Қоғам • 07 Ақпан, 2020

Оқушылар ұшқыштар даярлайтын әскери институтқа барды

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбедегі 11 мектептің 200-ге жуық жоғары сынып оқушысы ұшқыштар даярлайтын әскери институтқа барып қайтты.  Аталған экскурсияны жастарға кәсіби бағдарлы жұмыстар мен әскери-патриоттық тәрбие беру аясында әскери қызметшілер өткізді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқушылар ұшқыштар даярлайтын әскери институтқа барды

Институтқа кірген сәттен бастап оқушылар аталмыш оқу ордасының күнделікті тыныс-тіршілігі мен қызу жұмыстарын, оқу сыныптарында курсанттардың емтихан тапсыру және оқытушылардың дәріс оқу сәттерін көрді. Ең алдымен болашақ талапкерлер институттың қалыптасуы мен дамуының әртүрлі кезеңдерін көрсететін көрмеге шақырылып, білім ордасының 45 жылдық тарихында болған маңызды оқиғалары туралы әңгімелесті.

«Мен Ақтөбе қаласында туып өстім. Кішкентайымнан мені ата-анам мамыр айындағы мерекелерде қала тұрғындары барып тамашалайтын ашық аспан астындағы мұражайға апарады. Мен ұшақтардың, тікұшақтардың тарихын жаттап, олардың кабинасына кіріп өзімді ұшқыш ретінде сезінетінмін. Мен мамандығымды сол кезде таңдап қойғанмын. Биыл осы институтта білім алу құжаттарымды тапсырамын»,- дейді болашақ талапкер Михаил.

Жоғары сынып оқушыларына кафедраларда авиациялық қару-жарақты техникалық пайдалану, құрастыру, әуе кемелері мен авиациялық қозғалтқыштарды пайдалану мен агрегат түрлері таныстырылды.

Сонымен қатар қару-жарақ түрлерінің құрылысы мен іс жүзінде басқарылмайтын қарудың іс-қимыл қағидалары көрсетілді. Оқу ордасына экскурсия мәдени-демалыс орталығында аяқталды. Онда оқушылар институт жайында бейнероликтер көріп, әскери қызметшілер болашақ талапкерлерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

«Осындай ашық есік күндерінің маңыздылығын бағалау керек. Жоғары сынып оқушыларын экскурсияға шақыра отырып, біз болашақ талапкерлерге оқу процесінің жай-күйін сезінуге, оқу-материалдық базасын және курсанттардың өмірін көруге, оқытушылармен кездесуге мүмкіндік береміз. Біздің міндетіміз – талапкерлерді тарту ғана емес, олардың ішінде үздіктерін таңдау болып табылады»,- дейді Әуе қорғанысы күштері Әскери институты бастығының орынбасары подполковник Бекболат Жұмабаев.

Естеріңізге сала кетейік, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институты – ұшу және инженерлік мамандықтар бойынша 11 авиациялық маман даярлайтын Орталық Азиядағы жалғыз әскери оқу орны.

Институтта Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген курсанттар білім алады. Оқытудың барлық кезеңдерінде олар мемлекет қамқорлығында болады.

Сонымен қатар олар ақшалай қамтамасыз етіліп, үш мезгіл тамақтанады сондай-ақ тегін медициналық көмек көрсетіледі.  Жыл сайын курсанттарға 30 күнтізбелік күн есбінен демалыс өткізуге баратын және қайтатын жолымен қоса төленетін демалыс беріледі. Институтты аяқтағаннан кейін түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом мен «лейтенант» әскери атағы беріледі.