Хоккей • 11 Ақпан, 2020

Олимпиададан тыс қалды

201 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада шайбалы хоккейден 2022 жылы Қытайда өтетін қысқы Олимпия ойындарына іріктеу турнирі мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы Олимпиада жолдамасынан тыс қалды.

Олимпиададан тыс қалды

«Барыс Аренада» өткен «Н» тобындағы бәсекелерде біздің хоккейшілер алғашқы екі ойында қарсыластарынан ірі есеппен басым түскенімен, соңғы ойында Польша құрамасына есе жіберді. Бірінші матчта Андрей Скабелка шәкірттері әлемдік рейтингте 25-орында тұрған Украина құра­масын 8:1 есебімен тізе бүктірді. Екінші кез­десуде жерлестеріміз 28-орында тұрған Нидер­ланд құрамасымен кездесіп, 7:1 нәти­жесімен жеңіске жетті.

Ал шешуші кезеңде Қазақстан мен Поль­ша құрамалары кездесті. Екі команданың да еншісінде екі жеңіс болғандықтан, жеңген құрама Олимпиадаға іріктеу турнирінің негізгі бөлігінде күш сынасу құрметіне ие болатын еді. Тартысты өткен кездесуде поль­шалық хоккейшілердің бағы жанды. Қарсыластар алғашқы екі кезеңде жауапсыз екі шайба соғып, алда тұрды. Кейін біздің хок­кейшілер таразы басын теңестірген-ді. Алай­да матчтың аяқталуына 30 секунд қал­ғанда поляктар гол соғып, 3:2 есебімен жеңіп кетті.

Осылайша, жерлестеріміз 2022 жыл­ғы Бейжің Олимпиадасына қатысу мүмкін­дігінен айырылды. Іріктеу турнирде топ жар­ған Польша құрамасы лицензия үшін талас­ты жалғастырады.

 

 

Соңғы жаңалықтар