Парламент • 11 Ақпан, 2020

Мәжілісте цифрлық технологияларды реттеуге қатысты заң жобасының таныстырылымы өтті

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте Вице-спикер В. Божконың қатысуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының таныстырылымы өтті. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжілісте цифрлық технологияларды реттеуге қатысты заң жобасының таныстырылымы өтті

Отырысты ашқан Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н.Сабильянов заң жобасы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі заңнаманы жетілдіруге, цифрлық технологияларды енгізуге және дамытуға, сондай-ақ цифрлық технологияларды (блокчейнді, үлкен деректерді, цифрлық активтерді және басқаларды) қолданумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды іске асыру кезінде жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.

Заң жобасы 38 заңнамалық актіге, оның ішінде 8 кодекске және 30 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Осы тақырып бойынша баяндаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А. Оспанов заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты - цифрлық технологияларды қолдануға және енгізуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық негізін құру екеніне тоқталды.

Сонымен қатар ұсынылған түзетулер алты негізгі бағытқа бөлінген. Олар: цифрлық технологиялар, деректерді талдау, халыққа қызмет көрсету үшін жағдай жасау, инвестициялық тартымдылықты арттыру, ұлттық қауіпсіздікді қамтамасыз ету мен жеке деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету.

Бұл шаралар, өз кезегінде, ақпараттық технологиялар саласындағы инвестициялық ахуалды жақсартып, жеке деректерді қорғауды күшейтіп, тұрғындармен тиімді кері байланысты орнатуға мүмкіндік береді. Отырыс барысында Комитет шешімімен Заң жобасына Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі П. Казанцев жұмыс тобының жетекшісі болып белгіленді.

Айта кету керек, заң жобасын қарау, талқылау кезінде қоғамдық сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарту тәжірибесі жалғастырылуда. Отырысқа Мәжіліс депутаттары, министрліктердің, ведомстволардың және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.