«Rocket Plastic» компаниясының негізін қалаған Данияр Бакимовтің айтуынша, жоба республика тұрғындарының қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертіп, экология мәселелеріне бейжай қарамауға үндейді. «Өткен жылы Алматы марафоны кезінде пластик ыдыстардың көптеп тасталғанын көрдім. Қалдық салатын жәшіктерде, көшелерде шашылған пластиктерді өңдеп, өндіріске пайдалану туралы ой осы кезде туды», дейді Данияр Бакимов.
«Нархоздың» түлегі Данияр Бакимов IT-бизнес бойынша әріптестерімен пластик өндірісін жолға қоюдың алғышарттары бизнес-мектепте оқып жүргенде қаланғанын айтады. Әлеуметтік жоба жасау бойынша тапсырма алған Даниярға Нидерландтың экологиялық бағыттағы тәжірибесі тартымды болып көрінеді. Ал әрі қарай полимерлермен жұмыс істеу өндірісін жолға қою мақсатында АТУ жеңіл өнеркәсіп ғылыми-зерттеу зертханасынан кеңес алған жас кәсіпкерлер бүгінде үлкен өндірістің іргетасын қалады деуге негіз бар. Алғашқы капиталмен бірге өткен жылы «Кока Кола» компаниясы және «Біз Алматы» жобасынан жеңген гранттар есебінен өндіріске қосымша құрал-жабдықтар алынды. Алдағы уақытта пластик құтыларды өңдеу арқылы жеңіл өнеркәсіп, құрылыс саласында экологиялық таза өнімдер алуға болады. Мысалы, пластиктен жасалған синтепондарды киімдерді жылылауға, жастық, көрпе жасауда пайдалануға болса, құрылыс, жиһаз өндірісінде, сондай-ақ декоративті бұйымдар, үстел, орындықтар жасауда да пайдасы зор. Бүгінде жекелеген компаниялар тапсырыс берген кеңсеге қажетті бұйымдар, мерекелік сыйлықтар – пластик өндірісінің алғашқы жетістігі. Ал Шымбұлақ демалыс орнына қойылған үстелдер, сондай-ақ «Нархоз» университетіндегі студенттерге арналған парталар дизайны ерекше әрі экологиялық жағынан тиімді. Бүгінде компанияның жиырмадан аса өнім түрі бар. Данияр Бакимовтің айтуынша, пластик ыдыстарды өңдеу арқылы ұзақ жылдар пайдалануға арналған бұйымдар шығарудың мүмкіндігі зор. Экологиялық таза, ыстық пен суыққа төзімді әрі су өткізбейтін өнімдер алдағы уақытта ішкі нарықта зор сұранысқа ие болары сөзсіз. Мысалы, «ДСП» материалдары зиянды қалдықтар бөлетін болса, пластик өндірісі залалсыз әрі қалдықсыз өндіріс саналады. Осы орайда алдағы жоспарымен бөлісіп өткен Данияр Бакимов экопанельдер өндірісіне де тоқталды.
Бүгінде «Rocket Plastic» компаниясы өңірлерде шеберханалар ашуды жоспарлап отыр. Шеберханаларды дамытудың мақсаты, біріншіден экологияны сақтау болса, екіншіден, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келіссөздер жүргізілуде.
Ай сайын өндіріске оқушыларды, студенттерді тарту арқылы қоғамның қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттырып, жастарды еңбекке баулудағы бұл өндірістің тәжірибесі өзгелерге үлгі. Машина құрылысы мамандығында оқитын студенттерге өндірістегі құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, үйрену мүмкіндігі бар. Сондай-ақ компаниядағы әлеуметтік жоба – велошредер арқылы жастарға пластик өңдеу өндірісінің тиімділігін таныстыру да – нәтижелі бастамалардың бірі.
Данияр өндірісте пластик бұйымдарды маркасына қарай сұрыптап барып өңдеуге жіберілетінін айтады. Бүгінде елімізде пластик ыдыстарды жинап, оны өткізетін компаниялар баршылық. Бірақ олардың шикізатты бірден шетелдерге өткізуі ішкі нарыққа кері ықпалын тигізіп отыр. Мысалы, бір кг өнімді 200 теңгеге өткізіп, нәтижесінде шетелдерден дайынын бес есе қымбат бағаға сатып аламыз. Керісінше, шикізаттан дайын өнімге дейінгі отандық өндірісті дамыту арқылы ішкі нарықты қолжетімді бағадағы бұйымдармен қамтамасыз ету уақыт күттірмейді. Қазіргі кезде «Rocket Plastic» өндірісі Алматы қаласы әкімдігіне ұсынған жобалары аясында қаланың демалыс парктеріне отыратын экологиялық орындықтар, басқа да экологиялық тиімді жобаларды әзірлеуде.
АЛМАТЫ