Спорт • 13 Ақпан, 2020

Ауыр атлетика: Ташкенттен үш жүлдемен оралдық

644 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте ауыр атлетикадан өткен лицензиялық турнирде Қазақстанның ұлттық құрама командасы үш жүлдеге қол жеткізді.

Ауыр атлетика: Ташкенттен үш жүлдемен оралдық

Жарыс жолына шыққан Игорь Сон (61 кило) мен Илья Ильин (102 кило) қарсылас шақ келтірмей алтын тұғырға көтерілсе, Ибрагим Берсанов (109 кило) күміс медальді мойнына ілді. Жерлестеріміздің арасынан осы додада Раушан Мешітханованың (87 кило) ғана жолы болмады. Ол бесінші сатыға жайғасты.

Иә, бір қарағанда табысымыз толағай. Себебі, лицензиялық турнирге аттанған төрт зілтеміршіміздің үшеуі елге олжалы оралды. Ташкент төрінде әнұранымыз екі мәрте шырқалды. Бірақ жалпы алғанда біздің спортшылардың жекелеген жаттығулар мен қоссайыстағы нәтижелері көңіл көншітпейтінін айта кетуге тиіспіз.

Мәселен, Игорь Сон 286 (130+156) кило салмақты еңсерді. Былтыр Паттаяда әлем чемпионы атанған Фабин Ли 318 (145+173) килолық зілтемірді көтерген. Сол жарыста Сон сегізінші орынға тұрақтайтын еді.

Илья Ильиннің көрсеткіші – 355 (160+195). Сыр бойы саңлағы дәп осы нәтижемен дүниежүзілік додада 15 орынды қанағат тұтатын еді. Ал Ильиннің салмағында бас жүлдені олжалаған Беларусьтің беткеұстары Евгений Тихонцов Патаяда 398 (180 + 218) килоны аспанға атты.

Байыптап қарсаңыздар, айырмашылық жер мен көктей. Міне, осы жайттан-ақ Қазақстанның ауыр атлеттері әлі бабында емес екенін айқын аңғаруға болады.