Әлбетте, мол түскен қардың жерге берер пайдасы шаш-етектен. Десе де, келтірер зияны да орасан зор. Ерте көктемде күн күрт жылынып, осы қар қауырт ерісе, соңғы жылдары қарғын судан жапа шегіп келе жатқан өңірлердің бірі – Қарағанды облысына оңай болмайын деп тұр.
Осыны ескерген жергілікті атқарушы билік биыл көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстарын жан-жақты жүргізе бастады. Ең алдымен су тасқыны кезеңінде елді мекендер үшін қауіп төндіруі мүмкін 50-ге тарта гидротехникалық құрылыс нысаны анықталды. Жоғары дайындық режімін енгізгенде бұл жерлерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Сонымен қатар өңірде гидротехникалық құрылыстарға баратын жолдар қардан тазартылды. Әр нысанға кәсіпорын қызметкерлері жауапты тұлға ретінде бекітілген.
Облыста Бұқар жырау ауданының Чкалов ауылы су басу қаупі жоғары аймақтар қатарына кіреді. Қазіргі таңда бұл елді мекенді облыс және ТЖД басшылығы ерекше бақылауға алған.
Облыстық ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаев биылғы қаңтар айында қар нормадан үш есе көп түскенін айтады. Осыған байланысты Нұра өзені бассейніндегі ылғал қоры 157 пайызға дейін өскен.
– Су тасқынының алдын алу және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын біз алдын ала жүргізе бастадық. Қауіпті аймақта орналасқан 140 елді мекен маңына қорғаныс үйінділері тұрғызылып, габиондар орнатылған. Былтырғы көктемде Самарқан су қоймасынан секундына 620 текше метр жылдамдықпен су аққан кезде бұл үйінділер өз тиімділігін көрсетті – еріген қар суы елді мекендерге жеткен жоқ, – деген мәлімет берді ведомство басшысы.
Бүгінде Самарқан су қоймасының су торабын бақылау күшейтіліп, мұнда су ағызу жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Ақпан айының соңына дейін тағы 14 млн текше метр су ағызылады. Бұл ретте су қоймасындағы ылғалдың ең төменгі деңгейі 154 млн текше метрден төмен болмауы тиіс.
Қазіргі таңда «Қазгидромет» мамандары су тасқыны кезеңіне нақты болжам жасау үшін зерттеулер мен өлшеулер жүргізуде.
Қарағанды облысы