Мемлекеттік қолдаудың арқасында жастардың жұмысқа орналасуына, өз қабілет-қарымдарын шыңдауға, тәжірибе алуға үлкен мүмкіндіктер жасалды. Жастар жылында жүзеге асырылған бағдарламалар негізінде жас мамандар туған жердің тұғырын биіктетуге атсалысып жүр. Солардың қатарында еліміздің түкпір-түкпірінде білім алып, ақ халатты абзал жан болам деп арман қуған жастар Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының орталық ауруханаға өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқандығын айтуға болады. «Жас келсе – іске» дегендей, аурухана ұжымы елдің болашағына қамқорлық жасап, олардың оқу орнында алған білімін іс жүзінде біліктілікпен игеруіне жан-жақты жағдай туғызып отыр.
Бүгінде осы жастар еңбек етіп жатқан орталық ауруханада 795 адам жұмыс істейді. Олардың қатарында 95 дәрігер, 388 орта буынды қызметкер, 114 кіші бике және басқа санаттағы 98 адам қызмет атқарады. Қазіргі уақытта аурухана цифрландыру жүйесіне көшкен. Заман талабына сай олар ауруларды басқару (ПУЗ), «ДамуМед», автоматтандырылған ақпараттық жүйе (АИС) сынды бағдарламаларды жүргізіп, нәтижелі жұмыс атқаруда. Яғни, науқастардың кезегін болдырмау мақсатында сырқат жандарды тіркеу жұмыстары да автоматтандырылған. Жанына шипа іздеп келген әрбір жанға қолайлы жағдай жасалған деп айтуға болады.
Елбасы бастамасымен қолға алынған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын нәтижелі пайдалануда аурухана басшылары білімді жастарға үлкен қамқорлық көрсетуде. Әсіресе аурухананың бас дәрігері кісілігі мен кішілігі мол Ш.Мырзалиевке, сондай-ақ Р.Жұманқұловаға, Р.Естемесоваға, Г.Үкібаеваға, Қ.Ниязбековке, сонымен қатар осы ұжымда еңбек етіп жатқан әріптестерімізге жас мамандар атынан шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді.
Ұлбосын ЖИЕНБАЕВА,
Т.Рысқұлов аудандық орталық емхананың психологі
Жамбыл облысы