Аймақтар • 08 Ақпан, 2020

«Жазықсыз жан өлді деп ойлай ма екен...»

624 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өңірдің орман алқаптарында аң аулаушылықпен заңсыз айналысатындарды құрықтау шаралары жиіледі. Соның нәтижесінде жуырда облыстық және аудандық табиғат қорғау полициясының тобы және «Соколов» аңшылық шаруашылығының аға қорықшысы Желяково ауылы маңында ақ қарда сайрап жатқан қанды іздің бойымен жүріп отырып, екі браконьерді ұстады.

«Жазықсыз жан өлді деп ойлай ма екен...»

Олар қарда жүргіш «Yamaha» жылдам көлігімен табиғаттың көркі - сұлу еліктерді қуып жүріп атқаны белгілі болды. Браконьерлердің жүк салғыштарынан бір және ағашқа іліп, мүшелей бастаған екінші еліктің еті табылды. «Сібір елігі» деп аталатын бұл жануарларды барлық аша тұяқтылармен бірге бірінші қаңтардан бастап атуға заңмен қатаң тыйым салынған еді. Өйткені бұл кезеңнен жануарлардың төлдеуге дайындалатын кезеңі басталады.

Бірақ ашкөз браконьерлер заңды да, табиғаттың көркін де аяққа басып, сұлу еліктерді қызыл қанға бояған. Өркениеті жоғары дамыған еуропалық елдерде мұндайға аса ауыр жазалар белгіленген. Ал бізде заңсыз аң аулауды жазалау жөніндегі заңнамаға үстіміздегі жылдың 11 қаңтарынан бастап енгізілген қатаңдату өзгерістері мен толықтыруларға сәйкес үш мың АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұрын бұл жаза бар болғаны 160 АЕК көлеміндегі айыппұлмен немесе 40 тәулікке дейінгі бас еркінен айыру жазасымен шектелген еді. Енді бас еркінен айыру жазасы 3 жылға дейін ұзартылды.  

Қазір аң аулау заңнамасын бұзған Петропавл қаласының отыз бес жасар тұрғынына қарсы сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Одан қылмыс орнынан алынған екі еліктің еті, есепке қойылмаған қарда жүретін көлігі, 12 калибрлі тегіс ұңғылы «ИЖ» мылтығы, аңшы пышағы, сондай-ақ, оқ-дәрілер алынған. Сонымен бірге оның жанындағы адамның қылмысқа қатыстылығы тексерілуде дейді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Аңда бірге жүрген адамның «аң аулауға қатыстылығы анықталуда» дегеннің өзі күмәнді ойлар тудыратыны сөзсіз...

«Бұл - жыл басынан бері анықталған заңсыз аң аулаудың 5-ші, ал «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған 4 факті болып отыр, - дейді Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы, полиция капитаны Асхат Қожабаев. – Ұрғашы еліктің буаз екендігін анықтау үшін мүшеленген ет сараптамаға жіберілді, бұл салынатын айыппұл көлемін анықтайтын факторлардың бірі».

 

Солтүстік Қазақстан облысы