Аймақтар • 10 Ақпан, 2020

Жаяу жүргіншілердің көше тәртібін бұзуы жиілеп тұр

595 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылжар көшелерінде қаңтар айында ғана 460 жаяудың жол жүру ережесін бұзғаны анықталды. Бұл екі жүз мыңнан сәл артық тұрғыны бар шаһар үшін үлкен көрсеткіш. Мұның былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда аз екендігіне місе тұтып, жағаны жайлауға жіберуге болмайды.  Жаяулардың жол жүру тәртібін жиі бұзуының өзі қала мәдениетінің кемшін екенін көрсетеді.

Жаяу жүргіншілердің көше тәртібін бұзуы жиілеп тұр

Осы тәртіпті бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Жаяу жүргіншілердің және өзге де жол жүрісіне қатысушылардың қозғалыс ережесін бұзу» бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бірақ соны жиі айтып, жүргіншілердің құлағына құя беру жағы аздық ететін сияқты. «Барлық дерлік бұзушылықтар – белгіленбеген жерде жолды кесіп өтумен байланысты», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны Азамат Жамұқов.

«Сонымен қатар, кейбір жаяу жүргіншілер келе жатқан көліктің бар-жоғына көз жеткізу үшін жан-жағына қарауды да естерінен шығарады, тіпті телефон құлаққаптарын тағып алып, өздерін автомобильдердің дабылдарын есту мүмкіндігінен айырады. Автомобиль төмен жылдамдықпен келе жатқанның өзінде, әсіресе қыс кезінде оның кілт тоқтуы мүмкін еместігін жаяу жүргіншілер естен шығармағаны жөн. Жаяу жүргіншілер жол жүрісі ережелерін бұзғанда 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлмен құтылатынын ғана ойламай өзінің және жол қозғалысының басқа да қатысушыларының  өмірі мен денсаулығына қатер тудыратынын да ескеруі керек», - дейді капитан.

Жол жүру тәртібіне сәйкес көру аймағында өткел немесе жол қиылысы болмағанда жолдың жүру бөлігінің шетіне тік бұрыштап, екі жақтан да жақсы көрінетін жерден жолды кесіп өтуге болады. Жолдың жүру бөлігін елді мекенде бөлу жолағы болған кезде, сондай-ақ жаяу жүргіншілер немесе жол қоршаулары орнатылған жерлерде жаяу жүргінші өткелдерінен тыс кесіп өтуге рұқсат етілмейді. Қызылжарық жаяулар көбінесе базар маңындағы жолдарды кесіп өтуде жол тәртібін бұзатын көрінеді. Соның ішінде «Алтын арман» мен «Тайга» базарларына келушілер «реттелетін өту жолдары тым алыс» деген сылтауды көп айтады екен. Алайда мұндағы жүргіншілер өткелдерінің орналасуы мемлекетаралық стандартпен реттелген. Олардың арақашықтығы 200 метрден артық емес.

Өткен жылы Солтүстік Қазақстанда жаяу жүргіншілердің кінәсінен жалпы саны 31 ЖКО орын алып, онда 3 адам қайтыс болып, 34-і жарақат алған  Осылардың ішіндегі 7 оқиғада жаяу жүргіншілер масаң күйде болған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы