Саясат • 07 Ақпан, 2020

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хурал төрағасының қабылдауында болды

668 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хурал төрағасы Гомбожавын  Занданшатардың қабылдауында болды.

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хурал төрағасының қабылдауында болды

Кездесу кеше 6 ақпанда өтті. Кездесу барысында Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хурал төрағасы  Гомбожавын Занданшатар өзара іс-қимылдың түрлі салаларындағы Қазақстан-Моңғол қатынастарының дамуының оң динамикасын, сондай-ақ Моңғолия Қазақстанмен екіжақты қатынастарды түрлі салаларда кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Ж.Әділбаев Г.Занданшатыр мырзаны  келе жатқан моңғолдың ұлттық мерекесі «Шаған» мейрамы және Парламенттің күзгі сессиясының сәтті аяқталуымен құттықтады.

Қазақстандық дипломат, 25 жылдан кейін тұңғыш рет жасалған Моңғолияның премьер-министрі У.Хүрэлсүхтың Қазақстанға ресми сапары екі жақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың одан әрі қарқынды дамуына жаңа серпініс бергенін атап өтті.

Тараптар ағымдағы жылғы зейнетақымен қамсыздандыру, инвестициялар, ауыл шаруашылығы, көлік, білім және ғылым, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылдың перспективалары, сондай-ақ бірқатар ведомствоаралық құжаттарға қол қою мәселелерін талқылады.

Г.Занданшатар мырза екі ел арасындағы Парламентаралық байланыстарды нығайтуға көңіл бөлу, бірлесіп ауқымды және нақты жобаларды іске асыру қажеттілігі бойынша ой-пікірін жеткізді.

Ж.Әділбаев Моңғолияның заң шығарушы органының басшысына Қазақстандағы соңғы ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекеттің одан әрі дамуына қатысты саясаттың мақсаттары мен міндеттері жөнінде мағлұмат берді.

Сондай-ақ Елші Г.Занданшатарға алдағы жылдың 5 шілдесінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы: мемлекеттік стратегия және көшбасшылық феномені» тақырыбында өткізілетін конференция жөнінде ақпарат бере отырып, осы іс-шараға моңғол тарапының жоғары деңгейде қатысатынына сенім білдірді.

Қазақстандық дипломат Парламент Төрағасына 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әбунасыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, сондай-ақ Алтын Орда құрылуының 750 жылдығын тойлауға арналып өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы мәлімет берді.

Сонымен қатар Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы биыл 24 маусымда моңғол елінде өтетін парламенттік сайлауға жеке тоқталып, оның келер жылдардағы Моңғолияның саясатына әсер ету салдары бойынша жалпылама түсініктеме берді.

Г.Занданшатар Моңғолияда шоғырланған қандастарымыздың моңғол қоғамының үйлесімді құрамдас бөлігі екенін және олардың алатын ерекше рөлін атап өтті.

Қуат УАТХАН,

Моңғолия