Аймақтар • 12 Ақпан, 2020

Тоғжан бейнесімен топ жарды

1040 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылдық мәдениет үйі Қаратал орта мектебімен бірлесіп, аудандық «Абайдың Тоғжаны» атты байқау өткізді.

Тоғжан бейнесімен топ жарды

«Рухани жаңғыру» бағ­дар­лама­сы аясында, сондай-ақ Ұлы Абай­дың 175 жылдық мерей­тойы қар­саңында өткен шара еліміздің руха­ни құндылығы – қыз ұлағатын дәріп­­теу мақсатында көпшіліктің көңі­­лінен шықты. Байқауға қатыс­қан арулар ұлы Абайдың көңіл түк­пірінде мәңгі мұнартып қал­ған Тоғ­жан бейнесін айнытпай жет­кізуде өз өнерлерін әр қырынан таныта білді.

Сайыстың алғашқы кезеңінде әр қатысушы өзін өлеңмен таныстырып өтсе, келесі кезеңде Абайдың ойлы өлеңдері мен қара сөздерінен үзінді оқудан бақ сынасты. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші көрермендер қатысушылардың шырқай ән айтып, мың бұрала би билеген таңғажайып өнерлеріне ерекше тәнті болды.

Қызықты әрі тартысты өткен сайысты саралаған қазылар алқасы байқау қорытындысы бойынша Қаратал орта мектебінің оқушысы Аяжан Манарбекқызын бас жүлдеге лайық деп таныды.

Ұлттық болмысымыз бен рухани құндылықтарымыз дәріптел­ген байқаудың жоғары деңгейде өтуінде аудандық мәдениет үйінің режиссері Алма Сүлейменова мен Қаратал орта мектебінің мұғалімі Гүлден Сайранованың еңбектері­нің ерекше екендігін атап өткен жөн. Сонымен қатар хакім өлеңдерін жатқа оқыған жүргізуші­лер Зайсан технологиялық колле­д­жінің студенттері, «Жастар» поэ­зия театрының мүшелері Әлішер Слямбеков пен Айқын Қуан­дық және «Жастар» поэзия театры­ның өзге де жас өнерпаздары өнер­лерімен көрермендерін тәнті етті.

Әсерлі кештің куәсі болып, ақылына көркі сай, инабатты да ибалы қыздарымыздың өнеріне сүйсіндік. Ұлы Абай жырлап өткен, есімі махаббат пен сұлулықтың символына айналған Тоғжандай қыздарымыз көп болғай дегіміз келеді.

 

Нұргүл ХАЛЫҚОВА,

журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы