Қазақстан • 11 Ақпан, 2020

Қазақстанда киікті 2023 жылға дейін атуға тыйым салынды

487 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда киікті 2023 жылға дейін атуға тыйым салынды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жазды.

Қазақстанда киікті 2023 жылға дейін атуға тыйым салынды

«Киіктердің санын көбейтіп, оларды сақтау мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағында киіктерді 2023 жылға дейін атуға тыйым салынды», - деп жазды Сәкен Ділдахмет.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Зоология институты киікті ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, киікті атуға 2023 жылға дейін тыйым салу туралы кеңес берген. Биологиялық негіздеме мемлекеттік экологиялық сараптамамен мақұлдаған. Киікті атуға тыйым салу туралы бұйрық ресми түрде жарияланғаннан кейін 10 күннің ішінде (20 ақпанда) күшіне енеді.

«Қазіргі уақытта Қазақстанның түрлі аймақтарында киіктің жағдайы әртүрлі. Үстірт популяциясының саны - 5,9 мың дана. Бетпақдала популяциясының саны  - 111,5 мың дана. Ол 2015 жылы жаппай қырылудан кейін қалпына келу сатысында. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда 2015 жылы 150 мыңнан астам киік қырылған еді. Сол себепті 2015 жылдан бастап 2019 жылдың 31 желтоқсанға дейін киіктерді атуға тыйым салынған еді. Енді киіктің санын көбейту үшін бұл мерзім 2023 жылға дейін ұзартылды. Жалпы киік Қызыл кітапқа енгізілмеген. Заңмен шектеп қана қоймай, бұл бағытта әртүрлі жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қазіргі мақсат – киік санын 500 мыңға жеткізу», - деп жазды Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында.