Атап айтар болсақ, 52 килодағы Махмуд Сабырхан финалда үндістандық Лалитха Прасада Полипаллиден басым түссе, 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Айбек Оралбай (91 кг) аталған турнирде қарсылас шақ келтірмеді. Ол да финалда үндістандық Гаурава Чауханнан айласын асырып кетті. Ал әйелдер арасында сынға түскен Римма Волосеннко (60 кг) ресейлік Ектерина Дынникті жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды. Финалдық сайыста жұдырықтасып, франциялық Вахид Хамблиге жол берген Талғат Шәйкен күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ жартылай финалда сүрінген Айдос Арапов (57 кг), Нұрбек Оралбай (81 кг), Дамир Тойбай (+91 кг) және Марина Вольнова (69 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетейік, ерлер сапында жұдырықтасқан отандастарымыз еліміздің үшінші-төртінші нөмірлі боксшылары саналады. Ал ұлттық құраманың негізгі боксшылары наурыз айында Иорданияда өтетін лицензиялық жарысқа дайындалып жатыр.