Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыста ақпан айының басында түскен қардың биіктігі – 25 сантиметр. Бұл қалыпты нормадан 132%-ға көп, дейді мамандар. Әсіресе Меңдіқара, Қарабалық, Сарыкөл және Қарасу аудандарында қар қалың. Арқалық өңірі мен Әуликөл ауданында жер бетіндегі ылғал 150%-дан 277%-ға дейін жетеді.
Облыста су тасқыны қаупін ескерту және жою жөніндегі арнайы бағдарлама бар. Аталған бағдарлама аясында өткен жазда көктемде су басып қалуы ықтимал ауылдарға сырттан келетін қызыл суды өзенге қарай бұратын су арналары қазылған. Елді мекендерге жақын жағалаулар бекітіліп, өзендер тереңдетілген.
– 1 наурыздан бастап су жібергіш құрылғылар мен бөгеттерді тазарта бастаймыз. Қазірдің өзінде 130 тонна жанармай, 10 мың тонна инертті материал, құм толтырылған 42 мың қап дайындап қойдық. Бүгінге дейін елді мекендерден 570 мың текше метр қар шығардық. Қазір 349 техника, 200-ге жуық су соратын құрылғы мен қайықтар дайын тұр. Жуық арада ресейлік мамандармен кездесеміз. Екі жақтың мәліметтерін салыстырып, терең талдау жүргізбесек болмайды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Талғат Кәкімов.
Аймақ басшысы А.Мұхамбетов алдағы аптада ведомствоаралық комиссия отырысын өткізбек. Оған барлық органдар мен аудан, қала әкімдері қатысады. Алқалы жиында топан суға төтеп берудің қамы пысықталады.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ,
журналист
Қостанай