Сұхбат • 11 Ақпан, 2020

Арман Көшкінбаев: Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу – ізгі қоғамның парызы

632 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Арман Көшкінбаев: Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу – ізгі қоғамның парызы

– Арман, «Сәлем» жобасы қалай құрылды?

– Біз коммерциялық емес ұйым­быз. Нақты айтар болсақ, әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысамыз. 1996 жылы Әділет органдарында Мә­де­ниет және білім беру қоғамы қо­ғамдық бірлестігі «Сәлем» атауы­мен ресми тіркелді. Ең алғаш 10 шақ­­ты адамнан құралған топтың бас­тамасымен коммерциялық емес ұйым ретінде ағылшын тілі курсын аш­ты, көмекке мұқтаж жандармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істей бастады. Мүгедектер арбасын таратумен, басқа да түрлі жобалармен айналысты. Аталған ұйым жұмысына 2006 жылы араласа бастадым. Ал алғашқы онжылдықта ұйым өздігінен дамыған. Бастапқы мүшелері жұмыс бабымен басқа қалаларға қоныс аударды. 2013 жылы бағытымызды айқындауды көздеп, «Сәлем» әлеуметтік қалашығы ре­тінде ребрендинг жасадық. Яғни жұмыс бағыттарын айқындадық. Нәтижесінде ағылшын тілі орталығы,  экспедиция тренинг орталығы, мү­гедек жандармен жұмыс істеу және кофехана қоғамдық кеңістігі жобаларын жүзеге асыра бастадық.

– Бүгінгі таңда «Сәлем» брен­дімен бес ірі жоба жүзеге асырылады екен. Осы туралы толығырақ ай­тып берсеңіз?

– Ең алғашқы жобаларымыздың бірі – ағылшын тілі курсы. Жылына 2 мыңға жуық азаматты оқытамыз. Оның 75-ке жуығы жыл сайын тегін немесе жеңілдікпен оқуға мүмкіндік алды. Әлеуметтік әлсіз топтар, яғни көп балалы отбасыдан шыққан азаматтар, мүгедектер мен басқа да мұқ­таж жандарға шет тілін оқытуға жыл сайын жалпы 1 млн теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Басқа студенттерді ақылы оқытып, түскен табысты түр­лі жобаларды жүзеге асыруға жұмсаймыз.

Өңірімізде 2006 жылы орын алған оқиғадан кейін ВИЧ/СПИД жұқ­тырған жандарды қоғамнан оқшаулау белең алды. Сол себепті экспедиция атты инновациялық жобаны қолға алдық. Біз Шымкент қалалық СПИД орталығымен меморандумға отырып, бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Нәти­жесінде 5-6 жылдың ішінде бұл жоба 5 мыңнан астам адамды қамтыды.

Мақтанышпен айтатын үшінші жобамыз – мүгедек жандарға арналған әлеуметтік клуб жұмысы. Қазіргі таң­да қалада бізден басқа мұндай клуб жоқ. Біз еліміздің әр аудан, айма­ғын­да өзінің осындай мүгедек жан­дарға арналған әлеуметтік клубтары болғанын қалар едік.

Арбаға таңылған, ауытқушылығы бар мүгедек жандардың екі аптада бір мәрте жиналуына жағдай жасап, бір-бірімен еркін қарым-қатынас жа­сауына ыңғайлы алаң ұсынамыз. Айына екі рет үйлерінен шығып, далада серуендеудің өзі оларға үлкен қуаныш сыйлайды. Мәселен, әлемнің дамыған мемлекеттерінде дәл осындай қоғамдық клубтар мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға үлкен мән береді.

Бастапқыда ұйымдастыру жұмыс­тарына, концерттік бағдарламалар жүргізуге, түрлі тақырыптарды тал­қылауға, қоғамда қарым-қатынас орнатуға біздің қызметкерлер көп көмек көрсетті. Біртіндеп өздері кон­тент жасауды қолға алса деген мақсатымыз болған. Бес жылғы ең­бектенудің нәтижесінде алға қойған мақсатымыз орындала бастады. Олар өз контенттерін қолға алып, кез­десуді өздері ұйымдастырып, өз мүмкіндіктерін көрсетіп, араларынан көшбасшылар шыға бастады. Қазіргі таңда клубтың жұмысын өз күштерімен жүргізуде.

Биыл Волонтерлар жылы деп жарияланды. Біздің төртінші жобамыз осы бағытпен үндеседі. Жастар арасында волонтерлік мәдениетті дамыту мақсатында «Salem youth» жобасын қолға алдық. «Youth» – ағылшын тілінен аударғанда жас­тар деген мағынаны білдіреді. Бұл клубтың мақсаты – жастарды бос уақытында өзара достық қарым-қатынас орнатуға, достар табуға, қоғамда елге еңбек ететін тұлғаларды тәрбиелеуге, жастар арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға баулу.

Біз жүйелі жолға қойған бесінші жоба «Salem Hub» деп аталады. Бұл ақылы түрде іс-шаралар өтетін қоғам­дық кеңістік ұсыну. Яғни заманауи тұрғыда безендірілген кофеханаларымызда түрлі шаралар, конференциялар, тренингтер өткізіліп тұрады.

– Бүгінде Шымкентте тіл үй­рету курстары көбейіп келеді. Бұл сіздердің жұмыстарыңызға сұра­нысты төмендетпей ме?

– Менің ойымша, кез келген ұсы­нылатын жұмыс сапалы болса, әрдайым сұранысқа ие болады. Қалада 220-дан астам ағылшын тілі курсы бар. Үздіксіз ізденіс арқылы ең үздік үш­тікке ендік. Біз кабинеттеріміздің то­лықтай жабдықталуын жіті қада­ғалап, оқу материалдарының сапасына көңіл бөлеміз. Сол себепті біздің жобамызға сұраныс жыл санап артуда.

Аталған ұйымның негізі қалан­ғаннан бері ағылшын тілін оқыту орталығы жұмыс істеп келеді. Бұл курс – ұйымның негізгі табыс көзі. Әрі «Сәлемнің» қаржылай тәуелсіз болуына септігін тигізеді. Демеушісіз, гранттарсыз осы курстан түскен қаржыны өз-өзімізді қамтамасыз етуге жұмсап, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік аламыз.

– Нарықтық қоғамда қайырым­дылық жобалармен айналысу қаншалықты тиімді?

– Қазір біз қайырымдылық ұғы­мының орнына әлеуметтік инно­вациялық жобалар деген атауды қолданғанды жөн көрдік. Біз үшін әлеуметтік жобалар бизнес көзі емес. Себебі негізгі мақсатымыз ұйымға түскен қаржыны әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жұмсау. Негізгі ұстанымымыз – қоғамға қызмет ету коғамда туындаған мәселелерді шешуге үлес қосу.

– Өзіңіз қолға алған (көшбас­шылық, шығармашылық, көмек, әлеуметтік кәсіпкерлік) тренерлік бағыт туралы не айтасыз?

– Жобамыз өміршең болуы үшін біз тренерлік бағытты да қоса алып жүруді жөн санадық. Жылына екі рет мұғалімдерге және жастарға арналған ауқымды конференция өткіземіз. Онда өзіме ыңғайлы көшбасшылық, әлеуметтік салалар бойынша дәріс оқимыз. Жастардың адал кәсіппен айналысуына, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысын арттыруды көздейміз. Дәстүрлі түрде 90-ға жуық мұғалімге жаз айында семинар өткізіп, біліктілігін арттыруға көмектесіп келеміз. Сонымен қа­тар апта сайын бизнес таңғы асы беріледі. Дегенмен тренерлік бағытты қосымша ала жүріп, бес ірі бағытты жетілдіруді көздейміз.

– «Сәлем» брендін дамыту ойы­ңызда бар ма?

– Франшиза жасау әзірге жоспа­рымызда жоқ. Бірінші кезекте «Сә­лем» брендінің жұмысын одан әрі жақ­сартуға барынша күш сал­сақ деген ойдамыз. «Сәлемнің» жұмыс ауқымы онсыз да кең. Осы жоба­ның ішінен жаңа бағыттар ашып, жүргізуді қолға алуды жоспарлап отырмыз. Айталық, үшінші мегаполис қонақтары үшін ыңғайлы заманауи хостел ашу. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ұсталар шеберханасы мен тігін шеберханасын ашып, спорттық сауықтыру бағытындағы тағы 4 жаңа жобаны іске қоссақ деген ниетіміз бар. Сондай-ақ «Сәлем» сияқты әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға кеңес беріп, модулімізбен қуана бөлісуге әзірміз. Қоғамды жақсартуға үлес қосам деген ізгі ниеттілер болса, қуа­на кеңес береміз.

 

Әңгімелескен

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

 

ШЫМКЕНТ