Қоғам • 12 Ақпан, 2020

Жедел жауабы жоқтың жедел қимыл жасауы да күмәнді

207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет тарапынан жасалатын кейбір шектен шыққан бюрократиялық кедергілер кейде төтенше жағдайларға қарсы жедел әрекет етуге де кедергі келтіріп жатады. Сондай бір кедергінің мысалын төменде жазып отырмыз.

Жедел жауабы жоқтың жедел қимыл жасауы да күмәнді

Биыл қар көп, сондықтан қарғын судың қатері мол болуға тиісті. Әсіресе, Солтүстік пен Шығыс облыстарында қарт күрт ерісе су басу қаупі зор.  Үкімет те, ел де осыған алаңдаулы. Облыстардағы тиісті қызметтердің қарғынға қарсы іс әрекеттерін халыққа жеткізіп, олардың қобалжымауын  ойлаған «Егеменнің» басшылығы да бір бетін тұтастай осы мәселеге арнап, аймақтардағы тілшілерге өз облыстарындағы ахуалды жазуға тығыз тапсырма берген екен.

Тығыз тапсырма бізге 11 ақпан күні кешке түсті. Мәселенің маңыздылығын ескеріп, түн болып қалғанына қарамай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіндегі бұрыннан білетін Евгений Журавлевқа ватсаппен хат жіберіп, істеліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат беруін өтіндім. Обалы не керек, ол бірден жауап беріп, таңертең жіберейін деді. 

Осыған қанағаттанған басымыз күндізгі сағат он бірге дейін хабар тостық. Евгенийден еш хабар жоқ, тым тырс. Ұмытып кеткен болар деп телефон соқсақ, алмайды, хат жазсақ, жауап бермейді. Амал жоқ ТЖ департаменті бастығының орынбасары Павел Шилов мырзаға хабарлассақ, «дайте нам официальный запрос» деп былқ-сылқ етеді. Ондай сауалды мен жасағанша бір-екі күн, жауап келгенше екі-үш күн өтпей ме десек, мен бір құпия ақпарат сұрап тұрғандай «иначе не могу» деп майысады...

Міне, жедел әрекет етуге тиісті қызметтің жедел жауабының түрі осындай екен. Әрекеті қандай боларын бір Алла білсін... Мұндай қызметкерлер жанашыр болса, қазір ұйықтап жатса түсінде қарғын  суды көруге тиісті еді ғой...

Тек түс әлетіне қарай ғана Е.Журавлевтен хабар алдық. Оның айтуына қарағанда әзірге Солтүстікте ешқандай күрт дайындық жоқ, тек қар шығару жұмыстары  мен техникаларды дайындау шаралары ғана жүргізіліп жатыр екен. Соның ішіне  жедел әрекет үшін облыс  аумағында 484 адам, 155 техника, 8 жүзу құрал және 72 мотопомпа бар ішкі істер органдары арасынан күштер тобы құрылған. Ал жергілікті атқарушы органдар тарапынан, алдын деректер бойынша, көктемгі кезеңге жеке құрамнан 1619 адам, 1163 техника, оның ішінде 299 су сорғыш техника, 109 ауыр инженерлік техника және 83 жүзу құрал, жанар-жағар май және инертті материалдар, қаптар дайындалыпты. Айта қаларлық шараның қатарында 6637 әскери бөлімінде төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша сабақтар өткізілген. Сондай-ақ Ұлттық ұланның күштері жедел көмек көрсету үшін құрамында 60 адам мен 4 техника бар контингент бөлген. Алайда, ТЖ басшылығы осының бәрін жадында ұстап, жарқыратып айта алмаса, қағаз жүзіндегі ақпарлар қаншалықты әлеуетті боларына сену оңай емес.

 

Солтүстік Қазақстан облысы