Руханият • 10 Ақпан, 2020

Қара өлеңнің уәлиі

958 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жас уақытта махаббаттың шалығы тиіп, жүректің солығы басылмай тұрған кездерде шайырдың сезім ғазалдарын көшіріп алып, жан қалтамызға салып жүретін едік. Бұл – нағыз ақын басқа болады екен деген ойдың қылаң беріп қалған кезі еді. Шын ақынның көңіл көзі көре алатын барлық жағдай жай пендеге жұмбақ. Мұқағалидың өлеңдеріндегі мұң да, сыр да бізге сондай жұмбақ еді. Қарапайым болғанымен қарабайыр емес, керісінше құдіретті жырлар өз өрнегімен тамырымызға түсіп, өлең тағдырымызға айнала бастаған кезден бастап өзгеше өрісін ашты.

Қара өлеңнің уәлиі

Мұқағали әр қазақтың жүрегіне қа­ра өлеңнің уәлиі ретінде жол тапты. Ақын­ның уәлилігінің бірнеше белгісін оның шығар­машылық болмысынан көруге бола­ды. Тағдырынан да. Әлбетте уәли әулие деген ұғым, бірақ ол әлдебір емші-көріп­кел­дердің ғана емес, ақынның болмысында да болады. Тәңірдің өзі маңдайын жар­қыратып қойған ақын, өзінің тағдырын өлең мен сөзге сіңіріп кеткен екен.

Өзімнің есебімде,

Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.

Кім біледі... ендігі қалған өмір,

Неше жылға жетерін, неше күнге.

Ұмыт болып есебің, өсегің де,

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

Қырықтың бесеуінде...

Ақын-тағдырдың, өлең-өмірдің жал­ғанның жарығында қанша жүретінін ақын­ның өзі кесіп айтып тұр ғой. Бұл шайырдың шері, бірақ ғарышта, біз білмейтін тылсым әлемде жазылып қой­ған ақын тағдыры мен ақынның жү­рекжарды өлеңінің сәйкес ке­луі таңдан­дырады. Қазақ әдебиетіндегі қара дауы­л шынында да қара өлеңнің қанатын мезгілсіз қиып кетті. Біздің ойымызша, шайыр болмысындағы уәлиліктің бірі осыдан көрінеді. Әлемде өз тағдырын өзі болжаған уәли-сөз иелері бар, әлбетте қазақ­тан Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлын айтар едік. Қай­тарынан бір жыл бұрын елді жинап, ас бер­ген адам. Ал Мұқағали ақын­ның бұл кесімі сәуегейлік емес, уәлилік еді.

Қырық бес жыл ғана ғұмыр кешкен Мұ­қағали Мақатаевтың өзегін жарып шыққан шығармалары бір бөлек те, Дан­теден аударған «Құдіретті коме­дияның» сорабы бір бөлек. Кеңестік кезеңде, Құдай туралы айтпақ түгілі ойлаудың өзі қылмыс-күнә саналатын шақта бұл қадамға оны қандай тылсым күш апарды деп ойланатынымыз рас. Әлбетте ақындық таланты дерміз, бірақ бір құдіретті күштің, жаратылысында бар уә­лиліктің ақынды осы арнаға түсіріп жібергенін көреміз. Айналып келгенде Жаратқанның өзі жетелеген деген пайым туады. Құдайды тану үшін діндар болу шарт емес шығар, бірақ санаға ғайыптан сәуле түсіп тұруы ақиқат. Жанның нұрға шомылмағы ләзім. Ақынның жары Ла­шын Әзімжанқызы өзінің естелігінде «Мұ­қағали кейде «бір Жаратушы бар» деп отыратын. Өмірде дүние орнына келген бе, кейбір кездерде ашуланасың, әсіресе соның бәрін істеп жатқандай Мұқаңа да тиісіп кетемін, Құдайын да жақсы демей­мін, оған да сыбаға дайын. Сол кездерде «Ей, асыра сілтеме, о жақта нең бар, мені ғана ірей берсеңші» деп шырылдайтын», деп жазады. Сонымен қатар Лашын Әзімжанқызы «Мұқағалиға өте ауыр тиген, денсаулығына да көп әсерін тигізген қиын аударма – әлем әдебиетінің жарық жұл­дызы, Италия перзенті Дантенің «Құді­ретті комедия» дастанының «Тамұқ» бөлімін аудару болды. Бұл дастанды 1965 жылы бас­тап 1966 жылы түнімен отырып аударып жүріп екі жылда әрең аяқтады. Осы аудармада қатты қалжырап кетті», дейді тағы. Мұхаммедқали деген азан шақырып қойылған қасиетті есімі бар Мұқа­ғали ақынның Тәңірді тануға деген құштарлығы, құдіретті болмысқа деген сүйіспеншілігі Данте әлеміне алып барса керек. Мұның бәрі ақын көкірегіндегі құдіреттің кең әлемге қа­лық­тап шығуы еді. Құдай – адам сана­сындағы нұрлы құдірет, көңіліндегі кие. Тірлікте ақынның жан әлемі пендеден емес, Құдайдан жұбаныш табады. Данте-Мұқағали болмысының бір арнаға тоғысып, сөз, ой мен рух арқылы Аллаға қарай баруы сондықтан.

Маңдайына бұйырған бақ пен сор, өмір­дің сабақтары көрсеткен ақ пен қараның айқасы, болмысына жаратылыстан берілген уәлилік оған өзінің кім екенін өлеңдері арқылы білдірген дегіміз келеді. Ақынның өзін оқысақ: «Сонымен достар, бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер, нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни, жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным», дейді күнделігінде. Мұны 1976 жылғы 14 ақпан күні жазыпты. Бұл өлең де, күнделіктегі сөз де – аманат. «Бір ғана бүтін поэма» – өзі айтқан қырық бес жылдық ғұмырдың мәңгі өшпейтін шырағы екен. Тірліктің түрлі иірімдері, берісі жанының жазирасын жайлаған өкініш, арысы өлеңнің дерті шыңырауда тұнған шайыр шындығын жеті қат көкке көтерді. Құдайды іздеу, тану, құдіретіне илану бекзаттықтың көрінісі. Мұқағали ақынның «Моцарт. Жан азасы» реквиемі де Құдайды іздеген, ақыры таныған жанның сөзі. Шайырдың өмір мен өлім арасындағы арпалысы. Сол арқылы өзін өзі жоқтаған қаралы күй. Шолақ ғұмыр, келте тағдырға базына. Әйтпесе ақын «Мен сені сүйгем, жа­ныммен сүйгем, Жарық Күн, жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың. Ақ сәулең сенің аймалап мені, Жарық Күн, тұрған да бо­лар үстінде мынау табыттың» демейтін еді. Тағы да сол, ақын жан-жүрегімен іздеген Құ­дай, бірақ қашанда Құдайдың дегені болады.

Мұқағали ақын өлең жазарда «Бір тылсым күш құлағыма сыбырлап тұрады» дейді екен. Ұлы Құдірет кейбір сөз иелерінің болмысына осындай сирек кие дарытып қоятын болса керек. Ақын пайғамбар болмаса да, оған түскен өлең Құдайдың уаһиы секілді. Адам өмірге келгенде кім екенін білсе де, кім болып ғұмыр кешіп жүргенін білсе де, жалғанның жарығынан қайтатын күнін білмейді. Мұқағали ақынның «Ұйық­тап кетсем болғаны төсегімде, қырықтың бесеуінде» деген тылсым өлеңі өзінің болмысында жасырылған уәлилік қасиетті өмірінде сездірсе керек. Ақынның анасы Нағиман Батанқызы перзенті туралы естелігінде «Айналдырған ауру алмай қоймайды» дегендей, арыстай азаматымыздан айырылдық та тындық. Бұл – 1976 жылдың 27 наурызы болатын», дей­ді. Біз Мұқағалидың жүзін көргеніміз жоқ, бірақ ақын туралы ақиқат пен аңыз қатар өрілген естеліктерді оқыдық, естідік. Ақын қайтыс болатын жылы жарық көрген «Өмірдастан» жинағын қолтаңба жазып, өлеңсүйер қауымға ұсынғанда да соңына «1976 жыл, 27 наурыз» деп жазыпты деген­ді талай естігенбіз. Кейін ақынның жары Лашын апамыздың естелігінен «Осы таңдамалысын өз қолымен жақсы көретін адамдарына автограф жазып қойды. Сон­да бәріне «27 наурыз, 1976 жыл» деп жа­зыпты. Сол тура өлген күні болды. «Өмірдастанды» алған соң екі күннен кейін қатты приступ болып, ауруханаға түсті де, соңғы күндері қиналып жатып, қайтыс болды» деген ауыр жолдарды оқыдық. Адамның тағдырын әуелде Құдай тағала белгілейді десек те, сол Құдірет өзі сүйген жаратылысына уәлилік қасиет дарыту арқылы бәрін сездіреді екен. Жар естелігіне тағы да қайырылсақ, «Ол дүниеден ерте кететінін білетін. Кейде: «Мен елу жылдық тойымды көре алмаймын, балаларыңа бас бол, мені жоқтатпа, сен өзің кеткенше азық болатын дүние жазып кеттім. Соған ие бол! Қысылмассың. Өз өзіңе мықты бол!» деп отыратын», деген қасіретті жолдарды оқимыз. Мұның бәрі де Жаратушының өзі сездірген тылсым сырлар екенінде дау жоқ.

Тәңірдің тылсымына бойлау мүмкін емес. Өлең де, сөз де ғарыштан түсірілген Құдай­­дың құбылысы. Ол таланттарға қонады, бірақ сөздің өзі жанның терең түк­пірінде болмысқа айналып, кім көрін­генге Алланың алқауымен аян бере бер­мейді. Ешкім де қай күні өлетінін біл­мейді. Ал Құдайдың құзырына байланған жүрек, Құдайлық қара өлеңнің киесі қонған сөз иесі бәлкім тағдырын болжай алады. Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы Алла­ның дәргейіне самғаған парасатты рух. Құ­діретті сағынған аспани аңсардың ізгі көрінісі.

Жапырақ-жүрек жас қайың,

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын,

Келісесің бе, жас қайың?!

Ақын өзі жазған өлеңінде айтқан жа­­сында, қалдырған қолтаңбасында жа­­зылған күнінде жерден көкке көте­рілді. Мына өлеңінде айтылғандай, жыр тұнған жүрек ақ қайыңға айналып, қай­та соқты. Қайта жаратылды. Иә, өлең­ді түсіндірудің, қай өлеңде не ай­тыл­­ға­нын тәптіштеп жатудың қажеті жоқ. Қа­дыр Мырза Әлі «Не құдірет ба­рын біл­мей­мін, осы өлеңді өлердей жақсы кө­рем! Неге? Неге? Түсіндіріп көруге бола­ды, әрине. Бірақ соның бәрі, өлең­нің өзі­мен са­лыстырғанда жай сөз болып қана шы­­ғады. Өлеңнің қадірін кетіріп, бағасын тү­­сіресің. Тіпті обалына қаласың», дейді «Иі­­рім» кітабында. Осы сөзге тоқтаған дұрыс.

Айтылып жүрген сөз болса да ай­тайық, Мұқағали өлеңдерінен өмірге құш­тарлықты, табиғатқа сүйіспеншілікті көруге болады. Құдай жаратқан қара өлең­нің уәлиі дүние кешкелі қырық жыл­дан асты, бірақ қазір әр қазақтың аузында Мұқағали. Үлкен ағаларымыз Мұқа­ғалидың классик екенін айтады. Әдебиетке енді қадам басқан жас ақын­дардың да құрметі алабөтен. Өтежан Нұрғалиевтің сөзімен айтсақ, «Кімнің Мақатаев болғысы келмейді?» Бұл да қара өлеңнің уәлиіне деген құрмет. Бәлкім сағыныш. Шайырдың рухы бүгінде аспанды айнала ұшып жүр. Ақиық Алатаудың сілемдерінде табиғи Мұқағали мүсіні пайда болды. Он шақты жыл бұрын. Бұл адамның емес, Құдайдың орнатқан мүсіні болатын. Алматы облысының Бақай мен Сар тауының ұштасып жатқан жеріндегі Құдайдың құдіретімен сомдалған кесек мүсін Мұқағалидың қара өлеңнің уәлиі екендігінің тағы бір ұлы айғағы еді.

 

Жамбыл облысы