Руханият • 13 Ақпан, 2020

«Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты кітап түрік тіліне аударылды

896 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Кечиөрен муниципалитеті және Еуразия жазушылар одағы ұйымдастыруымен Мырзатай Жолдасбековтың «Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты кітабының түрікше аудармасының тұсаукесері өтті.

«Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты кітап түрік тіліне аударылды

Жамбыл Жабаев туралы кітапты Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Кечиөрен муниципалитеті және Еуразия жазушылар одағы түрікшеге аударған еді.

Жыр дүлдүлі Жамбыл еске алынған алқалы кешке Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитеті басшысы Тургут Алтынок, Еуразия жазушылар одағы төрағасы Якуб Өмероғлу, Түрксой Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, ЭкоЕуразия қауымдастығы төрағасы Хикмет Ерен, депутаттар, дипломатиялық миссия өкілдері, қазақстандық жастар мен жергілікті халық қатысты.

Кештің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Кечиөрен муниципалитеті басшысы Т.Алтынок тарихымыздың терең қойнауынан бастау алған бауырластығымыз барлық салаларда дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, тәуелсіздік жылдарынан бастап Елбасы Н.Назарбаевтың түбі бір түркі халықтарының ынтымақтастығына қосқан үлесін атап өтті. Жамбыл Жабаевтың қазақ халқының мәдениеті мен руханиятының айрылмас бөлшегі екендігін баса айтқан Т.Алтынок екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.

Жыр алыбы туралы кітаптың түрікше аудармасының үйлестірушісі  Я. Өмероғлу Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерттеуге мол үлес қосқан профессор Мырзатай Жолдасбеков шығармаларының тереңдігіне тоқтала отырып, қазақ әдебиеті туралы ой өрбітті. Атаулы еңбек арқылы түрік оқырмандарының қазақ халқын жаңа қырынан танитындығына назар аударған Жазушылар одағы төрағасы кітаптың жарыққа шығуына үлес қосқан баршаға алғысын білдірді.

Кеш барысында Анкара Хаджы Байрам Уәли университетінің оқытушысы Джемиле Кынаджы және аудармашы Уфук Тузман қазақ әдебиеті, түркітілдес халықтар мәдениетінің ұқсастықтары және әдеби шығармаларды аудару жұмыстары туралы талдамалық баяндама жасады.

Сондай-ақ салтанатты шара соңында жүзге жеткенше жүрегінен жыр саулаған ұлтымыздың ұлы жырауы Жамбыл Жабаевтың жырлары «Отау» түркі әлемінің ән мен би қоғамдастығы күйшісінің орындауымен кешті әсем әуенмен тербелетті.