Аймақтар • 11 Ақпан, 2020

Маңғыстауда көгілдір отын мәселесі «тұтана» бере ме?

435 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Маңғыстауда газ мәселесі тұтанғанына аз болған жоқ – біресе, газ жетпей көліктер таңды таңға ұрып стансалар алдына кезекке тұрса, енді бірде газдың бағасы құбылып, тұрғындардың ығырын шығарды.

Маңғыстауда көгілдір отын мәселесі «тұтана» бере ме?

Қоянтобық

Өңірде газды өңдеп, ха­лық тұтынуына даярлайтын бірден-бір қазан – Жаңаөзен қала­сын­дағы «Қазақ газ өңдеу зауы­ты» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі. Пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға таяп қалған зауытта қазір мыңға тарта адам еңбек етуде. Аталған зауыт аймақ­тың газға деген қажеттілігін толы­ғымен өтей алмай отыр. Серіктестік жылына 14 мың тоннадан аса газ өндіріп отыр, өңірдің сұранысын толық өтеу үшін 25% сұйытылған газ өзге аймақтардан тасымалдануда. Сондай-ақ облыста сұйытылған газ пайдаланатын автокөлік саны күрт өскен. Өңірде тіркелген 164 мың көліктің 70%-ы сұйытылған газ қолданады. 2018 жылдың қаңтар айында «ҚазГӨЗ» 470 тонна газ өндірсе, бүгінде бұл көрсеткіш 570 тоннаға жеткен.

2019 жылдан бастап сұйы­тыл­ған газ электронды сауда алаңына қойыла бас­тады. Мамандар келтірген мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдың басында электронды сауда алаңы арқылы газ өткізу өңірге жеткізілетін газдың жалпы көлемінің 5 пайызын құраса, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 20 пайызды құраған.

Нәтижесінде 2019 жылдың ақпан айында электронды алаң арқылы газ сату бағасы тоннасына 43 мың теңгені құраса, 2019 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш тоннасына 80 мың теңгеге жетті. Мамандар мұны «газ бағасы электронды алаңда белгіленген баға бойынша емес, ұсыныс пен сұраныс негізінде қалыптасады» деп түсіндіреді.

Жуырда Энергетика министр­лігінің Газ және мұнай-газ химия­сы департаментінің директоры Зияш Қияқбаев газды электронды сауда алаңы арқылы сату жыл соңына дейін 100% көшу жос­парланғанын жеткізді.   

– Ашықтықты қамтамасыз ету және сұйытылған мұнай газының тиімді нарығын қалыптастыру үшін электронды сауда алаңы арқы­лы сауда-саттыққа толық көшу қажет. Бұл өндірушілердің мүдде­леріне сәйкес келеді және сала­ға инвестиция тартуға көмек­теседі, – деді З.Қияқбаев.

Ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарына сәйкес, Энергетика министрлігі Маң­ғыстау облысына 2020 жыл­дың қаңтар айына 18,800 тонна сұйытылған мұнай газын бөлді. Оның ішінде 11 291 тонна сұйытылған мұнай газы «КазГӨЗ» ЖШС-нен, 3,747 тонна сұйы­тыл­ған мұнай газы – сырттан, яғни «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-нан жеткізілсе, 3,760 тонна сұйы­тыл­ған мұнай газы – электронды сауда алаңдары арқылы саудаланады.

Расында, электронды сауда алаңы Энергетика министрлігі өкілі айтқандай ұтымдылыққа, ашықтыққа қол жеткізе алатын тетік ретінде сенімді ақтады ма? Жаңаөзендегі зауыттан белгіленген бағада сатылуы тиіс өнім қымбаттап, нарықтағы газ бағасының көтерілуіне әкеліп соқтырды.

Министрлік өкілі тиімді тәсіл ретінде түсіндірген мәселені жергілікті халық әлі түсіне алмай, «алаң» жайына алаңдап келеді. Құзырлы орындар үшін заңға сай электронды сауда алаңы арқылы іс жүргізген дұрыс, себебі - тәртіп пен талап солай, ал халық пікірі оны «құрту керек» деп есептейді.

Делдал: сүйкенген түйелер арасында қалған тұтынушы

Мәселеге орай Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаров, Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Б.Қартбаев халық өкілдерімен кездескенде, Б.Қартбаев сұйытылған газ саласында әрекет ететін төрт топ бар екенін айтқан. Біріншісі – газды өңдеп-өндіретін «Қазақ газ өңдеу зауыты» болса, екіншісі – Газ желілік ұйымдары. Заңға сәйкес, сұйытылған мұнай газы ішкі нарыққа осы газжелілік мекемелер арқылы жеткізіледі. Қазіргі таңда Маңғыстауда «SK LTD KZ» ЖШС, «TanaGazCom» ЖШС, «BatysCaspianService» ЖШС, «АвтогазТрэйд» ЖШС, «АДМ ГАЗ» ЖШС және «Газ Центр» ЖШС сынды алты мекеме жұмыс істеуде. Құзырлы орындар газжелілік мекемелер сұйытылған газды орташа есеппен Ақтау қаласында 58 теңге, Жаңаөзен қаласында 55 теңге, Бейнеу ауданында 65 теңге, Мұнайлы ауданында 55 теңге, Маңғыстау ауданында 57 теңге, Қарақия ауданында 56 теңге және Түпқараған ауданында 55 теңгеден сатып жатқанын айтады. Үшінші топ – газ сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер болса, соңғы топ – тұтынушы. Бағаны «әрі итеріп, бері жыққан» ахуал да осы электронды сауда алаңы мәселесі, сондай-ақ газ желілік мекемелер, кәсіпкерлер арасындағы өзара түсініспеушіліктің, әлде жұмыстың толық ұйымдастырылмауы салдарынан болып тұр. Халық газжелілік мекемелерді зауыт пен халық арасындағы делдал деп бағалап, «делдалдың қажеті бар ма?» деген сауалға жауап іздейді. Демек, газ бағасының көтерілуі делдалдардың килігуінен туындап тұр.

Қалай болғанда да, Маңғыстауда газ бағасында тұрақтау болмай тұр. Тіпті, желтоқсанда жаңаөзендік жүргізушілердің үн қатуына себеп болған да осы жағдай болатын. Қаладағы газ құю стансаларында 55 теңгеден сатылған газдың бағасы аяқастынан көтеріліп, 58 теңге, бір нүктелерде 60, енді бір стансаларда 62 теңгеден сатылғаны түсініксіздік тудырған болатын.

«Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, «Қазақ газ өңдеу зауыты» сұйытылған газдың тоннасын 43 мың теңгеден делдалсыз шығаратын болса, газдың литрін тұтынушыға 43-45 теңгеден сатуға болады екен. Жергілікті зерттеуші-зерделеуші азаматтар «делдалсыз» әрекет етудің «Газ және газбен қамту» заңының нормаларына сәйкес келмейтінін айтады.

Нарықтық экономикадағы бәсекелестік орта, бәсекелестікті дамыту қағидалары неге халықтың қалтасына салмақ салып, тұтынушы тараптың материалдық зардап шегуі арқылы жүзеге асуы тиіс? Керісінше, экономикалық өрлеу мен бәсекелестік халықтың жағдайының жақсаруына қарай негізделіп, олардың да әлеуметтік тұрғыда нарыққа жауап бере алатындай болып қалыптасуына қызмет етпейтін бе еді? Газ мәселесінде тұралап та, тұтылып та қалған тарап – тұтынушы!

«Атамекеннен» араша сұрауда

Сұйытылған газды алу-сату мәселесінде жеке кәсіпкерлер мен газжелілік мекемелер арасында өзара текетірес, бәсекелестік бар.

Газды сатып алу және сату кезінде кедергілер туындап отырғанын айтқан бір топ кәсіпкерлер Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасына арызданды. Кәсіпкерлердің ұжымдық арызында жергілікті әкімдіктің жанынан құрылған Маңғыстау облысында сұйытылған мұнай газына баға белгілеу мәселесі жөніндегі комиссиясы газдың бағасына негізсіз шектеу қойып отырғаны, сондай-ақ олардың сұйытылған газды электронды сату алаңы арқылы сауда-саттыққа шығару кезінде бағасы шектен тыс қымбаттап отырғаны алаңдататыны айтылған. Мысалы, бастапқыда 1 тонна газдың бағасы 43 мың теңге болып, кейін 80 мың-87500 (186%-203% қымбат) теңгеге сатылып жатқаны айтылады.

– Аталған мәселелердің өзектілігін ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау  және дамыту комитетінің Маңғыстау облысы бойынша  депаратаментіне сұйытылған мұнай газын электронды саудалау кезінде оның бағасына құқықтық баға беріп, заң талаптарына сәйкестігін тексеруді сұрап хат жолданды. Департамент Энергетика  министрлігінің түсіндірмесіне сүйене отырып, «ҚазГӨЗ» ЖШС-нің  СМГ-ын электронды сауда алаңдары арқылы өткізуге баға   белгілеу әрекеттерінен бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылық белгілері байқалмайтынын хабарлады, дейді кеңес төрағасы Шымбай Сұлтанов.

Кәсіпкерлер электронды сауда алаңдарында газ сату кезінде,   оның ұйымдастырылуы мен өткізілуіне сенімсіздік білдіріп,  бұл шараны Маңғыстау облысында ұйымдастыру керегін және іскерлердің өздері қатысуға дайын екенін хабарлады.                 Бұл мәселе бойынша қандай талаптар қойылатыны туралы түсіндірме беру үшін Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына хат жолданды.

Шымбай Сұлтановтың айтуынша, Маңғыстау өңірінде сұйытылған мұнай газын сату, сатып алу процесі, газ бағасы электронды сауда алаңы арқылы белгілеуге толық көшу қазіргі өзекті проблемалардың бірі. «Газ және газбен қамту туралы» заңы 2012 жылдың 9 қаңтарында қабылданып, бірталай қосымша, өзгеріспен толықтырылуда. Күннен-күнге ішкі тұтыну нарығы өсуде. Қазір газдың 20 пайызы ғана нарық заңы бойынша саудаланады. Демек, жеке кәсіпкерлердің құқын қорғап, мәселедегі оң мен терісін саралап, ақ-қарасын ажырату «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облысындағы филиалына жүк. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, өз құзырында шешілмейтін істе олар да жоғарыға жаутаңдайтыны анық.

Бір жылдық үнсіздік...

Маңғыстау облысы әкімдігі өкілдері сұйытылған мұнай газы бағасын тұрақтандыру мақсатында Энергетика министрлігімен бірлесіп, тиісті жұмыстарды қолға алғанын айтады. Облыс әкімдігі бағаны тұрақтандыру бойынша аймақта жұмыс істейтін барлық газ желісі ұйымдарымен меморандумға қол қояды, газ желісі ұйымдары өз кезегінде бұл мәселе бойынша бөлшек сауда сатушыларымен – жанармай құю стансаларымен жұмыс істемек. Сондай-ақ, Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газын Маңғыстау облысына басқа өңірлерден жеткізуді арттыру мәселесін қарастыруда.

Ал Маңғыстау облысы әкімдігі, Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаров, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-ның, жеке кәсіпкерлер мен тұтынушы тараптың пікірлерін тыңдап, саралай келе 2020 жылғы 1 ақпаннан 1 мамырға дейін сұйытылған газдың бағасын 50 теңгеден, 1 мамырдан 31 желтоқсанға дейін 52 теңгеден асырмай тұрақтандыра ұстап тұруға келісіп, ортақ мәмілеге келді.

Бір жыл халық үшін келісілген түсіністік пен тыныштық, шегі бар үнсіздік болса, еліміздің Энергетика министрлігіне тиімді шешім қабылдауға тиісті мерзім.

Маңғыстау облысы