Спорт • 13 Ақпан, 2020

Араб чемпионаты «Исламды» қабылдады (видео)

791 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан Араб Әмірліктері чемпионатына ауысқанына көп бола қойған жоқ. Дәлірек айтсақ, ол  арабтың «Әл-Айн» футбол клубына 31 қаңтарда ауысқан болатын. Содан бері бірнеше ойын өткізді.

Араб чемпионаты «Исламды» қабылдады (видео)

Айта кеткен жөн, Ресейдің «Зенит» футбол клубындағы сынақ мерзімі сәтсіз аяқталған Бауыржан бірден араб футбол клубымен 5 айға келісімшартқа отырған еді.

Ол бірінші ақпан күні алғашқы дебюттік ойынын өткізді. Ойынға тек 71-минутта араласты. Ахмет Верменнің орнына шыққан Бауыржан Исламхан ойын алаңында емін-еркін көсілді. Бауыржанның араласуымен ойынның  ең бір шиеленіскен сәттерінде комментатордың «Ислам, Ислам, Ислам» деген жанайқайы көрерменді еріксіз елеңдетіп қойды. Бауыржанның допты алып жүрген әр қозғалысынан үміті зор жанкүйерлерге қосылып, комментатор кей кезде «Ислам, Ислам, Хан, Хан, Ислам Хан» деп жанұшыра сөйлегенде өзіңнің де делебең қозып, ойынға беріліп кетесің. «Аль-Васлға» қарсы осы ойында «Аль-Айн» 5:0 есебімен жеңіс туын желбіретті. Бұл ойында Бауыржан нәтижелі паспен көзге түсті. Одан кейінгі екінші ойында алаңға 46-минутта шығып, қауіпті шабуылмен көзге ілікті. Жанкүйерлер арасында оның ойын мәнерін Месут Өзилге ұқсататындар да бар. Қай ойында болмасын жергілікті жанкүйерлер жаңа футболшыны жақсы қарсы алғанға ұқсайды. Клуб басшылығы мен жанкүйерлердің жылы шырайлы қабылдауына Бауыржан ризашылығын білдірді де.

- Ең алдымен, мені жақсы қабылдағаны үшін «Әл-Айн» футбол клубына көп рахмет айтамын. Сіздердің алғашқы күннен бергі қолдауларыңыздың арқасында, өзімді үйде жүргендей сезіндім. Үміттеріңді ақтауға бар күшімді саламын. Алда бізді көптеген маңызды ойын күтіп тұр. Сіздерді футбол алаңындағы өнеріммен қуантамын деп үміттенемін. Клубтың амбициясы қаншалықты жоғары екенін білемін. Алға қойған мақсаттарымызға бірге қол жеткізіп, «Аль-Айнді» одан әрі даңққа бөлейтін боламыз, - деп жазды Исламхан инстаграм желісіндегі парақшада.

Ал 11 ақпан күні Исламхан  «Әл-Айн» командасының сапында Азия Чемпиондар лигасындағы алғашқы матчын өткізді. Топтық кезеңнің бірінші ойынында  «Әл-Айн» Иранның «Сепахан» командасын қабылдаған болатын. Бауыржан ойынның алғашқы минутынан бастап соңына дейін алаңда өнер көрсетті. Кездесу 4:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Жерлесіміз ойнайтын Араб футбол клубы жеңілісе де, Бауыржанның ойыны жайлы ауыз толтырып айтуға болатындай. Өзгеше ойын стилі мен шешім қабылдаудағы шеберлігі кісі сүйсінерлік футболшымыз бірнеше мәрте сәтті пас шығарып бергенімен әріптетері қарсыластың қақпасынан саңылау таба алмады. Сырттай қарағанда Бауыржанның өзіне де сәттілік жетіспей жүргендей көрінеді. Бірақ, одан қазақтар да, арабтар да зор үміт күтеді.  

Бұған дейін де футболшымыз Алматының «Қайратында» жүргенде я болмаса Ұлттық құрама кездесулерінде алаңға шықса ерекше ойынымен елітіп әкететін. Сондықтан да болар көпшілік оның ойынын ұнатады. Әркез қолдау білдіреді. Өйткені, ол ел намысы сынға түскен әр ойында демікпей, бар шеберлігін салып ойнайтын бірден бір футболшымыз. Сондықтан кәсіби мансабына сәтті жалғасса екен дейміз. Жортқанда жолың болсын, Бауыржан!

Мына видеодан араб комментаторының Бауыржан Исламханды "Ислам, Ислам..." деп жанұшыра қолдаған сәтін тамашалай аласыз.