Аймақтар • 13 Ақпан, 2020

Алматы облысы: Қаратал ауданының кітапханасы көшіп-қонып жүр

920 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаратал аудандық кітапханасы 1934 жылы құрылған екен. Руханият шаңырағының қорында 50 мыңнан астам кітап бар. Өкінішке қарай, кітапхананың жеке ғимараты жоқ. Қазір ауданның библиографтары Үштөбе қаласындағы А.Пушкин атындағы орта мектептің бір бөлмесінде сығылысып отыр.

Алматы облысы: Қаратал ауданының кітапханасы көшіп-қонып жүр

- Аудандық кітапхананың қорында 50 мың кітап бар. 10 қызметкер жұмыс істейді. Бұған дейін бірнеше ғимаратқа көшіп, қонып жүрдік. Қазір мектептің бір бөлмесінде отырмыз. 280 шаршы метр аумақта әрі кітап сақтап, әрі оқырманға қызмет көрсетіп келеміз. Мәдени көпшілік шаралар  өткізу кезінде қиналамыз. Кітапхана қызметінің шарты бойынша өзіміздің сирек қорымыз, газет-журналдар сақтайтын қоймамыз болуы тиіс еді. Ол арнайы ғимаратта, қалыпты ауа жүйесінде сақталуы керек. Өкінішке қарай, мұның бірі де жоқ. Жағдайдан аудан басщылығы, облыстың мәдениет басқармасы хабардар. Жыл сайын кітапхана үшін ғимарат салу немесе сатып алу туралы мәселе көтеріледі, әзірге шешімін табар емес, - дейді Қаратал аудандық орталық кітапхана меңгерушісі Гүлшат Сембекова.

Айтпақшы, аудандық кітапхана өңірдің тарихына қатысты деректерді жинақтаумен айналысып отырған және тұрғындардың рухани жаңғыруына үлес қосып жүрген жалғыз мәдени мекеме екен. Өйткені, бұл өңірде өлкетану музейі жоқ. Біз хабарласқан ауданның белсенді жастары тарихы тереңнен тартатын ауданда орталық музейдің мүлдем болмағанын айтады.

Жалпы, Алматы облысының Қаратал ауданы 1924 жылы құрылған екен. Қазір аумақты 45 мыңға жуық тұрғын мекендейді. Өскен өлкеден Ескелді, Балпық, Айту сияқты қара қылды қақ жарған билер мен Қарымбай, Жолбарыс батырлар, Қабан жырау, Жәлменде болыс пен Пышан ақын сынды тарихи тұлғалар шыққан.