Кино • 13 Ақпан, 2020

«Қазақфильм» режиссер Бану Рамазанованың «Кедергілерді жеңу» деректі фильмін таныстырды

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Ермек Тұрсыновтың киноклубында режиссер Бану Рамазанованың «Кедергілерді жеңу» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақфильм» режиссер Бану Рамазанованың «Кедергілерді жеңу» деректі фильмін таныстырды

Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Ата-баба мұрасы» циклі бойынша түсірген деректі фильмде Кеңес Одағындағы ат спортының аңызына айналған, 1952 жылы Жамбыл облысының қазіргі Т.Рысқұлов ауданында орналасқан Луговое фермасында дүниеге келген Ақалтеке айғыры – Абсент туралы және бүгінгі Қазақстандағы ат спортының мүмкіндіктері баяндалады.

Картинаның басты кейіпкері, атақты спортшы Александр Тишков 35 жылдан астам ат спортымен айналысады. Белгілі бір жағдайларға байланысты, ол Абсентпен қоштасуға мәжбүр болады. Бірақ, ол, ештеңеге қарамастан өз ісінен бас тартпай адал болып қалды. Былтырғы жылдың қыркүйек айында Александр Тишков Дос Фантом деген тұлпарды жарысқа баптап, болашаққа үлкен жоспарлар құруда.

- Ерте заманнан бері қазақтар шабандоз болған. Халқымыз әрдайым жылқыны қастерлеген. Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасында да шаңырақтың екі жағында екі пырақтың тұруы кездейсоқ емес. Абсенттің жетістігін қайталау, әрине, оңай емес, бірақ өзіңізге дұрыс мақсат қойсаңыз, кез-келген биіктерге жетуге болады. Түсірілім басында фильмнің кейіпкерлерінің бірі Нұрила Тұрысбекова ат спортының халықаралық шебері болғысы келетінін мәлімдеді. Оның тілегі мен табандылығы бұл арманын фильмдегі жұмысымыз аяқталғанша жүзеге асыруға мүмкіндік берді, - деді фильмнің режиссері Бану Рамазанова.

Деректі фильмнің түсірілімі былтыр жаздың ортасында Алматы облысында, «Дегерес» ауылының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған ат жарысы кезінде басталды. Сонымен қатар, түсірілім Оңтүстік Қазақстанның Тараз және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ташкентте (Өзбекстан) және «Свердлов облысы губернаторының кубогы» үшін өткен Бүкілресейлік жарыстар мен халықаралық және муниципалды ат жарыстары өткен Екатеринбург қаласында (Ресей) жалғасты.

Тұсаукесерге фильмнің режиссері және сценарисі Бану Рамазанова мен түсірілім тобы, басты кейіпкерлері – спорт шеберіне кандидат Чингиз Маликаждар, халықаралық спорт шеберлері Александр Тишков пен Нұрила Тұрысбекова, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясы әкімшілігінің өкілдері қатысты.

Cценарий авторы: Бану Рамазанова, Диас Кұлмақов

Қоюшы-режиссері: Бану Рамазанова

Қоюшы-операторы: Қуаныш Құрманбаев

Композиторы: Әлім Заиров

Дыбыс режиссері: Илья Гариев

Редакторы: Әсия Байғожина

Картинаның директоры: Айнұр Ахметжанова

Көркемдік жетекшісі: Әсет Ерназаров