Руханият • 13 Ақпан, 2020

Сыбағаңыздан ауыз тидіңіз бе?..

2146 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көптен хабарласпаған жиен ағам те­лефон шалған. Құдасын омыртқаға ша­қырмақшы екен. Ішіне бізді қоспақ. Құ­да­­сы көпті көрген, көп жайды көңіліне түй­ген, кісімен кең отырып сөйлесе ала­­­тын көшелі кісі.

Сыбағаңыздан ауыз тидіңіз бе?..

Тартынған жоқпыз. Айт­­­қан уақытында табалдырығын атта­дық. Етті енді түсіріп жатыр екен. Ұятты кі­сі­­лер болған соң ба, қазан-ошақтың қа­­сында табақ жасамақшы болып, жиен ағам­­ның өзі жүр. Қонақ күткендей емес, өңі қарауыта қабарып кеткен. Қайта-қайта «қап!» деп басын шайқап қоя­ды. Сөйтсек, келіні қазының орнына қара қа­бырғаны салып жіберіпті. Аса бір се­міз жылқыда болмаса, қара қабыр­ға­ның етегіне май байланбайды әрі қонақ­қа салатын қадірлі мүше де емес. Мүше та­ны­­майтын келін жаза басқан.

– Өзің неге уақытында қада­ғала­ма­дың? – дейміз онсыз да булығып тұрған жиен ағамыздың жанын жеп, – енді қай­та­­дан ас қамдайтын болдың. Айып-ажы­насымен бірге. Айыбына құдаңа шапан кигіз, ал, маған ат мінгізесің. Ауыз бас­ты­рық есебінен. Әйтпесе білесің ғой, ел­ге жайып жіберемін.

– Қойшы-ай, – дейді онсыз да жетісіп тұрмаған жиен ағам, – қазыны айтасың, омырт­қа да салынбапты. Сақалды басым­мен қазан-ошаққа араласқаным ұят қой деп едім. Осы сендер кісіге мән үйреткенде сондайсыңдар, келін-кеп­шек үйрену үшін қазақтың ас мәзірі деген бір плакатты шығарып, оның ішіне мү­ше­­лердің суретін салып, атауын жазып қойсаңдар ғой. Біз ас үйге іліп қояр едік. Қазан қайнататын келіндер табақ жа­сауды да содан үйренер еді. Қазіргі күні бұрынғы ата дәстүр ұмытылып ке­ле­­ді. Қай қонаққа қандай мүше тартаты­нын да жастар біле бермейді.

Осы арада бір ой келген. Ертеректе Көк­­­шетау қаласында «Сыбаға» дейтін дү­кен болды. Әлгі дүкенде жасау­лы табақ рет-ретімен самсап тұра­тын. Құдаңа ма, нағашыңа ма, күйеу бала­ға ма, кімге қалай табақ тарту керек, соның барлығы жөн-жосығымен, жол-кәде­сі­мен дайындалатын. Сатушы­ла­ры да ата дәстүрді жақсы білетін. Ұлт дәстүрін біле бермейтін қала келін­шек­терін майлы ішектей айналдырып, саналарының са­ңылауына салттың сипатын сәл де бол­са себезгілеп сіңіріп жіберуші еді. Ет сатқан өздеріне де жақсы, аларман жұрттың сан ғасыр бойы үзілмей келе жат­қан ата салтынан бастауыш білім алға­ны кәдімгідей пайда.

Қазіргі күні қаладағы жас отаулар тұтас жылқы соя алмайды-ау. Жар­ты еттің өзі жүк. Бәлкім сол жастар үшін таптырмайтын дүние. Жаңадан жаңа­лық ойлап тапқанша, бұрынғы барды жаң­ғырт­са, соғым алуға қалтасы көтере бер­мейтін ағайын үшін демеу. Қонақ келгенде кебежесінің түбін қағып жатпай, керегін осындай дүкеннен алар еді. Бұл енді кәсіпкерлерге айтылған құлаққағыс. Облыс орталығында осындай бір дүкен ашып қойса, елдегі малсақ қауым да жылқысын бұлдап өткізетін жер болады ғой. Ең бастысы, ағайынның бірлігін, туыстың тұтастығын нығыздай түсетін дәм – сыбаға салты қайта жалғасар еді. Айтқандайын, сыбағаңыздан дәм татып жүрсіз бе?..