтар бар. Бұлардың атауы да әрқилы: «Танысу алаңы», «Кел, сыр­ла­сайық», «Сені іздеймін», «Танысу бұ­ры­шы»... Барлығында да өмірлік жарын іздегендер аты-жөні мен жасын, бойы мен салмағын жазып қалдырады. Ғаламтор арқылы танысудың шара­патын көріп, шаңырақ көтергендер Ақтө­бе­де де аз емес...

Сол сияқты, әсіресе орыстілді газет-жур­нал­дар­ға хабарландыру беріп, серік іздейтіндердің саны біршама екен. Барлығы дерлік телефон нөмірін қалдырыпты... Жасы негізінен 45-тен жоғары екені де көрсетілген. Оған осы материалды дайындау барысында қанық болдық. Десе де, олардың адами сезімдерін талқыға салып, қызықтағандай әсер қалдырмайық деп сөзге тарта қоймадық.

Бұдан бөлек, мұндай топтағылар үшін танысу һәм тақырыптық кештер ұйымдастырылады екен. Әсіресе біз айтып отырған басқосулар Алматы қаласында көптеп өткізіледі. Біздің ша­һар­да бұл анда-санда көрініс табады... Асылы, ақылы негіздегі кездесулердің басы-қасында жүріп, талапқа сай өтуіне мұрындық бола­тын­дар тапшы және онда қандай адамдардың жина­лып, соңы қалай аяқталатыны да белгісіз. Бұл әлеуметтік желілердегі таныстыққа да қа­тыс­ты. Солай болса да, «Үмітсіз шайтан» деген жалғызілікті жандар қайткен күнде де өз бақытын табуға тырысады... Әйтпесе, белгілі әнде ай­тылатындай, «іздемеген жігітке қыздар қайда?..».

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

журналист

 Ақтөбе

P.S. Құстың қос қанаты секілді адамдардың да жұп болып тіршілік кешіп, отбасылық өмірдің қызық-қуанышына бөленгені, сөзсіз, қажет-ақ. Ол үшін сыңарыңмен қай жерде һәм қашан танысқаның аса маңызды емес... Ең бас­тысы, табысқан өмірлік жарыңның сені сыйлап, екі адамның жарасып кеткені болса керек.