Қоғам • 14 Ақпан, 2020

2020 – Волонтер жылы

4442 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланғаны белгілі. Таяуда Президенттің қатысуымен «Birgemiz» атты республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсімі өтті. Осы саладағы жобаларды үйлестіріп, қоғамдық мониторинг жасап, оқыту, насихаттау жұмысын жүргізетін орталықтың жұмысына қатысты жұртшылық өз пікірлерін білдіріп жатыр. Солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

2020 – Волонтер жылы

«Жетім көрсең, жебей жүр...»

«Birgemiz Sabaqtastyq» жал­пы­халықтық жобасы – тәлімгерлік жөнін­дегі бағ­дарлама. Бұл жоба осы­дан 5 жыл бұрын тәлімгерлікті қолға алған «Дара» қайырымдылық қоры­­ның жұмысымен үйле­седі. Біз же­тімдер үйінде ата-анасының қамқор­лығын­сыз қалған балаларға, жас­өспі­рімдерге, қиын өмір жағ­дайын бастан кешіп жатқан балдыр­ғандарға қол ұшын созамыз. 

Жетімдер үйіне сыйлықпен бар­ған адам жақсылық жасадым деп ойласа, ол мүлде қателеседі. Біз бар болғаны аяушылық танытып, «сыйлық жасадым» деген оймен өз-өзімізді жақсы сезінеміз. Балалар сыйлыққа мұқтаж емес. Өз ауыздарынан естідім. Жетімдер үйінің бір тәрбиеленушісі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Жаңа жыл мере­кесінде тәтті кәмпит үлестірген кезде әр балдырғанға кемі 70 келіден бұйырады. Бізге сол кәмпит керек деп ойлайсыз ба? Жоқ. Бізге көңіл күйімізді сұ­райтын, жан-дүниемізде не бо­лып жатқанын тыңдағысы ке­летін адам керек», деген еді. Олар дүние-мүлікке, қызылды-жасыл­ды заттарға емес, мейірімге зәру.

Асырап алушылар көбіне-көп 10 жасқа толмаған балаларды қана­ты­ның астына алғысы келеді. Одан ересектеріне ие бола алмаймыз деп топшылауы мүмкін. Міне біз сол 10 жас­тан асқан балаларға қамқорлық танытамыз. Оларды ортаға бейімдеуге тырыса­мыз. Тәлім­гер өз жетістігін үлгі ете отырып, тәрбиеленушіге ма­ман­­дық таңдауға, қызметке орна­ласуға қатысты дұрыс жол нұсқауға тырысады.

Біз Алматы, Нұр-Сұлтан, Пав­лодар, Қарағанды, Ақтау, Орал, Семей, Шымкент, Теміртау сынды 9 қалада жұмыс жүргізіп жатырмыз. Барлығы 134 тә­лімгеріміз бар. Ашығын ай­тайын, кез келген адам тәлімгер бола алмайды. Оған тәлімгер болу­ға үміткер азаматтың арнайы пси­хологиялық портреті сәйкес келуі, психологиялық оқудан өтуі керек. Балалармен құр ой­нау­­ға, сыйлық жасауға ұмтылған адам­дар тәлімгер бола алмайды. Өмірде көр­ген-түйгені мол, ай­рықша көз­қарастағы адамдарды тәлімгер ретінде қабылдаймыз. Әр волон­тер-тәлімгер 1 баламен кемі 2 жыл жұмыс істеуі туралы шарт­қа қол қояды. 1  жыл­дан кейін тә­лім­герге бала да ба­уыр басып үл­гереді. Кейін бұл бауыр­­малдық өмір бойына ұласуы мүмкін.

Сонымен қатар бізде кор­поратив­ті тәлімгерлік деген бағыт та бар. Қазақ­стан­­дық және халықаралық ұйым­­­дар­дың қызметкерлері арқылы іс-әрекетке, кәсіпке, жұ­мыс­­қа дағды­лаймыз. Мәсе­лен, же­тім­дер үйіндегі тәр­бие­лену­шілер өмір дағдысына, ортаға бейімделуі қажет. Қарапайым мысал – жұ­мысқа қандай киім киіп бару керектігіне дейін ұғын­дырамыз. Бізге соның барлығын ата-анамыз үйретті. Үйретпесе, бақылай жү­ріп тү­сіндік. Ал жетімдер үйіндегі бала­лар­дың ата-аналары мүлде жоқ не­месе нашақорлыққа, ішім­дік­ке салынып кеткен. Түр­ме­де отырғандары да бар. Сон­дық­тан ондай балаларды өмірге бейімдеу – ауадай қажет дүние.

Алдағы жоспарымыз – бү­гінгі жет­кен жетістігімізді ла­йық­ты жал­ғас­тыру. Сондай-ақ Атырау, Шым­кент қалаларын­да тәлімгерлерді дайын­дауды, беделді, атақты азаматтар арасы­нан тәлімгерлер іздеуді көз­деп отырмыз.

Айнұр АЙМУРЗИНА,

«Birgemiz Sabaqtastyq» жалпыхалықтық жобасының амбассадоры, «Дара» жобалар мен бағдарламалар қайырымдылық қорының директоры

Волонтерлердің беделі артады

Волонтерлердің респуб­ли­калық фронт-офисінің ашылуына арналған жиынға қатысқан волонтерлер бірнеше бағыт бойынша нақты мәселеге көз жеткізіп, өз істерін алаңсыз жал­ғастыруға және жұмыстарын ынталандыруға қатысты ма­ңызды сұрақтардың жауабын тапты деп ойламын.

Өзім екі нәрсені анық бай­қадым. Біріншіден, Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлердің атқарған жұмысының заңды негізі жасалатынын айтты. Ендігі жерде жастардың волонтерлікке арнаған жылдары еңбек өтілі ретінде есепке алынатын болды. Бұл – біз үшін көптен күт­кен жағымды жаңалық болды. Енді волонтерлердің қатарына сұранушылардың легі көбейеді деп ойлаймын енді. Сондай-ақ олардың еңбегіне қарай көтермелеу ақысымен, стипендиямен ынталандыру шешілмек. Бұл да волонтерліктің беделін көтеріп, олардың қызметіне деген құрметті арттырмақ. Екіншіден, еліміздің барлық аймағынан келген замандастарымызбен танысып, пікір алмасудың оңтайлы сәті болды. Ұсыныстарымызды ортаға салдық, тәжірибемізбен бөлістік. Достастық, ақылдастық. Бұл болашақта еріктілердің тұтас ел бойынша жұмыла еңбек етуіне оң әсер етеді. Волонтерлердің республикалық штабы аясында фронт-офис ашылды. Осындай орталықтар облыстарда да жұмыс істейтін болады.

Жетісулық волонтерлер үшін жастарға жүктелген міндет­тер қалыпты шаруа десем, қате­лес­песпін, өңір жастары білек сыбанып жұмыс істеуді дәстүр­ге айналдырған. Біз табиғат­ты аялауға, ардагерлер мен қарт­тарға көмек көрсетуде үнемі бастама­шы болып жүрміз, тәртіп сақшыларына көмекші болып, қоғамдық бақылауға да үлес қосып отырмыз. Биыл ауыл жас­тарының білімін арттыруға, оның ішінде ағылшын тілін оқытуға өз күшімізді жұмсауға кірісеміз. Бұған облыстағы 17 аудан мен 3 қалада барлық жағдай жасалған.

 

Ержан ДӘУЛЕТБАЕВ,

волонтер

Алматы облысы

Талапты жастарға берілген мүмкіндік

Волонтер фронт-офисі­нің ашылғанына ерекше қуа­нып отырмын. Бұл шараға өзім де қатыстым. Биылғы жыл еліміздегі волонтерлер үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Қазір республика бойынша көптеген тың жобалар қолға алынып жатыр. 2017 жылы біздің универ­ситетте волонтерлік корпус ашыл­ған. Біздің волонтерлік корпус бір­неше бағытта жұмыс істейді. Тұр­ғындарға әлеу­меттік көмек көр­сетеміз. Бұдан бөлек волонтер ретін­де рес­публикалық сайыстарға да қа­ты­самыз. Мамандығымыз дәрігер болғаннан кейін қала­дағы меди­ци­налық мекеме­лер­де ауыр науқастарды емдейтін дәрігерлерге жәрдемдесеміз. Олардың жұмысын жеңілдету­ге атсалысамыз. Биыл Ресей­дің волонтер­лерімен бірлесе жұмыс істемек ойымыз бар. Меди­­циналық мекемелерге көмек­тесуді жалғастыра­мыз. Балалар үйі мен Қарттар үйіне де дәстүрлі түрде барып концерт қоямыз. Өзім кеше Нұр-Сұлтандағы фронт-кеңсесінің ашы­луына орай ұйым­дас­тырыл­ған сек­цияда сөз сөйлеп, волонтерлердің ауыр науқастарға көмектесуі жө­нінде ойым­ды ортаға салдым. Осы жиын­­да жақсы идеялар айтылды. Ден­саулық сақтау вице-министрі медицина бағытын­­да­ғы во­лон­терлерге қол­дау білдірет­і­нін жет­кіз­ді. Бір сөз­бен айтқанда, 2020 жыл та­­лапт­ы жас­тардың қоғамдық істерге бел­­­сене араласуына зор мүмкіндік бере­тіні анық.

 

Гүлфайруз ТУКИНОВА,

Семей медицина университетінің 5-курс студенті, университет жанындағы «QazMedVolunteers» корпусының төрайымы