Парламент • 11 Ақпан, 2020

Мәжілісте нормашығармашылықты жетілдіруге қатысты түзетулер таныстырылды

122 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзегрістер мен түзетулер енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжілісте нормашығармашылықты жетілдіруге қатысты түзетулер таныстырылды

Заң жобасы алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибені ескере отырып, оның ішінде ақылды реттеу қағидаттарын пайдалануды кеңейту арқылы Қазақстанда нормашығармашылығы практикасын реформалау мақсатында әзірленді.

Отырысты ашқан Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров атап өткендей, әзірленген заң жобасы негізгі мақсаттан басқа құқық қолдану тәжірибесіндегі проблемаларды жою, ведомствоаралық үйлестірудің тиімділігін арттыру, Үкіметтің заңнамалық бастамаларын талқылау процесіне азаматтардың басым көпшілігін тарту, заң шығарудың болжамды-талдамалық құрамдас бөлігін жақсарту, қолданыстағы рәсімдерді оңтайландыру, ғылыми сараптамалардың рәсімдерін жетілдіру және заң шығару процесінің жекелеген сатыларының қайталануын жою жөніндегі бірқатар ілеспе міндеттер де шешетін болады.

Заң жобасының новеллалары туралы Әділет вице-министрі Наталья Пан баяндады. Вице-министрдің айтуынша, жобаға келесі түзетулер ұсынылып отыр:

Бірінші. Енді заңнамалық түзетуге бастамашылық ету үшін мемлекеттік орган алдымен тиісті талдамалық материалдарды қоса бере отырып, консультациялық құжатты қалыптастырып, оны жұртшылықпен талқылауы тиіс. Бұл құжат мемлекеттік органның көзімен белгілі бір саладағы қолданыстағы реттеу мәселелері туралы ақпаратты қамтуы тиіс. Бұдан әрі бұл құжат жұртшылықтың пікірін ескере отырып толықтырылуы мүмкін.

Қоғамдық пікір алғаннан кейін проблемалар мен оларды шешудің ұсынылатын жолдарын тиісті мемлекеттік органдар пысықтайтын болады. Осылайша, қолданыстағы реттеу проблемалары бірінші кезекте жұртшылықпен талқыланатын болады және содан кейін ғана қандай да бір шешімдер қабылданатын болады.

Екінші. Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу сатысында әзірлеуші орган өзі қол жеткізуге ниетті нақты индикаторларды айқындауға тиіс.

Заң қабылданғаннан кейін бір жыл өткен соң әзірлеуші орган ӘМ-не жаңа реттеудің нақты оң немесе теріс салыстырмалы нәтижелері келтірілген есепті ұсынады. Есеп сондай-ақ «Ашық НҚА» порталында жарияланады, бұл заңдардың тиімділігін мемлекеттік органдарға ғана емес, азаматтарға да бағалауға мүмкіндік береді.

Үшінші. Заң жобаларына ғылыми құқықтық сараптама жүргізу тәртібін қайта қарау ұсынылады. Заң жобаларын құқықтық сараптауға тиісті тізілімнен тікелей сарапшыларды тарту ұсынылады, оны ғылыми құқықтық сараптаманың үйлестірушісі ретінде заңнама және құқықтық ақпарат институты жүргізетін болады. Бұл тізілімге ғылыми сараптама жүргізу ережелерінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін кез келген жеке тұлға кіре алады.

Төртінші. Азаматтар мен бизнеске қосымша міндеттер жүктейтін нормаларға қатысты «өтпелі кезең» практикасын заңнамалық деңгейде белгілеу ұсынылады. Қабылданған заңдар шеңберінде алдағы өзгерістерге қоғамның тиісінше түсіндіру жұмысының жетіспеушілігі мен дайын еместігі жаңа заңдардың нормалары дұрыс қабылданбауы мүмкін жағдайға алып келеді. Осыған байланысты мемлекеттік органдар бизнес пен азаматтардың дайындығын ескере отырып, жаңа реттеуді қолданысқа енгізу мерзімін белгілеуді ұсынады. Бұл ретте ең аз мерзім 60 күнді құрайды.

Бесінші. Алдағы заңнамалық өзгерістер туралы халыққа және бизнеске ақпарат беру және түсініктеме беру тетіктерін күшейту ұсынылады. Бұл үшін әрбір заң жобасына және қабылданған заңға енгізілген өзгерістер туралы азаматтарды хабардар ету тәсілдері мен мерзімдерін ашатын іс-шараларды қамтитын ақпараттық сүйемелдеу бағдарламасы қоса берілетін болады.

Алтыншы. Қазіргі уақытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде нормашығармашылық процеске жасанды интеллект элементтерін, сондай-ақ деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге арналған талдау құралдарын енгізу мүмкіндігі пысықталуда. Мысалы, 2019 жылы Үкіметтің заңнамалық бастамасының «Е-заңнама» ақпараттық жүйесі әзірленді. Қазір оны пысықтау және мемлекеттік органдардың басқа жүйелерімен интеграциялау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Заң жобасы бойынша талқылау одан әрі Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасады.