Жүзеге асырылғандардың арасында отбасылық сүт фермаларын, мал бордақылау алаңдарын салу, ешкі фермаларын ашу, саумалы бие шаруашылығын, көлдік-тауарлы балық шаруашылығын дамыту, сүт өңдеу нысандары құру қаралған жобалар бар. Сондай-ақ аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков тұрғындарға есеп берген баяндамасында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны арта түскенін атап өтті. Бүгінде олардың саны 7 490 болған, оның ішінде 7 265-і белсенді субъектілер. Оларда 17 250 адам жұмыспен қамтылған. Шағын орта бизнес субъектілерінің шығарған өнім көлемі 22,1 млрд теңгені құрап отыр. Осы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында ауданда 807 жоба түрлі қаржылық ұйымдармен 1 612,0 млн теңгеге, ал 10 жоба «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 408,3 млн теңге көлемінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы жеңілдетілген несиемен қаржыландырылған.
Табиғаты көркем ауданда туризм саласы да дамуда. Өткен жылдың қорытындысымен ауданға 17067 турист келсе, оның 1 215-і шетел азаматтары. Ауданда көрікті жерлердің тізімі жасалып, туристерге таныстыру мақсатында арнайы маршруттар құрылған. «Өткен жылы аудан аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жол бойынан «Жол бойы қызмет көрсету» жобасы іске асса, Қарағашты ауылында этноауылдың құрылысы жүруде. Аудан аумағына шығыс қақпадан кіреберісте жол бойы қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Ол орталық жолаушыларға және туристерге арналған заманауи қонақүймен, автотұрақ, асхана, кафе және жанар-жағармай құю бекеті қызметтерімен қамтылған», - деді Нұрбол Тұрашбеков. Сондай-ақ ауданда «Etno Park Resort» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобада туристерді қабылдау, гид аудармашы, конференц зал, облыстық және ауданның туристік маршрутына енген нысандарға саяхат қызметтері қаралған. Жаңадан 15 адамға жұмыс орны ашылады. Жоспар бойынша күніне 30, жылына 1000 туристке қызмет көрсетіледі деп күтілуде. Бұл жоба биыл іске асырылуы тиіс.
Аудан тұрғындары сапалы ауызсумен қамтылған. Апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі түбегейлі шешілген. Балабақшамен қамту 100% пайызға орындалып отыр. Есептік жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев және жарыссөзге шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбеков, қоғамдық кеңес төрағасы Өтепбай Мәткәрімов атқарылған жұмыстар жөнінде пікірлерін ортаға салып, аудан әкімінің жұмысына оң баға берді.