Қарт майдангер тұрып жатқан үйдің жанынан Ұлттық ұлан сарбаздары Жауынгерлік Тумен, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен сап түзеп өтіп, ардагерге ерекше ілтипат, құрмет көрсетті.
Жасы тоқсан тоғызға келіп қалған қарияның үйіне арнайы атбасын бұрған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов пен қазақстандық ІІО мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков Жеңіс мерекесімен құттықтады. Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан сый-сияпат көрсетілді.
Шара барысында әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындап, майдангердің көңілін бір серпілтіп тастады.
Қайырлы Уатайұлы Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы Шығыс Қазақстан облысы Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл әскер жауынгері болып алынған.
Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан екен. 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында мерген, пулеметші, барлаушы болып азаматтық борышын өтеген.
– Мен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болдым, Беларусь, Польша, Эстонияны азат етуге қатыстым. 1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланып, жеңісті Дрезденде қарсы алдым, – дейді майдангер.
Қайырлы ата соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық лауазымдарында болған. 1970-1983 жылдары аралығында Алматыдағы қоғамдық тамақтандыру жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысына шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысының» орденімен, «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» және басқа да көптеген медальмен марапатталған.
– Соғыстан кейін үйлі-баранды болып, 5 бала тәрбиелеп өсірдім, бүгінгі таңда ұрпағымнан он немере, он үш шөбере сүйіп отырмын. Алланың бергеніне разымын. Ғасырлық жасыма таяу қалдым. Менің сіздерге деген алғысым шексіз. Эстафетаның атрибуты ретінде Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В.Панфилов атындағы әйгілі 8-ші гвардиялық дивизияның Жауынгерлік Туының көшірмесі алыныпты. Соғыста осы дивизияның қатарында болған соң бұл мен үшін ерекше қуаныш болды. Ендігі уақытта ондай зұлмат болмасын. Осындай маған көрсеткен құрметтеріңізге үлкен алғысымды білдіріп, ақ батамды беремін, деп сөзін аяқтады қария.
Қуаныш ҚОЖАХМЕТОВ
АЛМАТЫ