Облыс әкімдігінде өткен Қоғамдық кеңесте, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы жылға даму жоспары мен міндеттер талқыланды. Қоғамдық кеңес мүшелері, еңбек ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық-саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері қатысқан жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жыл қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң сипатқа ие болғанын атап өтті.
Жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн 272,3 млрд теңге болып, көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,1% өсімді құраған. Маңызды жобаларды іске асыру бойынша облысқа 441,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған.
Ал өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында Түркістан қаласында 11 жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы іске асыру көзделіп отыр.
Жиында сөз алғандар өңірді табиғи газбен қамту, қарқынды бау, қаракөл қойы мен түйе шаруашылығын дамытуға қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі өзіне қойылған бірнеше сауалдарға тұшымды жауап беріп, ұсыныстарға қатысты көзқарасын білдірді. Сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері Өмірзақ Шөкеевтің облыс көлемінде атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, игі істер бірліктің, тынымсыз еңбектің нәтижесі екенін атап өтті. Кеңес отырысының соңында тиісті қарар қабылданды.