Технология • 12 Ақпан, 2020

Интернетте алаяққа құрбан болмаудың жолдары

1101 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Технология дамыған сайын оған да машықтанған алаяқтар көбейіп, виртуалды қылмыс түрлері артуда. Интернет пайдаланбайтын адам кем де кем екенін ескерсек, бұл сақтық шараларын есте ұстауға мәжбүрлейді. Киберқылмыскерге қалай жем болмаудың жолдарына тоқталайық. Сонымен, интернетте қолды болатын дүниелерге не жатады?

Интернетте алаяққа құрбан болмаудың жолдары

E-mail - электрондық пошта

Интернет пайда болғаннан бері бұл қызметті бәріміз пайдаланамыз және онда жеке бастан бастап қызметке қатысы бар ақпараттың алуан түрін сақтаймыз. Егер бір поштаны жеке мақсатқа да және жұмыс бабында да қолдансаңыз, қауіп-қатер 2 есеге артады. Осы электрондық пошта арқылы әлеуметтік желілер болсын немесе басқадай қызмет көрсететін сайттар болсын, көптеген аккаунт ашасыз. Пошта жәшігіңіз бұзылған жағдайда қызметіңізге қатысты коммерциялық мәліметтер немесе басқадай құнды ақпараттар қолды болып кетеді. Сондықтан сипатына қарай бірнеше электрондық пошта ұстағаныңыз абзал. E-mail арқылы аккаунттар мен жеке кабинеттердің құпиясөзін білген алаяқ PayPal пен интернет-банкинг жүйелеріне оңай кіріп қаржыңызды қымқырып кетеді.

Аккаунттар

Аккаунтты көбіміз қолайлы болғандықтан электрондық пошта арқылы тіркейміз. Ал, ол аккаунтыңызға банк картасы байланған болса, қандай сақтық керек екенін бажайлай беріңіз. Сол себепті де логинді әлеуметтік желілерде оңай көзге түсетін электрондық поштамен атамаған дұрыс амалдардың бірі.

Ойындардағы жеке жазбалар

Компьютерлік ойын қаржыны керек ететін дүниелердің бірі. Танкіге апгрейд жасау немесе жаңа ойыншы сатып алу деген сияқты сауда түрлері бар. Жазбаңызды бұзып кірген ұры өзіңізге қайта сатуы немесе сол жердегі банк картасы арқылы қаржы жымқыруы әбден мүмкін. 

Төлқұжат немесе жеке куәліктің көшірмелері

Қазір оңай болғанына қуанып, пойызға жылдам билет ала қояйын деп мессенджер,  электрондық пошта немесе әлеуметтік желі арқылы жеке құжатыңыздың скан көшірмесін туысыңызға болмаса танысыңызға жібере саласыз. Ал, бұл өз кезегінде сол құжатыңыздың көшірмесі алаяқтың қолына  түсу ықтималдылығын көбейтеді. Құжат көшірмесімен басқа біреудің атынан алаяқтар несие алып, қаншама адам сан соғып қалғанына куә болып жүрміз. Кейбір жағдайда құжат мәліметтерін толтыра отырып, онлайн режимде де несиеге өтінім беруге болатынын ұмытпаған жөн. Тіптен, сіздің атыңыздан несие алмаса да сізді кепіл адам ретінде жазып жібереді. Одан кейін ақталып көріңіз!

Осы көшірме арқылы сіздің атыңыздан сим-карта сатып алуға болады. Әлбетте, несие мәселесі сияқты банктен қалай мен өзім жеке басым бармасам мұның бәрін қалай реттеуге болады деп таң қалмаңыз. Өйткені алаяқтардың сыбайластары тек банк қана емес құқық қорғау органдарында да отыратынын еске түсірсеңіз болды.

Жоғарыдағы тәсілмен сіздің атыңыздан фирма немесе компания ашып тастайды. Өзіңізді басшы ретінде алға тартып, қаржылық айла-шарғылар жасап жер соқтырып кету алаяқ үшін тиімді де пайдалы амал. Түрлі сайттарда сіздің атыңыздан жазбалар тіркеп осы тектес әс-әрекеттер жасалады.

Отырғызу талоны

Қазір ұшақпен немесе пойызбен сапарға шықсақ, заман талабына сай отырғызу талонын  береді. Осы талоныңызды бір сәтке назарыңыздан тыс қалдырсаңыз, ұрламаған күннің өзінде алаяқ суретке түсіріп алса, болғаны. Ал, кейбіреуіміз жол жүріп келген соң әлгі жол құжатын лақтыра салатын да әдетіміз бар. Ары қарай не болатынын бажайлай беріңіз.

Авиакомпания берген бонустық картаның нөмірін білген арам ойлы адам сіздің жеке кабинетіңізге кіріп рейске тіркелу сияқты амалдар жасай алады. PNR (Passenger name record) брондау коды арқылы сіздің бүкіл маршрутыңыз ғана емес, төлқұжаттағы аты-жөніңіз, туған күніңіз бен жылыңыз, одан қалды банк картасы немесе телефон нөмірі сияқты мәліметтеріңізді білуге болады. PNR туралы ақпарат отырғызу талоны ғана емес билеттегі штрих-кодтан да шығатынын ұмытпағайсыз. Мұның бәрі алаяққа не үшін керек? Сіздің кері қайтатын билетіңізді өткізе немесе рейс күні мен уақытын ауыстыра алады. Байланыс операторына сіздің атыңыздан хабарласа отырып, жоғалды деген сылтаумен жаңа сим-карта алуына мүмкіндік бар. Қай кезде үйде болмайтындығыңызды білсе, үйіңізді тонауға да әрекеттер жасалады.

Жүргізуші куәлігінің мағлұматтары

Куәлік алған адам әлеуметтік желілерге мақтанышпен оны суретке түсіріп салып қоятындары да бар. Оның керекті мәліметтерін алған алаяқ оның көшірмесін жасап, кезінде жол ережесін өрескел бұзып, автомобиль айдау құқығынан айрылған адамның суретін оңай орналастыра салады. Осындай жүргізушінің кезекті тәртіп бұзғанына сіз жауапты болып шыға келесіз.

Сонымен интернет алаяғынан қалай қорғану керек?

Бірінші. Құпиясөзіңізді есте оңай сақталады деп 1234567 деген сияқты комбинациядан немесе туған күніңіз бен жылыңыздың цифрларынан құрастырмаңыз. Оған қоса оны жиі ауыстырып тұрсаңыз, қауіпсіздеу болады. Бұл мәселеде құпиясөз құрастырып беретін қызметтерді де пайдалануға болады. Дегенмен, өте қиын құрастырылған құпиясөз оны жиі ауыстырғаннан тиімді болуы мүмкін. Құпиясөзімді ұмытып қаламын-ау деген қорқынышпен оны қағазға жазып жұмыс үстеліне қалдырып кетсеңіз, алаяққа үлкен сыйлық жасайсыз.

Екінші. Екі сатыдан тұратын аутентификация қолданыңыз. Мысалы, аккаунтыңыз басқа жерден ашылып жатса, қосымша мақұлдау, яғни қолыңыздағы смартфоннан растауды сұрайды. Егер банктегі жеке жазбаңызға кірмекші болсаңыз, SMS арқылы келген кодты сұрап барып ашылады. Бұл өзіңіз үшін аса қатты қиындық тудырмағанмен алаяққа тұсау жасайтын тамаша тәсіл.

Үшінші. Кез келге жерде тегін немесе жылдам екен деп Wi‑Fi-ға қосыла салмаңыз. Киберқылмыскерлер адам көп жиналатын сауда орталығы, кафе немесе демалыс парктері сияқты жерлерде жалған желі құрып, сізді қармағына түсіруі мүмкін. Осы әдіспен сіздің банк картаңыздың логині мен құпиясөзі сияқты құнды мәлімет ұрлануы ықтимал. Сол үшін де қауіпсіздігіне көзіңіз жеткен интернет қызметін ғана пайдалануыңызға кеңес береміз.

Сонымен қатар банк картаңыздан қаржы шешілгенін SMS арқылы хабардар ететін қызметті пайдалансаңыз, дер кезінде дабыл қағып қолды болған соманы қайтаруға мүмкіндік көбейеді. Оған қоса күдікті жағдайларды байқаған жағдайда кейінге қалдырмай бірдей құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Сонда виртуалды әлемде жасайтын қылмыстары үшін алаяқтар шынайы өмірде жазаланатынына септігіңіз тиеді.