Қоғам • 12 Ақпан, 2020

Бейбіт өмір басты ұстанымымыз болуы тиіс

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қордайдағы оқиға барлығымыздың көңілімізге кірбің салған, тұтас елді алаңдатқан өкінішті жағдай болды. Жанымыз жараланып, үлкен ойға қалдық.

Бейбіт өмір басты ұстанымымыз болуы тиіс

Жалпы, Қазақстан қай кезде де құшағын айқара ашып, елімізде мекен еткен ұлттар диаспорасы­ның барлығына теңдей қамқор­лық көрсетіп келеді. Бауырындай жақын тартты, ешқандай ұлтты шеттетпеді. Егер қазақтан қорлық көріп, жағдайы жан төзгісіз болса – ол ұлттардың бірі де бұл жерді тұрақтап қалмас еді. Жайлы қоныс іздеп, жан-жаққа бас сауғалар еді. Қазақ жері құтты болғандықтан да арқасын кеңге жайып, еркін қоныстанды. Тіпті қазақтардың өздерінен артық қамқорлық көрді десек те жалған емес. Сондықтан бұл жерде кінәліні біржақты қарауға болмайды.

Мұндай жағдайда мен бір-ақ дүниені айтқым келеді: ұлттар диаспорасы арасындағы тәртіп жұмыстарын күшейту керек. Барлық жағынан қазақты үнемі кінәлі етіп, кішірейте беруіміз жөн емес. Өзге ұлттардың да бір сәт қазаққа дарқан пейілі, қонақжай көңілі үшін айтқан рахметін сезініп отыру­дың әрбір қазақ азаматы үшін маңы­зы зор. Сонда достық бірлігі­міз нығаяды. Өзге ұлттар қазақ жеріндегі өз орны мен мәртебесін сезінетін болады. Сондықтан да мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған саясатын толық қолдаймын. Біз ең әуелі еліміздің бірлігін, тыныштығын ойлауымыз қажет. Бейбіт өмір басты ұстанымымыз болуы тиіс. Қазаққа дәл қазіргі уақытта елдің береке-бірлігі, тыныштығы қымбат. Осыны ұмытпасақ екен.

 

Әнес САРАЙ,

жазушы