Үкімет • 11 Ақпан, 2020

Аймақтың жаңа әкімін таныстырды

656 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Асқар Мамин Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір әкімі қызметіне ұсынған Бердібек Сапарбаевтың кандидатурасына бірауыздан келісім берілді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Аймақтың жаңа әкімін таныстырды

Жамбыл облысының активімен өткен кеңесте А.Мамин Асқар Мырзахметовтің өңірдің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, аймақ әкімі лауазымында атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.

Жаңа әкімді таныстырған Премьер-Министр оның аймақтық және республикалық деңгейлердегі басшылық қызметтердегі жұмыс тәжірибесін атап өтті. «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда өңір басшылығының алдында ауқымды міндеттер тұр. Ең алдымен, идеологиялық жұмысқа және ұлтаралық келісімнің нығаюына, әлеуметтік-экономикалық жағдай мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға баса назар аудару қажет», деді А. Мамин.

Үкімет басшысы экономиканың тұрақты дамуын, инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, азаматтардың өмір сүру сапасын және табысын арттыру бойынша міндеттерді шешудің маңыздылығын атап өтті. «Бердібек Мәшбекұлына басшылық қызметтердегі тәжірибесі мен білімі облыс активімен және мәслихат депутаттарымен бірлесіп, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік беретініне сенімдімін», деді А.Мамин.

Кездесуде облыстық және қалалық мәслихаттардың хатшылары Бағлан Қарашолақов пен Батырбек Күлекеев, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов пен «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы ұсынған Бердібек Сапарбаевтың кандидатурасына қолдау білдірді және Жамбыл облысының жаңа әкіміне табысты әрі жемісті жұмыс тіледі.