Қасындағы әріптесімен бірге көлік дабылын қоса оқиға болған аймаққа қарай жүйткіген олар небәрі 3 минутта каналға жетті. Жағаға бірнеше адам жиналып қалған, әлдебір балалар үрейлі дауыспен айқайлап жүр. Ал судың орта тұсында тұншығып, батып бара жатқан баланың сұлбасы ғана көрінеді. Қар еріп, каналдағы су арнасына толған кез. Суық суға түсіп баланы құтқарып қалуға ешкімнің батылы жетпей немесе жүзе алмайтындар жиналса керек, әйтпесе үлкені де, кішісі жағада тұр. Өкінішке қарай, қызық көргендей ұялы телефонын алып бейнетаспаға түсіріп жатқаны да бар. Канал жағасына жеткен бойда сырт киімін тез-тез шешкен Жетісай АПБ-ның анықтаушысы, полиция капитаны Марат Нұрымбетов тастай суға қойып кетті. Одан соң су шетінде жатқан жұмсақ резеңке шлангты қолына мықтап қыса, балаға қарай бар күшімен жүзе жөнелді. Ағысы қатты су да әжептеуір терең еді. Екеуін де су түбіне тартып кету қаупі үлкен. Осы сәтте Маратта ең болмаса баланы қолындағы шлангке орап, құтқарып қалайын деген ой болды.
Жасөспірім бала суға бір батып, бір шығып, жанұшыра айқайлауда. Бар күшімен жүзіп, санаулы секундтың ішінде Марат та жетті. Балада дәрмен қалмаған. Су жұтып қойыпты. Құтқарушының қолы жеткені сол, сылқ түсті. Суға батып бара жатқан ұлдың денесін жұлқи тартқан полиция капитаны бір қолымен қапсыра құшақтаған күйі жоғары қарай құлаш сермеді. Осылайша баланы қармаған күйі жағаға қарай жүзе бастады. Қырсыққанда жағаға бес метрдей қалғанда, аяғын қайырып алса бола ма. Бала болса, қолында. Бар күшін жинап, қайта жүзе бастады. Жағаға аман жеткен оларды Мараттың әріптестері күтіп алды. Баланың денесі былқ-сылқ етіп, жансызданып бара жатты. Уақыт қымбат, жағаға шығысымен жедел жәрдемді күтпеген полицейлер қызметтік көлікке баланы сала ауруханаға қарай жылдамдатты. Жолда кетіп бара жатып балаға алғашқы медициналық көмек көрсетуге кіріскен Марат Нұрымбетов жасөспірімнің жұтып қойған суын шығарумен әлектенді. Ес-түссіз жатқан оны жасанды жолмен демалдырып, сілкілеп, жүрегіне массаж жасады. Оған қоса суықта тоңып қалған мұздай денесін жылытайын деп уқалап, бар білген медициналық көмектерін көрсетті. Әріптесі көлікті бірнеше минут ішінде емханаға жеткізді. Баланы ақ халатты жандардың қолына табыстаған соң ғана полицейлердің көңілі орнына түскендей болды.
Он екі жастағы жеткіншек бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, кейіннен палатаға ауыстырылды. Әрине, аман қалған баланың ата-анасы құтқарушы полицейге ағынан жарылып алғыстарын айтуда. Тосын оқиғаны әріптесі, Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкері Гүлнар Әбдірахманқызына толық баяндап берген полиция капитаны Марат Нұрымбетов: «Бұл мен үшін ерлік емес, баланы құрмет көрейін, танымал болайын деп те құтқарғаным жоқ. Менің орнымдағы кез келген адам осылай істейді. Бар ойым баланы аман алып қалу болды», – дейді.
Бұл ісін ерлік санамайтын, адами міндеті деп есептейтін полицей Жетісай ауданында дүниеге келген. Қатер төнген шақта батылдық танытып, бірден шешім қабылдап, жас баланы құтқарып қалған полицеймен арқа сүйер елі де мақтанады. Өз өміріне қауіп төнсе де ойланбастан өзгенің өмірі үшін тәуекелге бас тіккен полицейді әріптестері де құрмет тұтады.
Түркістан облысы